ӘДЕП ПЕН ӘДЕТ
«Жүре берсең, көре бересің» деген сөзді көшеге шыққанда айтсақ та болатындай. Қанша адам болса, соншама ой-ауан болатынындай, далада да неше түрлі адамды көреміз. Қалдықтарды қоқыс жәшігіне, не арнайы орындарға тастау, түкірмеу, қоғамдық орындарды ластамау, үлкеннің жолын кеспеу, жалпы тазалық пен әдептілікті сақтау жайлы қарапайым дүниелерге қанықпыз. Бірақ біз сол білгенімізді қаншалықты орындап жүрміз?
«Ғақлия көзбен қарасаң, Дүние – ғажап, сен – есік. Жаһлы көзбен қарасаң, Дүние – қоқыс, сен – меншік» деген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың осы бір сөзіне үңілсек. Расында да, біз өзіміз қалаған ортада өмір сүріп жатырмыз. Дамыған өркениет, заманауи технология, жасыл желекті жеріміз, мөлдір бұлақты көліміз бар. Тек осы бір сұлу дүниені өзіміз ластап жатамыз. Қазір көше бойындағы темекінің тұқылынан, түрлі қауашақтар мен қағаздардан, былшылдаған ақ көбіктен, тіпті кішкентай сәбилердің жөргектерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл не сұмдық? Басқасын айтпағанда қазақ сәбидің тырнағы мен бір тал шашын далаға тастамаған. Нәрестесін шомылдырған суын аяқ баспас жерге төккен. Киімін қоқысқа қоспаған. Ендеше, олардың жөргегін неге көшеге тастаймыз. Ал, сол қоқыстарды жинауды мемлекеттік қызметкерлерге арта салу дұрыс па? Біз бұл әрекетпен халықты жауапсыздыққа үйретіп жатқан сыңайлымыз. Тек шашылған дүниені жинайтын адамдар табылар деген қараңғы ойдың шырмауында қалып қоймасақ жарар еді.
Баршамыз өз бойымыздағы әдепті дамытуға тиіспіз. Өйтпесек адамдардың ілтипатынан оп-оңай айырылып қалуымыз мүмкін екендігін де ескерейік. Әрбір көшенің тазалығына сол көшенің тұрғындары жауапты болса тазару мен жаңаруға қол жеткізер ма едік.Қазақта «отынды әкелген адамға жаққыз» деген сөз бар. Сол секілді әр жерді сонда мекен ететін адамдарға тазалауды тапсырсақ қоқыс тастайтын жаман әдеттен арылатын шығармыз.
Түйін. Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп өрнектеуге еңбек етеді, – дейді Баубек Бұлқышев атамыз. Ендеше, осы өмірімізді жарқын түстерге бояп, қоқыссыз таза әлемді құрайық. Осы бастаманы өзгелерге өнеге қылайық! «Алдымен өзіңді өзің үйрет, сонда ғана басқалардан үйрене аласың» деген ғажап сөзді үлгі қылып, әр нәрсені өзімізден бастауға тырысайық, ағайын! Жаман әдеттен аулақ, әдепті іске үйір болайық.