Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СІЗ МӘДЕНИЕТТІСІЗ БЕ?

СІЗ МӘДЕНИЕТТІСІЗ БЕ?

Біз қаншалықты мәдениеттіміз? Техникасы мен мәдениеті қатар дамыған мына заманда қала мен дала баласының айырмашылығы болмай қалды. Олай дейтініміз, қаланың талдырмашы да, қырда қой бағып жүрген ауыл баласы да алақанындағысын ашып әлемді аралап, ғаламды шарлап отыр. Екеуінің тіркелген желісі бір болса да, үйдегі тәрбие мен жүрген ортасына қарай олардың қарайтын дүниелері де әртүрлі болмақ. Осы тұста айтпағымыз, ақыры сол интернетті пайдаланып жатырмыз, неге оның өзімізге жұмыс жасауын қарастырмасқа?!
Зейін салған адамға интернетте пайдалы дүниелер жетерлік. Адам рухын көтеретін бабалардың қанатты сөздері, күнделікті ата-анамен қарым-қатынас, үлкендерге құрмет, қоқыс, темекінің тұқылын арнайы белгіленген жерге тастау жайында түсірілген бейнероликтердің санынан көз сүрінеді. Осылардың тым болмаса біреуін сабақ етіп қабылдап, ондағы бір көрініс не болмаса бір сөзді көңілге түйіп, соған орай амал жасаудың өзі адамды жақсылыққа тәрбиелеп, жат қылықтардан арылуға сеп болады емес пе?! Ол аз десеңіз, ҚМДБ имамдарының түрлі салада айтқан уағыздары да жетіп артылады. Адам бойындағы этикетті қалыптастыруға осылардың көмегі көп. Өйткені, адам жүрегі бейне бір «ұлпа» секілді. Сен ұлпаны сүтке салып сықсаң одан сүт, ал, лайға батырып сықсаң ол сол лайды шығаратыны белгілі. Жүрек те бойына нені қабылдаса соны кері шығарады. Қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен ұрлықтың көбейіп, адамдардың мәдениеттіліктен алыс¬тап бара жатқанын көріп, көпшілік жүрекке жағымсыз ақпараттарды жиі қарай ма деп ойлайсың. Өзіміз тұрып жатқан ауданымыздың өзінде арсыздық атаулының сан түрін кездестіресіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын құмар ойынына беріліп отбасын ойрандап, өз-өзіне қол жұмсаған бейбақтың оқиғасын ел ұмытпаған шығар. Мал ұрлығының саны артып, ұрылардың тоқмейілсігені сонша малын даулап келген жәбірленушінің үстінен «менің арымды таптады» деген желеумен кері арыз жазып өзін соттатып жіберу фактілері де тіркелген. Ал, кей адамдардың көшедегі мәдениетсіздігі мен кенттегі түрлі келеңсіздіктер, адамдардың қолындағы қоқысты көрінген жерге тастай салғанын көргенде, аудан халқының мәдениеттілік деңгейін бірден аңғарасың. Иә, келешегіміз кемел болсын десек, өз мәдениетімізді өзіміз көтеруге әрқайсысымыз тікелей атсалысуымыз қажет. Елдің қандай болмағы, оның дамуы мен алға қарай жылжуы халықтың мәдениеттілігіне де тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.
P.S.: Адам тонау, кісі ақысын жеп, аманатқа қиянат жасау, зина мен құмар ойынының өршіп, дүниеге келген қыз баланы тірідей көму, ойдан құдай жасап алу, міне бұл азғындаған Араб әлемінің ислам діні келгенге дейінгі жағдайы. Мәдениет деген ұғымның адам санасынан ада болған тұсы да осы болатын. Надандықтың шегіне жеткен қауымды әлемге рақым нұры болып келген пайғамбарымыз (с.ғ.с) қараңғылықтан жарыққа шығармап па еді? Сол сәулемен бабаларымыз да тектілігін сақтап қалған болатын. Білкім бабадан мұра болып, дәстүрімізбен тығыз байланысып кеткен асыл дінімізді әлде де бойымызға сіңіруіміз қажет шығар. Мүмкін, сонда ғана мәдениетіміз түзеліп, ісімізден шынайылық көрінер.
27 қараша 2022 ж. 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031