Жұрттың баласы Ыбырай, біздің бала...
Қазақтың қалыбын қақыратып тұрған бір қасиет бар. Ол – өз баласын «жұрттың баласымен» салыстыру. Иә, қанға сіңген қасиет дейміз бе әлде туа бітті қалыптасқан мінез бе, бәлкім ата-ананың баланы тәрбиелеудегі тың тәсілі ме, қайдам?! Әйтеуір, қай үйге кірсеңіз де бармақтай баласына «жұрттың баласын «мысал етіп айтып отырғанын байқаймыз. Ата-аналар үшін жұрттың баласы – әлемдегі мінсіз адам. Олар – тәртіпті, тілалғыш, жұмысқа бейім, оқуда озат. Әйтеуір не керек, адам баласына тән бар асыл қасиетті сол «жұрттың баласы» жиып алған бойына. Ал өз басымызға мұндай мінездің біреуі де татымаған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «жұрттың баласы» Ыбырай, біздің бала сұмырай. Олай болса «жұрттың баласы» яки бала тәрбиесі таразылайтын тақырыбымыздың тұздығы болмақ.
Бес саусақ бірдей емес. Сол секілді балалардың жаратылысы да әртүрлі. Тіпті бір құрсақтан шыққан сәбилердің де бір-біріне ұқсамауы – қалыпты жағдай. Яғни бүлдіршіндердің барлығы бірдей не дарынды, не білгіш болып тумайды. Ата-ана осыны ескеріп, шақалақ шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бала тәрбиесіне көңіл бөлуі қажет. Егер тәлім-тәрбие тіні жақсы болса, сіздің балаңыз да «жұрттың баласынан» кем түспейді. «Баланы оқытуды жек көрмедім, баламды медресеге біл деп бердім» деп хәкім Абай айтпақшы, баланың болашағы жарқын болуы үшін оқу білім мен тәлім-тәрбиеге ден қою керек.
Баланың болашағы балалық шағына байланысты
Психологтардың пайымдауынша, балалық шақ қаншалықты тәтті өтсе, болашақ бұлыңғыр болмайды. Пенсильвания мен Дьюк университетінің зерттеушілері бөбектерді қоғамға қызмет ету керек деп үйреткенді жөн санайды екен. Бұл жөнінде олар зерттеу жасап та үлгеріпті. Зерттеу барысында 700-ден астам бала қатысқан көрінеді. Олардың ішінде қоғамға қарап өскен балалардың жиырма жылдан кейін парасатты азаматқа айналғанын анықтаған. Сондай-ақ өз ортасымен өскен балалардың есейгенде әр адамның халін түсініп, оған көмектесуге, барлық мәселені өз еркімен еркін шеше алатынын, оқуын жақсы аяқтап, диплом алып, тұрақты жұмысқа орналасатын адамға айналғанын дәлелдеген. Ал бала шағында өзгелермен жөнді қарым-қатынас орната алмаған балалар өскен соң жазым басып, қылмыстық жазаға кесілген екен. Тіпті жұмыс орнынан айырылып, отбасы ойрандалғандары да болыпты. Осындай ауқымды тәжірибеден кейін зерттеушілер «Әр ата-ана баласы аяғынан тұрып кеткенше, оған қоғамды ұғынуды, қоршаған ортада әртүрлі жағдай орын алатынын, әлемде түрлі адамдар кездесетінін айтып, ақыл беріп отырғаны дұрыс. Өз бетімен кеткен балалардың көпшілігі ситуациялық жағдайдан шыға алмайтындығы содан. Оның арманына қанат бітіріп, мақсатына сенім ұялата білген ата-ана баласының болашақта қандай тұлға болатынын біле алады» дейді. Демек ата-ана бұғанасы бекімеген баланы өмірдің ащы-тұщысымен таныстырудан шаршамау керек. Шыны керек, кей сәттері «Анау не, мынау не?» деп тәптіштеп сауал қойған баланы «тәйт» деп тыйып тастаймыз. Сосын бала ержетсе, «Дым білмейсің» деп тағы жекиміз. Тал бесіктен берілген тәрбие баланың болашағы үшін маңызды. Қисық өскен бала ешқашан қыр асып қарық қылмайды. Ал оның қисық өспеуіне отбасы жылулығы, ата-ана мейрімі тікелей әсер етеді.

Мен саған сенемін, балам
Сенім – жетістіктің кілті. Баланың ертеңі жарқын болуға әсер ететін бірден-бір тәрбие құралы да осы сенім. Яғни әр ата-ана үйдегі баласына сенім арта білсе, ол есейе келе биік белесті бағындырып, асу алады. Өйткені, дүниеге келген әр балаға ата-ананың сенімі ауадай қажет. Ата-ана баланы өмірге әкеліп қана қоймай, оның қанатын қомдап, биікке самғауға күш беретін жан. Сәби ең бірінші тәй-тәйлап қадам басарда да, тілі былдырлап шыққанда да, алғаш мектеп табалдырығын аттағанда да әке-шешесіне сенім артады, олардан қолдау күтеді. Егер ата-анасы баласының арқасынан қағып, «Сенің қолыңнан келеді. Менің балам ақылды» деп пәрменді ой, дәрменді сөз айтса, кез келген сәби «жұрттың баласынан» артық болмаса, кем болмайды. Бұл жөнінде зерттеуші-профессор Нил Хэлфон «Ер жеткенде университетке түсесің, керемет маман иесі боласың деп қолпаштаған ата-аналар балаларын қиындықсыз тәрбиелеп отыр» деп пікір білдірген. Сол себепті ата-ана баланы ертеден қандай салаға бейім екенін, неге қызығатынын біліп, сол бағытта жұмыс істегені абзал. Сабаққа бей-жай қарайтын баланы «оқы» деп таяқтың астына алудың немесе төбесінде тұрып төпелеудің қажеті жоқ. Бәлки ол музыкалық аспаптарды ойнауға бейім шығар? Ал білімге құмар балаға керісінше, «міндетті түрде аспап тартып үйрен» деу – үлкен ауыртпалық. Қайта баланы өзі сүйетін саласына баулып, өз ісінің шебері етіп шығаруға тер төгу керек. Психолог Ләззат Төлешова ата-ананың міндеті баланың қызығушылығына қарай жағдай жасау керек екенін айтады.
– Жасыратыны жоқ, әр екінші отбасы балалаларын «жұрттың баласымен» салыстырады. Ата-ана осылай баланың мінсіз портретін ойдан құрастырады да, өз сәбиін сол портреттің ішіне сыйғызуға тырысады. Я болмаса «Мен бала кезде осы оқуға түсе алмадым, биге бара алмадым» деген оймен өз баласын сондай үйірмелерге жібереді. Бірақ сәбиі оны ұната ма, ұнатпай ма шаруасы болмайды. Кейін бала сол салада жетістікке жетпесе, тағы да «жұрттың баласы» деп айқайға салады. Негізі Алла Тағала әр балаға ерекше дарын береді. Ал ата-ананың міндеті сол дарынды әрмен қарай дамытып, баланың қабілетіне қарай жұмыс істеу. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәмсіл бар емес пе? Демек әке-шеш баланың қарым-қабілетіне сеніп, қолдау білдіру қажет, – дейді психолог.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынаста болып отыр. Тіпті психологтар да балалармен ересек адамдарша тіл табысуды насихаттауда. Яғни олармен саналы түрде әңгімелесіп, ақылдасу қажет. Ертеңі көмескі тартпау үшін баланың арманы мен мақсатына қол сілтей қарамау керек. Өйткені, әр бала – дарын иесі.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА