ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК – ЕРТЕҢГІ ҮЛКЕН КҮДІК
Бұрынғы қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамында қызға деген құрмет жоғары болған. Қызын жат пиғыл мен тіл-көзден сақтау мақсатында бұрымына шолпы, тақиясына үкі тағып, бүрмелі көйлек кигізген. Халқымыз қыздың өлшемін – ұлттың өлшемімен өлшегендіктен отбасында қыз бала дүниеге келсе, «қазаншы» келді деп, жақын-жуығынан сүйінші сұраған. Қызға жұмсақ қараумен қатар қаталдық та танытқан. «Қыздың өзі үйде болғанымен, қылығы түзде» деп болашағына бей-жай қарамаған. Ал қазіргі қазақ қоғамында қыз баланың құндылығы жойылып, қылығы кетіп бара жатыр. «Ұят боладыны» үйдегі ата-ана айтпай ма, әлде жас буын дегенінен қайтпа ма, белгісіз. Әйтеуір бүгінгілер ерте жетіліп бара жатыр. Жетілгені былай тұрсын, ойнап жүріп от басып, оң босағада отырып жүкті болғаны қаншама...
Бүгінде «Махаббат, қызық мол жылдардың» авторы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «пәк болу үшін сақ болыңдар...» деген сөзін бүгінде ескеріп жатқандардың қатары аз секілді. Себебі қазір ерте кезден етегі түріліп, қылығынан айырылып жатқандар көбейді. Ерте жүктілік – қыз арына түскен қара дақ. Жігітке жараспайтын жат қылық. Бұрынырақта қазақ қоғамында оң босағада отырып жүкті болу деген – ұятты іс болып саналатын. Ал қазір арды жоғары қоятын қыздарымыз жоқ жерден қылық шығарып, жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін татып жүр. Зәрі зарға айналып, зар илеп жүргендері қаншама. Махаббаттың буына мас болып, жігіттер жастайынан түрмеге тоғытылып, қыздар опық жеп жатыр. Аяғының ауырлағанын білгеннен соң қыздардың психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Тығырыққа тірелген бойжеткен «Тағдырыма жазылғаны осы» деп амалдың жоғынан түсік жасатуға мәжбүр болады. Немесе бала босанып, көкек анаға айналады...
Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кеткендер туралы хабарлардың жиілеуі де жас ұрпақ пен аға буынның арасындағы бауырмалдылыққа, мейірімге негізделген қатынастың салқындап бара жатқанын білдіреді. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға сағат бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма?!
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСІН
Өткен жылы ресми түрде 7000 мектеп қабырғасында оқитын қыздардың жүкті болу оқиғасы тіркелсе, соның 3500-і жасанды түсікке жүгінген. Мұның сыртында «ұятты» алғашқы орынға қойып, елден жасырып қалуға ұмтылатындары қаншама. Ал осы жылдың басынан бері 346 қыз аборт жасатса, оның 10-ы әлі 14 жасқа жетпеген.
14 жасқа дейін түсік жасатқан қыздардың үшеуі Қарағанды облысында, екеуі Ақтөбе облысында, қалғандары Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тұрады. Ал 15-18 жас аралығында абортқа жүгінген жасөспірімдердің 56 оқиғасы Түркістан облысына тиесілі екен. Алматы мен Қарағанды облысында тиісінше 33 оқиға тіркелген.
Ал Шиелі ауданында 2022 жылы камелетке толмаған қыздар –1632-ні құраса, оның ішінде 7 қыз жүктілігі бойынша есепке тіркелген. Яғни жыл басынан бергі 3 айдағы көрсеткіш осы. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда (2021ж 3 айда 4жүкті тіркелсе) 2 есе көбейіп отыр. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болған қыздар саны 16-17 жас аралығын құрап отыр.
МАМАНДАР НЕ АЙТАДЫ?
Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жасқа дейінгі болатын жүктілікті атайды. Дәрігерлер бұл мезгілде қыздарда «өтпелі жас» кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу процесі жүретінін айтады.
– Қыз баласы етеккір келген кезінде анасымен гармониялық қарым-қатынаста болмаса, әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Оның ең ауыры жүктілікке дейін жетіп жатады. Ғаламтордан көрген, оқыған түрлі видеолар мен ақпараттар қыздың жыныстық қатынасқа деген қызығушылығын оятатыны анық. Жүктілікке алып келетін себеп көп болғандықтан, оның әрқайсысын индивидуалды түрде қарастырғанымыз жөн. Етеккір келгеннен бастап, қыздардың бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жетенінін айту шарт. Жасөспірім кезіндегі жүктіліктің үш қаупі бар. Біріншіден, бұл шақта қыздардың мүшесі дұрыс жетілмейді де, өз өміріне қатер төнеді. Дұрыс дамымаған ағзадан дені сау бала өмірге келмейді, – дейді гениколог маман.
Ал психолог мамандар бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз баласына білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылатындығын, қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайтындығын айтып отыр.
– Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Өйткені олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды деген кепілдік ешкімде жоқ. Әр адамның басында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Ол Алланың сыны деп айтуымызға болады. Алайда осындай қиындықтардан шығудың да түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатыгездікке, қателікке бой алдырып жатады, – дейді психолог Айгерім Мұхитқызы.
ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН
Қазақ қоғамында қызға айтар кеңес пен берер тәрбиенің өзі бір ғылым саналған. Ата-бабамыз оны бір ауыз сөзге сыйдырып, «қызға қырық үйден тыйым жасаған. Қыз анаға, ұл әкеге қарап өскен. Әр баланың мінез-құлқы ата-ананың іс-әрекетінен үлгі алу барысында өскен ортасы мен көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көрсететін айнасы саналған. Сол себепті де көп нәрсе отбасылық тәрбиеге байланысты екені сөзсіз. Иә, бүгінде отбасында да, ауданда да үлгілі болып ұл-қыз тәрбиелеп, көптің алғысына бөленіп отырған ақ жаулықтылар да жоқ емес. Солардың бірі – аудан тұрғыны Күлайша апа.
– Менің есімім – Күлайша. Шиелі кентінде тұрамын. Төрт ұлдың анасымын. Әкесі екеуміз балаларымды кішкентайынан бастап, діни білімге тәрбиелеп өсірдік. Асыл дініміз ұлттық құндылық пен тәрбиеге аса мән беретін болғандықтан, төрт ұлымызды да соған сай етіп өсіріп, жетілдірдік. Бала күнінен қыз баланың құндылық екенін үйретіп, бар білгенімізді саналарына сіңдіруге тырыстық. Қызды жылату – үлкен күнә. Ұлдарым осыны ұғынғандықтан, Аллаға шүкір қыз баласын қатты құрметтеп өсті. Қазіргі таңда мен төрт келіннің енесі, немерелерімнің сүйікті әжесімін. Ұлтқа келер ұят пен ардың өлшемі. Қыз қылығы – талайды тамсандырып, талайдың жүрегін жаулаған. Қаншама ақынның шабытын оятып, жырына арқау болған. Қыз – қазақтың мақтанышы. Әрбір азамат бір қыз көрсе, оған туған қарындасы мен әпкесіндей, бір ананы көрсе туған анасы мен әжесіндей қараса – қазақ қызы кім көрінгеннің аяғына тапталып, кім көрінгеннің жетегінде кетпейді. Халқымыз: «Бағалай білгенге – бақ қонар» дейді. Сондықтан әрбір ер азамат қыз баласын сыйлап, құрметтесе, ешқандай қыз жыламайды, ерте жастан етегі түрілмейді, – дейді Күләйша апа.
– Менің ойымша, мұндай дүниеге үйдегі ата-анаға қарағанда, мектептегі мұғалімдер жауапты болуы қажет. Себебі бала көп уақытын мектепте өткізеді. Сондықтан мұғалімдер балаға көбіргек үгіт-насихат жүргізіп, тренингтер өткізсе, онда әрбір оқушының болашағы жарқын болады. Бірақ бұл мұғалімдердің кемшілігі деген сөз емес. Ерте жүктілікке көп жағдайда қыздардың өзі кінәлі болады. Қазақта «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз тұп-тура бүгінгі заманның қыздарына қарап айтылғандай. Расында мектеп бітірмей жатып түнімен көше кезген қыздан ертең қайбір оңған ана шығады? Біз қыздардың жүкті болып қалуына жігіттерді кінәлауды қоюымыз керек. Шын туайтына келгенде жігіттерге бәрібір. Қыз үйде тыныш отырса, оған ешқандай жігіт келіп соқтықпайды. Оң жақта отырып, Алла Тағаланың берген қыздық қасиетін сақтай алмағаны қыздардың өз тағдырына да жауапсыз қарағаны. Мұндай жағдай орын алмас үшін қыз анасымен сырлас, дос болуы қажет, – дейді аудан тұрғыны Алтынай Омарқызы.
Рас. Қыз – біздің барымыз да нарымыз, қырмызы қызыл гүліміз. Гүлімізді тамырынан ерте солдырмай, бағалай да аялай да білейік. Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыруы керек. Бүгінгі бойжеткен қыз — ертеңгі болашақ ана. Бір отбасының ғана емес, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін маңызды тұлға. Демек, бүгінгі қыз-келіншектердің, яғни біздің қолымызда бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр деген сөз. Ибалы да инабатты, тәртіпті де тәрбиелі қыз өсіру арқылы ұлтымыздың болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырғанымызды естен шығармайық. Анасы мен қызы, жеңгесі мен қайын сіңлісі арасындағы ара қатынасты дамытып, үйдегі «қонақ қыздың» айтарына құлақ түріп, жүзіне зер салсақ, «от басқандардың» қатарын азайтармыз, бәлкім...
СЫМБАТ СҰЛТАН