Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Этнограф-ғалым қазақ халқы балаға айдар, тұлым, желке шаш, кекілді неге қоятынын түсіндірді

Этнограф-ғалым қазақ халқы балаға айдар, тұлым, желке шаш, кекілді неге қоятынын түсіндірді


"Шаштың күтімі мен оны өсіруге қатысты ұғымдар ерте кезден қалыптасты. Қазақ халқында жас ерекшеліктеріне қарамастан шашты жерге тастамаған. Мысалы, жерге түскен шашты отқа тастаған немесе ошақтағы қуыстарға тыққан. Яғни, саз кірпіштен жасалған ошақты алайық. Оның қабырғасында тесік қуыстар болса, бұрынғы кездері сонда шашты тыққан. Біз этнографиялық экспедицияларға көп шығамыз. Сонда осындай жағдайларға куә болдық", - дейді Тәттігүл Қартаева.

Қарын шаш деген не?

Сұқбат барысында профессор сәби қырқынан шыққан кезде шашы алынатынын және оны жерге тастауға болмайтынын айтты.
"Баланың қырқынан шыққан кездегі алынған шашын қазақ халқы "қарын шашы" дейді. Ол "қар", қары" деген байырғы түркі сөзімен тығыз байланысты. Тіпті, қазақта "қарын шашыммен қарғаймын" деген қарғыс болған. Оны әжелер қатты ызаланғанда айтқан. Сондықтан қарын шашты жерге тасмамай, оны адамның аяғы баспайтын жерге көмген немесе сақтап қойған", - дейді этнограф-ғалым.

Оның айтуынша, қырқынан шыққан сәбидің шашын кез келген адам алмаған.
"Қазақтар сәбидің қарын шашын алуға ерекше мән беріпті. Баланың шашын үбірлі-шүбірлі болған, отбасында беделі бар, жасы үлкен кісі алған", - дейді ол.
Тәттігүл Қартаеваның пікірінше, "шашты жерге тастаса, бас ауырады", "адамның бір жаны шашында" деген сөздер шашты жерге тастауға болмайды деген ұғымнан туындаған.

Айдар, тұлым және желке шаш

Сонымен қатар этнограф-ғалым балаға айдар, тұлым, желке шаш не үшін қойылатынын түсіндірді.
"Қазақ халқы кішкентай баланы тіл-көзден сақтау үшін оған айдар, тұлым, желке шаш қойған. Айдар, тұлымды қыз балаға да қойған. Ұл баланың айдары төбесінен қойылған немесе желке тұсынан бір ғана шаш қалдырған. Оны "желке шаш" дейді. Кейін бұл шашты өсіріп, өрген. Айдар, тұлымды, желке шашты бала сүндеттелгенге дейін немесе алғашқы мүшел жасқа (13 жас) дейін алмаған", - дейді Қартаева.

"Егер баласы көп шетінесе, бірнеше рет түсік жасаса, бесікте жатқан сәби аурушаң болса, "көз тимесін" деп айдар, тұлым, желке шаш қойған. Сондай-ақ, әйел кілең ұл туып, соңында қыз баланы дүниеге әкелген кезде, "тіл-көзден сақтасын" деп сәбиге тұлым қойған. Қыздың тұлымы екі самайынан қойылған. Қыздың айдар, тұлымын түбінен кесіп тастамаған", - дейді ғалым.

Кекіл қою

Тәттігүл Қартаеваның сөзіне сүйенсек, ұлға да, қызға да кекіл қойылған. Баланы "тіл-көзден сақтасын" деп кекілін өсірсе керек.
"Бізде қыз баланың тарихи суреттері бар. Онда қыз баланың бой жеткенше кекілмен жүргені бейнеленген. Фото ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезінде түсіріліпті. Бірақ бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақ халқында "кекілді қыз", "кекілді бала" деген ұғым бар. Кекілді де балаға жоғары аталған себептермен қойған. Сонымен қатар, бала есейгенге дейін кекілмен жүрмеген. Жалпы айдар, тұлым, желке шаш, кекіл – жас баланың шаш қою үлгісі болып саналады", - дейді профессор.


 https://sputniknews.kz/society/20190618/10589080/aidar-tulym-kekil-jelke-shash.html
10 шілде 2019 ж. 1 637 0