Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дуалдағы төрт кәртеш

Дуалдағы төрт кәртеш

Тақырыптың ауанынан-ақ жазғалы отырған оқиғаның кейіпкерін аға буын өкілдері білетіні сөзсіз. Өйткені Әзімхан Смайлов ауданға белгілі, абыройлы азаматтардың бірі болатын.
Иә, Әзекем соғыстан аман-сау келген соң бұрынғы мамандығы бойынша Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылындағы мектепте ұстаз болып жұмыс істеді. Ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласа жүріп, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Бұл кісінің жұмысқа деген қабілетінің бар екенін аңғарған аудан хатшысы үш колхозға басшы етіп сайлайды. Жалпы жиналыста Қызылдихан ауылының тұрғыны Әзекеңді қатты сынайды. «Бұл жас жігіт қалай үш колхозды басқарады, балалармен доп теуіп кетпей ме?» деген сенімсіздіктерін білдіреді. Аудан басшысы «Жас болғанымен қабілеті бар, басқара алады» деп үміт артады. Сөйтіп жалпы ­жиналыста Әзімхан ­Смайловты үш колхоз біріккен Ленин колхозына бастық етіп сайлайды. Мен бұл мақалада Әзекеңнің өмір дерегін жазғалы отырған жоқпын. Оның өмір дерегін Шиелі халқының көбі біледі.
Мақаланы жазуға түйіткіл болған бір оқиға бар еді. Әзекеңнің іскерлігін айшықтап және өзіне қауіп төңген бір жағдай болған. Колхоз бастығы болған күннен бастап үш колхоздағы әр адамның ойабын таба ­бастайды. Үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлесіп халықтың ықыласын өзіне аудара біледі. Нәтижелі жұмыс істеудің арқасында колхоз аудандағы колхоздардың алды болып, оңды нәтижелер көрсете бас­тады. Бір күні жұмыстан енді үйге еніп, жайғаса бергенінде есік алдына келген бір кісі «Колхоз бастығын маған шақырып жіберіңдерші» деп дауыстайды. Бұл дауыс­­ты естіген жұбайы «Сізді сыртта бір кісі шақырып тұр» деп хабар береді. Әзекең сыртқа шықса, Төлеген деген қойшыны көреді. «Ау Төке, неге тұрсыз үйге кіріңіз» десе, әлгі қойшы «Үйге кіруге бет жоқ, кірмеймін. Осы жерде келген жұмысымды айтайын» депті. «Шырағым, Әзімхан қойды қар бір жауғанша түзде жаятын әдетім бар еді. Сол әдетпен орылған күріш атызына жайып, тұнық бір уағында үйге барып бір-екі сағат демалып келгенмін. Әрі күндіз жейтін ас ауқатымды дорбама алып, отарыма келсем күріш атызыңда болмай, қабат жатқан жоңышқа атызынан таптым. Отарымды байқап қарасам түгел емес секілді. Жүз шақты қой жоқ болып шықты. Күндегі су ішетін суатына бардым, ол жақта да жоқ екен. Басқа атыздарды қарайын деп келесі күріштікке өткен сәтте, екі шақырымдай жерде канал бары есіме сап ете қалды. Осы каналдан талай қой суарғанмын. Сол қой суарған суатымнан қарғалар бір ұшып, бір қонып жатыр екен. Мұндай жайды көрген кезде жүрегім ұстап қала жаздады. Астымдағы атқа қамшыны басып шауып барсам, сізге өтірік, көрген маған шын. Судың беті тола қой. Суға обыққан қой сыртқа шығайын десе, каналдың суы қатқан екен. Жары тік және жиегінде мұз соған кептеліп қойлар суға батуға аз-ақ қалыпты. Кейбір қойлар бір батып, бір шығып жүр. Енді не істеуім керек, ауылға барып адам алып келсем бұл оқиға дабыра болып бүкіл ел естиді. Осы жайдың болуына өзім себепкермін. Дереу аттың бас жібін шешіп алдым да су бетінде жүзіп жүрген қойларды біртіндеп жіпті тұзақ қылып қойлардың мойнына салып судан шығара бастадым. Алайда судан шығарған қойлар өлу халінде жатқанын аңғарып, тез арада бауыздап алғанды жөн көрдім. Осылайша судан шығарған қойлар сол жерде пышаққа іліне берді. Арам өлгеннен адал ас болсын деген ой еді» деп болған оқиғаны сабақтай жөнелді шопан. Барлығын үнсіз тыңдап тұрған Әзекең «Төке сабыр сақтаңыз! Айтып болсаңыз неше қой барлығы?» деді. «Отыз-қырықтай» деді сасқалақтап. Әзекең шопырын шақырып алып «Сен жүк көлігін айдайтын шопырды машинасымен алып кел» дейді. Әлгі шопырға жағдайды түсіндіріп, Төкеңді отырғызып жібереді. «Сойған қойларды түн ішінде қойшыларды жағалап, алғанына екеу, алмағанына біреу беріп, қалғанын ауылға алып келіп асханаға өткізіңдер» деп тапсырма береді. Содан соң таңертең Төкеңе өзіне келіп жолығуын ескертеді.
Таңсәріде келген Төкең «Әзімхан шырағым, көсегең көгерсін! Жұмысыңда әрдайым абыройлы бол» деп батасын береді. Бұл Қызылту колхозы мен ­Ленин колхозының қойын біріктіріп Телікөл ­совхозы болған кезде орын алған оқиғаның кейіпкері Төлегенмен бірге өрістес болып әңгімелескенде айтқан әңгімесі еді. Төлеген үнемі Әзекеңді аузынан тастамайтын. Екі сөзінің бірі «Бастық болса Әзімхандай болсын» дейтін. Абыройдан абыройға жеткен Әзекең Қазақстанның Жоғарғы Советіне депутат болып, онан соң ауданда исполком қызметіне ауысты. Әзекеңнің бір мінезі өзін-өзі таза ұстап, жүргенде де өте әдемі сыпайы жүреді. Сөйлегенде де аспай-саспай жай ғана көзі күлімдегендей болып көрінетін. Осы Әзекең жұмыстан кейін үйіне барып ас-суын ішіп сәл дем алған соң күндегі әдеті бойынша сағат 9-дан 11-ге дейін өзінің бөлмесінде жұмыс істейтін. Арнайы лампаны жағып, соның жарығының астында отырып түн ауғанша тыным таппайтын. Бірақ Әзекеңнің көлеңкесі дуалға түсіп тұрады екен. Оның беделді, абыройлы болғанын көре алмаған біреу Әзекеңді атуға тапсырма берсе керек-ті. Сонда оның жұмыс істеп отырған сәтін аңдыған әлдебіреу Әзекең деп дуалдағы көлеңкесін атыпты. Мылтық дауысы шыққан соң полиция қызметкерлері де келеді. Әзекең аман, бірақ дуал жарақат алған. Тексеріп көрсе төрт картечь қадалып тұрғанын көреді. Содан кейін «Төрт кәртешті Әзекең» деген әзіл әңгімелер де өрбіді. Шүкір, төрт картешті Әзекең мағыналы ғұмыр кешіп, абыройлы ақсақал болды. Ардагерлердің төрағасы қызметін де атқарды.
Ел есінде осындай іскерлігімен сақталып, әдемі қарттықтың үлгісін көрсетіп кеткен Әзекең жайлы осы бір оқиғаны еске салып, қалам түрттім. Болған оқиғаның желісімен баяндаған мақаламның кем-кетігі болса есінде қалған ардагерлер түзей жатар.

Жұмабек Әлтайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
14 қараша 2022 ж. 345 0