Болмасын соғыс, балаларым
– Әке, Өркен атам ше, соғысқа қатысқан ба?
– Қай соғысқа?
– Ұлы Отан соғысына. Мектепте апай айтты. «Биыл соғысты жеңгенімізге 76 жыл болады. Ұлы Жеңіс мейрамына қарсы, егер аталарың соғысқа қатысқан болса, ол туралы, оның соғыстағы ерлігі жайлы әңгіме жазып, естігендеріңді тақтаға шығып айтып бересіңдер, – деді.
– Өте дұрыс. Бірақ, Ұлы Отан соғысына сенің атаң емес, менің атам – Әзімхан Исмаилов қатысқан. Ол кісі 2003 жылы 80 жасында дүниеден озды. Сен ол кезде әлі өмірге келмегенсің. Ол кісі сенің бабаң болады. Кемеңгер балам, ондайды естуің бар ма?
– Иә, әке. Білемін. Бұны ұрпақ сабақтастығы дейді ғой.
– Жарайсың, Кемеңгер! Онда мен саған осы мүмкіндікті пайдаланып соғыс және еңбек ардагері, Қызылорда облысына белгілі қоғам қайраткері, елағасы, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, 1971 жылы VIII-і сайланған Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланып, одан соң өзі 17 жыл басқарған Ленин атындағы колхоздың басқарма бастығынан Шиелі аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланған, 1986 жылы құрметті еңбек демалысынан зейнеткерлікке шыққан соң ауданда соғыс және еңбек ардагерлері қоғамдық бірлестігін құрып, оны 12 жыл басқарған Әзімхан бабаң туралы Өркен атаңнан естігенімді айтып берейін. Дұрыстап тыңда.
– Мақұл, әке.
– Исмаилов Әзімхан Бәкірұлы 5 желтоқсан 1923 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Ащықұдық» колхозының «Қаракемер» деген жерінде дүние есігін ашқан. Әкесі Бәкірдің ағасы Әбу мен інісі Әли «Жөлектегі» орыс-қазақ бұратана мектебін бітіріп, орысша білім алады. Жөлек ауылының тұрғыны Палымбет қария ортаншы ұлы Бәкірді «Өлсем құран бағыштап отырар» деп қазақша оқытады. Әбу және Әли Палымбетовтер ерте кезден білім қуып, сол кездегі қазақ зиялыларының арасында үлкен беделге ие болған. Әбу Ташкент облысында облыстық милиция бастығы, Түркістан уезінде басшы, КазЦИК-тің мүшесі, Балқаш аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қарсакпайда екінші басшы қызметтерін атқарған. 1933 жылы ауырып, қайтыс болады. Әли де төрелік қызметтерге ерте кіріскен. Ол 1921 жылы Шиелі аудандық милициясының тұңғыш бастығы болады. Қазақстанның Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында сот төрағасы, жоғарғы сот коллегия мүшесі болады. Ұлы Отан соғысына өзі сұранып аттанып, 1943 жылы Сталинград майданында хабар-ошарсыз кетеді. Ал Бәкір Палымбетов аудандағы «Ащықұдық» колхозын 17 жыл басқарып, 1950 жылы ауырып, дүниеден озады. Ол туралы даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев өзінің «Өмір жолдары» атты кітабында былай дейді. – Біз Бәкірді тек күріш өсірудегі табыстары үшін емес, оның сол бір аласапыран кездердегі колхоз шаруашылығын ұйымдастырудағы батылдығы үшін де сыйлайтынбыз... «Асылдың сынығы» демекші, Бәкірден қалған бір тұяқ – Әзімхан Исмаилов та Шиелідегі Ленин атындағы колхозға председатель болып сайланып, әкесі сияқты ол да сол колхозды 17 жыл басқарды. Әкесі секілді ұйымшыл, іскер Әзімхан Исмаиловты 1975 жылы халық депутаттары Шиелі аудандық атқару комитетінің председательдігіне жоғарылатылады. Осы жолдарды оқи отырып, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, сен де Кемеңгер балам, үлгілі ұрпақтың жалғасы екендігіңді ұғын және ұмытпа. Солардай болуға, ұқсауға тырысып бақ! Білімді ағаларының қолында орысша білім алған Әзімхан бабаң оқуын рабфакта, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын орыс тілі мұғалімі мамандығы бойынша, сондай-ақ, Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебін тәмамдаған. Соғыстан оралған соң «Ащықұдық» жетіжылдық мектебінде мұғалім, мектеп директоры бола жүріп, осы мектепті оқу министрі Ә.Сембаевқа кіріп, онжылдыққа айналдырады. Одан кейін аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Бәйгеқұм зоналық партия комитетінің хатшысы қызметтерін абыройлы атқарады. «Отызмыңдықтар» қатарында 1958 жылы Ленин атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметіне жіберіледі. Ә.Исмаилов әскер қатарына 1942 жылы шақырылады. Ташкент, Түркіменстан, Каспий теңізі арқылы Баку қаласындағы әскери бөлімге түседі. Онда 17 күн аялдап, Ереван қаласындағы әскери байланысшылар техникумына оқуға жіберіледі. Екі жылдық оқуды соғыс жағдайына байланысты 6 айда бітіріп, қабілетті жігіттер қатарына іріктеледі. Он тоғыз жасар жауынгер Арменияда 40-шы шекара отрядында, Солтүстік Кавказ майданында, 106-шы атқыштар дивизиясында радиотелеграфист, радиостанция бастығы болып, қан майданда ерліктер жасайды. Сұрапыл соғыста байланысшылардың жұмысы өмір мен өлім арасы саналатын. Оқ борап тұрғанда сымның қай жерден үзілгенін табудың өзі, командирлердің қолбасшылармен байланысын қамтамасыз ету – ерлікпен парапар еді. Зеректігі, білімділігі, морзе әліппесін жетік меңгеріп, неміс тілін жақсы білетін сержант Ә.Исмаилов талай қиындықтарды бастан өткеріп, соғыстан елге 1947 жылы ғана оралады. Ол 1944 жылы «Кавказды қорғағаны үшін» медалін алады. Ә.Исмаиловтың соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбегі жоғары бағаланып, «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, сондай-ақ он бір соғыс және еңбек медальдарымен марапатталады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің екі мәрте «Құрмет Грамотасына» ие болады. Ленин атындағы («Алғабас» ауылы) колхозға медициналық пункт соқтырып, тазалық, көркейту жұмыстарын жандандырғаны үшін КСРО Денсаулық Сақтау Министрлігінің 1968 жылы «Денсаулық сақтаудың үздігі» белгісін кеудесіне тағады. 1969 жылы Москвада өткен Бүкілодақтық ІІІ-ші колхоздар съезіне даңқты диқан Ыбырай Жақаевпен бірге делегат болып қатысады. Өмір деген қызық қой. Соғысқа байланысшылар даярлайтын оқу орнының бастығы, Ә.Исмаиловтың командирі капитан Золотой деген офицер екен. Сол капитан Золотоймен көп жылдар өткен соң осы Шиелі жерінде кездесіп, бір қызық болыпты. 1962 жылы наурыз айында Әзекең колхоз бастығы ретінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджановпен Қаратау бөктеріндегі малшыларды аралауға шығады. Күн батып, қараңғы түседі. Бір кезде тау ішінде жарық көрініп, автокөлік кездеседі. Олар аудан орталығына баратын жолды сұрап, өздерінің адасып жүргенін айтады. Машинаның алдыңғы жағында денелі орыс жігіт отыр екен. Таныс секілді көрінеді де, қайта қарап шырамытады. Сөйтсе, сол баяғы командирі капитан Золотой болып шығады. Күтпеген кездесу. Золотой сол кезде «Коммунизм» колхозында (Нартай ауылы) соғылып жатқан аудандық телестанцияның құрылысын көруге Ленинград қаласынан келе жатқан беті екен. 1977 жылы Шиеліде Ру-6 кеніші ашылды. Оның ашылуына, құрылысына сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаилов зор еңбек сіңіреді. 1980 жылы ауданға осы жоба бойынша Москвадан үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, орта машина жасау министрі Славский келеді. Онымен бірге Ру-6 кенішінің бастығы Кан, аудан басшылары бірінші хатшы Орынбасар Бәйімбетов, атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаиловтар, облыс басшылары келіп, уран кенішінің болашағы, кеншілер қалашығы туралы әңгіме-кеңес құрады. Сөйтіп, Ру-6 мекемесі Қазақстанға танымал кен орнына айналып, аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етті. Шиелі кентінің «Көкшоқы» елді мекені, шағын ауданы уран кенінің арқасында абаттана, көркейе, гүлдене түсті.
– Әке, адамдар не үшін соғысады?
– Бір елдің жеріне соғыс ашып, жаулап алып, оның халқын құлдықта ұстап, жер-қазба байлықтары – алтын, күміс, мыс, көмір, мұнай, уран т.б. пайдаланғысы келеді. Ол елдің жеріне, суына қызығады. Соғыс содан шығады. Кешегі Кеңес Одағына Адольф Гитлер деген фашистердің басшысы 22 маусым 1941 жылы таңертеңгі сағат 4-те соғыс жариялап, шекарамызды бұзып кіреді. Соғыс төрт жылға созылады. Ақыры не болды? Арам пиғылды жау өздерінің соғыста жеңілгендігін мойындады. Енді соғыс болмасын деп тілейік. Кемеңгер, сендер де соғыс көрмеңдер. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!
Әңгімемізді жергілікті ақын Қуаныш Түменбаевтың сөзіне жазылған Өркен әкемнің «Ана мерейі» атты әнінің қайырмасымен аяқтағанды жөн санадым.
Болмасын соғыс балаларым,
Көрмесін оны аналарың.
Кешегі жойқын, сұрапыл жылдың,
Жаза алмай жүрмін жараларын.
– Түсіндің бе, балам?
– Иә, әке. Бұның бәрі бізге ертегі сияқты. Әзімхан бабамның көргенін көрсетпесін. Енді мен оны мақтан тұтамын!
Жалын Әзімхан,
Ру-6 мекемесінің аппаратшысы