ОТБАСЫЛЫҚ АНСАМБЛЬДІҢ ӨРІСІ НЕГЕ ТАРЫЛДЫ?
Сонау сексенінші жылдардың орта шеніне шегініс жасасақ. Айтпағым, сол кездегі еліміздің мәдени-рухани өміріне мол үлес қосқан өнерлі отбасылар. Жасы жер ортасынан асқан отағасы мен отанасы, оның балдырғандарына дейін қосыла ән шырқап, ұлттық өнердің үрдісін бекем жалғастырып жататын-ды. Неге екені белгісіз, соңғы кездері осы бір әдемі дәстүр сиреп қалған тәрізді. Әлде бізге солай көріне ме? Әйтпесе заманында республика көлемінде Дәрібаев, Алтаев, Құдайбергенов, Байырбековтер тәрізді отбасылық ансамбльдердің әдемі өнері әлі күнге дейін жұрт жадында. Тіл ұшына ілікпей жататын өзге де өнерлі отбасылық ансамбльдер қандай еді, шіркін!
Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Сыр елі – жыр елі. «Бір ғана Қызылорданың өзінде ақын-жыраулықтан басқа да өнерпаздықтың үш түрлі мәнері, мектебі, дәстүрі бар. Арал-Қармақшы бір мектеп болса, Жалағаш пен Қызылорда арасының дәстүрі ерекше. Ал Қызылордадан Түркістанға дейін бір мәнер деп шартты түрде жіктеуге болады. Бұл дәстүрдегі орындаушыларды бірімен бірін шатастыра алмайсыз, ерекшеліктері көзге ұрып тұрады» деген болатын ҚР Мәдениет қайраткері Ағайдар Ысымұлы. Міне, осы ортада өрбіген Шиелінің өнерпаздық дәстүрі даңқты, бір кездері одақтық, тіпті, халықаралық аяға да шыққан-ды. Нартай Бекежановтан бастап, осы заманға театр әртістері Мейірман Нұрекеев, Ғазиза Әбдінәбиева, Шайтұрсын Әбдібаев, сазгер, өнер зерттеуші Мүлкаман Қалауов, республикалық «Гүлдер» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі – Серік Елеусізов, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас концертмейстері, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері Қошқарбек Тасболатов, жыршы Шынболат Ділдебаев, әнші Әлмырза Ноғайбаев, айтыскер ақын Махамбетқали Тұрсанов киелі Шиеліден шыққан таланттар екенін ауыз толтырып айта аламыз.

Сонымен сағыныштың самалы есіп үрдісті назарға алып, аудандағы отбасылық ансамбльдерді іздестірдік. Біреуін таптық. Ол бағзыдан келе жатқан бағалы үрдісті жалғап, ат тұяғы жететін жердегі дүйім елге өміршең өнерімен танылған Ноғайбаевтар жанұялық ансамблі. Отбасы бірінен-бірі өткен өнерпаз болып шықты. Мұндайда атам қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме?! Тиісінше көрген, ілген. Сол қызығушылықтың арқасында ұлы өнердің кішкентай талшықтары сабақталып, өнердің киесін ұғындырып келеді. Шаңырақ иесі әнші, сазгер Әлмырза Ноғайбаевты айтқанда ең алдымен оның орындауындағы «Ақсақ киік» еске түседі. ҚР Еңбек сіңірген қызметкерінің 60 шақты туындысы бар. Соның ішінде «Қара мең», «Ләйлә жан» әндері ел ішіне кең тараған. Алайда әншіні республикаға танытқан Сәкен Сейфуллиннің адам оғынан мерт болған киік тағдырын арқау еткен поэмасы. Отбасылық ансамбль аудандық, облыстық байқауларды былай қойғанда республикада топ жарыпты. Әлмырза Ноғайбаев – бақытты әке. Жан жары Фатима апа екеуі 3 ұл, 2 қыз тәриеледі, өсірді. Ноғайбаевтардың өнерлі отбасы бүкіл республикаға танымал. Қызы Ақмарал Нартай әншілік мектебінің өкілі, Қорқыт ата университетіндегі дәстүрлі өнер музыка кафедрасында оқытушы.
Байыптап қарасақ, отбасы босағасының берік болуына өнердің де ықпалы зор. Әйтпесе қазіргі күні бүгін үйлене салып, ертең ажырасып жататындардың көп кездесетін бір сылтауы бар. Ол «мінезіміз жараспады». Демек, отбасылық ансамбль жалғыз өнерге ғана емес, бірлікке, отбасындағы ынтымаққа да қалтқысыз қызмет етеді екен. Тек сол ықпалы зор отбасылық ансамбльдердің дәл қазір орны ойсырап тұр.
Сұлушаш МАДИЯРОВА