Мәдениет саласының майталманы
Классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметке көрік береді» деген екен. Өзгелерден бөлек, бойында ерекше қабілет-қарымы бар, ішкі жан дүниесі бай, ойға - көсем, сөзге - шешен, мәдениет пен өнердің жанашыры болған марқұм Әшімхан Орынбасарұлының өмірі көпке өнеге болатын. Ол өмірге құштар, өнерге іңкәр, ұлт мұрасына адал жан болды. Көзі тірісінде өзінің мағыналы ғұмырын қойнауы сырға, көмейі жырға тұнған Шиелі ауданының мәдени-рухани саласының кемелденіп өсуіне бағыттаған көшбасшы еді. Осындай ерен қабілеті, терең біліктілігі арқылы ол ел аузында «Мәдениет Мэрі» деген мәртебелі атаққа ие болды.
Әшімхан Оспанов мәдени-рухани саланың нағыз білгірі, әрі шын жанашыры болатын. Үнемі ойланып-толғанып жүретін Әшімхан ағаның ақжарқын бейнесі, ойнақы күлкісі көз алдымда сайрап тұр. Кейде оның бір нәрсеге шамданып қалғаныңда бет-жүзің бар демей, тік айтып салатын мінезі де бар еді. Бірақ айтуы да, қайтуы да шапшаң. Елге болсын деп тұратын қасиетіне тәнті едік. Мәдениет саласын басқаруды біреулер оп-оңай шаруа көруі мүмкін. Әр саланың өз қызығы мен шыжығы болады ғой. Көп мәселенің түйіні сол саланы басқаратын басшының іскерлік, қабілетіне де тікелей байланысты. Бұл ретте Әшімхан ағаның орны тым бөлек екенін ел де жақсы біледі.
Әшімхан Оспанов мәдени-рухани саланың нағыз білгірі, әрі шын жанашыры болатын. Үнемі ойланып-толғанып жүретін Әшімхан ағаның ақжарқын бейнесі, ойнақы күлкісі көз алдымда сайрап тұр. Кейде оның бір нәрсеге шамданып қалғаныңда бет-жүзің бар демей, тік айтып салатын мінезі де бар еді. Бірақ айтуы да, қайтуы да шапшаң. Елге болсын деп тұратын қасиетіне тәнті едік. Мәдениет саласын басқаруды біреулер оп-оңай шаруа көруі мүмкін. Әр саланың өз қызығы мен шыжығы болады ғой. Көп мәселенің түйіні сол саланы басқаратын басшының іскерлік, қабілетіне де тікелей байланысты. Бұл ретте Әшімхан ағаның орны тым бөлек екенін ел де жақсы біледі.
Ол 1953 жылы 6 қазанда Н.Бекежанов ауылында дүниеге келіп, Қаратау қойнауындағы «Ақбұлақта» балалық шағын өткізді. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, 1979 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітіреді. 1979 жылдан мәдениет саласында аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы, 1980-1991 жылдары Нартай Бекежанов ауылдық клубының директоры, 1991-1995 жылдары Ы.Жақаев музейінің ғылыми қызметкері, 1995-1996 жылдары Нартай Бекежанов мұражайының директоры, 2004 жылы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, 2009 жылдан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып көптеген лауазымды қызметтерін атқарып, 2016 жылы зейнетке шықты. Осы салада 40 жылға жуық еңбек еткенін біреу білсе, біреу білмейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші Әшімхан ағамыз байсалды байыпты мінезімен аудан, облыс сахналарында жұмсақ, қоңыр үнімен ән салғаны баршаға аян. Ол кісі ән салып жүргенде өнердің теңдесі жоқ екендігін сезіндіріп, әсем сазды әндерімен баураған дауысы әріптестеріне үлгі болғаны соншалық, ешкімнің қарсы келер шарасы да болмады. Себебі даусының ерекшелігі сондай талай сахналарда шарықтады.
Ол 1969 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етті. Сонымен қатар Н.Бекежанов ауылындағы мәдениет сарайын басқара жүріп, Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейін ашуға, оның экспонаттарын жасақтауға өлшеусіз еңбек сіңірген. Сол секілді аудан көлеміндегі алғаш рет «Шаттық» музыкалық, «Нартай сазы» фольклорлық ән-би ансамбльдерін құрып, жетекшілік жасады. Өзінің ерекше өнері үшін « Нартай сазы» халық ансамблі атағын алды. 1990 жылы Португалияда өткен Бүкіл дүниежүзілік фольклор фестиваліне қатысты.
Иә, «Елдің даңқын ер шығарады» дегендей, Әшімхан ағаның басшылығымен аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Жас дәурен», Ноғайбаевтардың жанұялық ансамбльдері халықтық атаққа ие болды. Аудан, ауыл мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, облыс бойынша аудан мәдениет бөлімдерінің алдыңғы қатарында бағаланды.
Бір ғана Шиелі ауданының мәдениет саласында жарты ғасырға жуық уақыт басшылық қызмет жасаған өнер жанашыры, мәдениет қайраткері Әшімхан Орынбасарұлының сара да дара жолы жайлы әлі де көп айтуға болады. Оларың бәрі әлі уақыттың еншісіндегі шаруа.
Сөз соңында мәдениет майталманының жетістігіне де тоқталғым келеді. Мәселен, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің мәдениет комитетінің «Ауыл мәдениетін көтеруге қосқан елеулі еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен, Бүкіл халықтық халық шығармашылығы фестивалінің екі дүркін лауреаты, «Қызылорда облысының – 70 жылдығы» медальдарын иеленді. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ Шығармашылық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» және «Н.Бекежанов» медальдарымен және Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Одан бөлек «Ұлылардан ұлағат», «Маржаны сырдың – Шиелі» атты кітаптардың авторы. Мәдениет минстрлігінің, ЛКСМ-нің, облыстық мәдениет басқармасының құрмет грамоталары мен облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. «Семей ядролық сынақ полигоны ардагері» төс белгісінің, «Қазақстан бейбітшілік үшін халықаралық ядролық қарусыз 20 жыл» мерекелік медалінің, «Қызылорда қаласының 190 жылдығы» мен «Қызылорда облысының 70 жылдығы», «Шиелі ауданының 80 жылдығы» медальдарының иегері.
Сонымен қатар, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Бұл жетістіктерді талай жылғы төккен тердің қарымтасы деп ұққан жөн болар. Себебі өнер адамы үшін еңбектің лайықты бағаланғанынан артығы жоқ.
«Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады» деген екен Асан қайғы бабамыз. Бүгін қолыма қалам алып, естелік жазуымның себебі – ағамыздың көзі тірі болғанда биыл 69 жасқа толар еді… Мерейлі мерекесін ел-жұртымен бірге тойлар еді.
Асыл ағамыз фәни дүниеден ұзап кетсе де, оның ұмытылмас бейнесі өзін көрген, бірге қызмет жасап, дәмдес болған, ғибратты ғұмырынан тағлым алған азаматтар жадында мәңгілік сақталуда.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ