Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қант қызылшасын өсіруге құлшыныс артты

Қант қызылшасын өсіруге құлшыныс артты

Жыл басынан бері әлемдегі геосаяси жағдайлардың ушығуына байланыс­ты елімізде импортқа тәуелді азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалды. Тіпті күнделікті өмірге аса қажетті қант бағасы бірнеше есе шарықтап, шайдың дәмін келтіретін қант пен шекерді дүкен сөрелерінен табу қиындады. Себебі бұған дейін біз тұтынатын қанттың 58 проценті импорт арқылы келіп отырған.
Осы тапшылықты болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қант өндірісін дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Кешенді жоспарлар қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді. Нәтижесінде 4 жыл ішінде елдегі қант импортының үлесін 58 проценттен 17 процентке дейін азайту жоспарланған.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов болса, қант өндірісін дамыту үшін бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есеге арттыру жоспарланып отыр. «Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Үкімет басшысы. Одан бөлек ауыл шаруашылығы министрлігіне Павлодар облысының әкімдігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Қызылорда облысында қант өндірісі қолға алынбақ
Биыл Қызылорда облысында да қант қызылшасын өсіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биыл 3,5 гектар жерге қант қызылшасы тәжірибе есебінде егілген. Тәжірибе есебінде егілген 3,5 гектар қант қызылшасынан осы жылы қанттылығы жоғары стандартқа сай сапалы өнім алынған жағдайда, келер жылдан бастап аймағымызда қант қызылшасының егіс көлемін көбейтеуге және өңдеу кәсіпорындарын салуға тиісті шаралар қабылданбақ.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
30 тамыз 2022 ж. 236 0