Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барға қанағат дейміз бе, әлде тапшылықты жоюдың қамын жейміз бе?

Барға қанағат дейміз бе, әлде тапшылықты жоюдың қамын жейміз бе?

Қазақстанда қант пен шикі құрақ қантты экспорттауға уақытша т­ыйым салынады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің бұйрығында айтылды.
Барлығымыз білетіндей, наурыз ­айында сауда дүкендерінің сөрелерінде қант табылмай, артынша оның бағасы бірнеше есе қымбаттап кеткен болатын. Тіпті сол сәттерде ар-ұяттан алшақтап кеткен саудагерлер жасанды түрде қант тапшылығын тудырып, артынша бағаны көтермек болды. Әйтеуір абырой болғанда елдегі қант тапшылығы проблемасына қатысты сұрақтарға сауда және интеграция министрлігі дер кезінде жауап беріп, жалған ақпарат таратушылардың жолын кесті. Министрлік өкілдерінің айтуынша елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының, оның ішінде қанттың кемі үш айға жеткілікті қоры бар. Мұнан бөлек елдегі қант өндірісі тақтаусыз жұмыс істеп жатқандықтан қор толықтырылып ­отырады. Әйтсе де «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші қанттың тапшылығына қатысты қауесеттердің жаны бар. Өйткені қазақстандықтар бір жылда тұтынатын 532 мың тонна қанттың 7 проценті ғана отандық шикізатқа тиесілі. Ал басым бөлігі Ресей мен Беларустан экспортталып келген. Аталған елдерге салынған санкциялардың кесірінен экспорт тоқтап, нәтижесінде Қазақстандағы қант бағасы мен тапшылығына әкеп соққан.
«Басқа түссе баспақшыл» демекші, ауыл шаруашылығы министрі ­Ербол Қарашөкеевтың айтуынша қант тапшылығын болдырмас үшін көптеген кешенді шаралар жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, егіс алқаптарын 14,5 мың гектардан 38 мың гектарға дейін кеңейту, техникалық жарақтандыру, сондай-ақ саланы инфрақұрылымдық дамыта отырып, қант зауытын жаңғырту және салу жөніндегі жобаларды іске қосу есебінен жалпы өнім жинауды 332 мыңнан 1,8 миллион тоннаға дейін ұлғайту секілді жоспарлар бар. Сонымен бірге «Қант өндірісін 7 есеге, 254 мың тоннаға дейін ұлғайту, қант импортын 32 процентке төмендету күтіледі, бұл ішкі нарықтың отандық өндірістегі қантпен қамтамасыз етілуін 7-ден 43 процентке дейін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді министр. Оның айтуынша мұндай нәтижелерге қолжеткізу үшін 5-6 жылға субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер беру арқылы мемлекеттік қолдау қажет.
Тапшылықты болдырмаудың тағы бір жолы – қант экспортына тыйым салу болмақ. Яғни енді 6 ай мерзімге елімізден шет елдерге қант экспортталмайды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында былай делінген: «Алты ай мерзімге Қазақстан Респуб­ликасы аумағынан ақ қантты (Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сыртқы экономикалық қызметтің және шикі құрақ қантты алып кетуге ­тыйым салу енгізілсін».
Экспортқа тыйым салу мәселені толықтай шеше алмасы анық. Сондықтан қант өндірушілерін субсидия және жеңілдетілген несие беру секілді қолдау шараларын жеделдету маңызды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер ынта көрсетіп, осындай пайдалы кәсіппен айналысуға құлық танытуы керек. Сонда ғана Қазақстанда қант тапшылығы жойылып, импортқа тәуелділіктен арыламыз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
16 мамыр 2022 ж. 698 0