АЖЫРАСУ АЛАҢДАТЫП ТҰР
Жыл басынан бері ауданда 19 отбасы ажырасқан. Ал өткен жылғы 12 айдың ішінде некесін бұзғандар саны 17 болған еді.
Бұрындары «пәленшенің баласы мен келіні ажырасыпты» десе, жаға ұстап таң қалатын жұрт бүгінде «некелері бұзылыпты» дегенді естігенде селт ете қоймайды. Ел ішін былай қойғанда, ауданның өзінде ажырасудың өрісі кеңейіп барады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2000 жылы ажырасқандар саны 27391 құраса, 2005 жылы – 32377, 2010 жылы – 41617, 2015 жылы – 53293, 2020 жылы 48000-ға жеткен. 2021 жылы 140256 жұп шаңырақ көтерсе, 48239-ның дәм-тұзы жараспады. Ал Шиелі ауданында өткен жылы 586 отбасы құрылса, биыл жыл басынан бері 227 шаңырақ көтерілген.

Жалпы қол ұстасқандардың бетінен алып, қолынан қағатын ажырасудың алғашқы себепкері – дүние. Иә, материалдық жағдайдың жұтаңдығы, ер не әйел міндеттерінің дұрыс атқарылмауы, арадағы түсініспеушілік пен ата-ене, қайын-жұрт ықпалы, перзентсіздік пен қызғаныш – шаңырақтың шайқалуына апарар баспалдақтар. Әрине, «үйлену оңай, үй болу қиын» екеніне ешкім шүбә келтірмес. Дегенмен болар-болмас қиындыққа төзбей, «отбасы» атты ұлы құндылықтың шаңырағын ортасына түсіретіндер жыл сайын артып бара жатқаны алаңдатады.
Мұның залал-зардабы қандай, алдын алу жолы бар ма?
Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмаған. Ата-ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен баласының құлағына «Он үште – отау иесі» деген аталы сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Ал қалыңмалын беріп, қызын алған қазақ құдасымен байланыс орнатып, жастарды жаңа отбасылық өмірге дайындап, керек болса ақылдарын айтып, ұрыс-керіс шықса бақылап, екі жақты жарастырып отырған. Жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендердің сөзінен аспаған. Тентегін тезге салып, ақылын айтатын ақсақалдардың, үй ішіндегі берекенің ұйытқысы болатын дана кейуаналардың арқасында қазақ отбасында ажырасу деген түсінік болмаған.

Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер етті. Қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» декреттен соң сирей бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ықпалы зор болды.
Өкінішке қарай, бүгінде еліміздің барлық өңірінде ажырасу үйреншікті жағдайға айналған. Кеше ғана бақытты отбасы болуға бекініп, өле-өлгенше бір-бірін сүйіп, сыйлап өтуге серттескен жастардың бір-ақ күнде жатқа, тіпті дұшпанға айналып кетуі ешкімді таңдандыра қоймайды. Қынжылтатыны, статистиканың кері кеткені емес, ажырасқан отбасыларда бала психикасының соққы алатыны, ұрпақ тәрбиесінің шатқаяқтайтыны.
Ажырасуға арыз беретіндердің көбі әйелдер. Неге? Өйткені, психологтардың пікірінше, олар ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді екен. Қазіргі заманда әйел құқығы мен бостандығы әлдеқайда нығайған. Әйел адамның білім алуына, мансап жасауына толық мүмкіндік бар. Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін шыдап, жарынан айырылмайтын әйел бүгінде өзі үшін өмір сүргісі келеді.
Солай екен деп, ерлердің кінәсін де жоққа шығара алмаймыз. Амал нешік, жары мен бала-шағасын жәбірлеп, қорғаудың орнына қорлайтын азаматтар көп. Ең өкініштісі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде жылына 400 ерлі-зайыптының бір-біріне зорлық көрсету оқиғалары тіркеледі екен. Әйел отбасында үнемі қорлық көрсе, онда мұның соңы ажырасуға әкеп соғары анық.
Ал еліміздегі отбасыларды жарасымды қалыпқа келтіру үшін жасалатын шаралардың оң нәтижесі бар ма? Ажырасу жаппай белең ала бастағанын байқаған сәтте Қазақстанның жоғарғы соты «Отбасылық сот» атты жобаны қолға алды. Төрт жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бастаманың мақсаты – күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелген жұптың жақсылап ойланып, отбасын ойрандамауына ықпал ету. Осы орайда, ажырасуға арыз бергендерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде отбасы сақталып қалады немесе ажырасқан соң, жақсы қарым-қатынаста қалуына көмектеседі. Отбасылық өмірдің негіздерін үйретумен қатар, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптыларды отбасылық психологтарға жіберу артық болмайтын сияқты. Бірақ бұл отбасыларға тегін көмек беретін тұтас институт болуы керек.
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын». Ажырасамын деген адамға түймедейді түйедей қылатын сылтау да, себеп те жетерлік. Адамның ашуы алдымен келіп, отбасын ойран-топыр етіп кетсе де, соңынан келген сау ақылдың бәрін жөндеп, сынғанды бүтіндеп, үзілгенді жалғап жіберетін қасиеті бар. Сондықтан жастар ажыраспас бұрын, жауапкершілікті терең сезініп, баланың жағдайын, оның тірі жетім қалып, жәутеңдеп өспеуін ойласа екен дейміз.
Г.ЯХИЯ