Үздікдер қатарынан көрінген ұста
Еңбек бәрін жеңбек. Адам баласы өз тағдырының ұстасы. Өмірін қалай өрнектеймін десе соншалық бейнеттенуі керек. «Тәңірім терезеден береді» деп текке жату, шетте қалудың көрінісі. Елмен қатар өмір сүру үшін,тер төгуге қиналмауың қажет. Міне, осындай ұстаныммен қолға сайманын алып, кәсіп ашқан Шиелі ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алғабастың шеберханасындағы жұмыс барысын сөз етпекпіз, бүгін...
Таң алагеулім атқаннан шеберхана есігін айқара ашып, тұтынушылардың тапсырысын сапалы жасап шығуға бар күш-жігерін салатын шиелілік Мұхамеджан Бақытұлының кәсіпті бастағанына 4 айдай уақыт болды. Үйінің ауласынан ашқан шағын ғана «Маке» ұлттық нақыштағы астаулар жасау шеберханасына келушілердің де қатары күн санап артып келеді. «Бастау бизнес» арқылы болашақ арманының алғашқы баспалдағына қадам басқан ағаш шебері мемлкеттен қайтарымсыз 500 мың теңге қаржы алып, ағаш оятын арнайы «станок» құрылғы сатып алады. Ең әуелі Алматы қаласында Ержан Әлжанов ағасының қасында ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын үйренген, 2 жылға тарта тәжірибе жинақтайды. Одан соң 2018-2019 жылдары Жаңақорған ауданындағы ағаш ұстасы Қасен Әлжановпен бірге ұлттық нақыштағы астаулар жасап, өзге қалаларға жібере бастайды. Ата кәсіпті ағаларынан үйреніп, ағаштан түйін түйген шебер өз алдына кәсіп ашуға бел буады.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ халқының ежелден сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды қайта жандандыру керектігі айтылған еді. Міне, бүгінде ата-баба аманатын арқалап, өзінен кейінгі інілері Оразәлі мен Асланды ата кәсіпке баулып жатқанын аңғардық. Отбасылық кәсіптің бастауындай болған құтхананың ішіндегі тынымсыз тірлікке қарап еріксіз сүйсінесің. Ұлттық ою-өрнекпен нақышталған астаулар. Емен, қарағай, қарағаш, жаңғақ ағаштарынан әдемі дүние жасап шығарған. Мұхамеджанның қолынан шыққан астаулар бұл күндер Сыр елінің барлық аудандарына жетіп үлгерді. Сондай-ақ Қызылорда, Шымкент, Жетісай т.б қалаларға да жөнелтіледі.
Жаһандану дәуірінде қайта жанданған ағаш аяқтарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Расында, ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймайды, оның ішіндегі тағам жақсы сақталады. Ағаш ыдыстың осы қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Сол дәстүрді ағасына қолғабыс етуден бастаған Мұхамеджан бұл күнде шыңдалған шеберге айналған. Ол отбасыға материалдық пайда әкеліп қана қоймай, ұрпаққа салт-дәстүрдің, қолөнердің атадан балаға мұра болып қалуына да септігін тигізіп, ағаш ыдыс тұтынушы халықтың да ризашылығына бөленіп жүр.
– Ағаш – адамзатпен ежелден бірге жасап келе жатқан табиғаттың сыйы. Ата-бабаларымыздың алғаш бірінші қолға алған қаруы да, отыны да осы ағаш болған. Содан бері ағаштың атқаратын міндеті арта берді. Сонымен бірге ағаш қазақтың тұрмысында кеңінен пайдаланылды. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. «Алтынмен аптап, күміспен қаптап» дегендей, әр әулеттің жағдайына қарай зерлеп, әшекейлеп жасалған дүниені тұтынып келген. Әр халық – өз мәдениетін жасаушы және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші. Ұлттық тәрбие – рухани уыз. Халық көптеген тәрбиелік дүниелер туғыза отырып, олар арқылы баланың жеті қырлы, сегіз қырлы болуын қамтамасыз еткен. Осынау бір ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұраны ары қарай жалғастыру – біздің мақсатымыз. Оны қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемге паш етіп, ұмыт бола бастаған мұрамызды қайта жаңғырту – ата-баба алдындағы борышымыз. Осы кәсіптің ауқымын кеңейтіп, республика көлемінде ұлықтап, дамытсақ, халықты қуантатын үлкен жобалардың бастауы болатынына сеніміміз мол, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік жуырда ғана Мұхамеджан Бақытұлы «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауына да өзінің өнімін ұсынған болатын. Өңірлік байқауға аймақ кәсіпкерлігінің түрлі саласынан 60-тан астам тауар өндіруші қатысып, топ ішінен жүлдемен оралды.
П/сы: Ата-бабамыздың дәстүрлі мұрасын бүгінгі күнге жалғастырушы шеберлерге күннен-күнге сұраныс та артып келеді. Себебі қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағандармен қымыз-қымыранын құйып, астау сынды табақпен ас әкелу, ағаштан жасалған түрлі кәде-сыйларды бір-біріне сыйға тарту бұрынғы дәстүріміздің жалғасы ретінде бүгінгі күні үрдіске айналған. Сандық, кебежелерді әспеттеп төрге қойып, қасиетті қара домбыра мен қамшыны қастерлеп іліп қою да – соның айқын айғағы. Атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлеріміздің ісмерлігін жалғаушы ұрпақ бүгінде некен саяқ. Ал олардың абыройын асырып, қадірін көтеруге ел болып барынша атсалыссақ, нұр үстіне, нұр болар еді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ