ТӘЛІМІ ЕРЕК, ТҰЛҒАСЫ БӨЛЕК
Бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған Әлайдар Қалдыбаевты танып-білген, тәлімін көрген азаматтар өзі тер төккен саласына шын жанашыр болғанын үнемі айтып отырады. Себебі оның бай тәжірибесінен, кез келген мәселені шеше алатын көрегендігінен, мінезге бай болмысынан үйренетін, өмірлік ұстанымға айналдыратын өнеге мол еді.
Ұстаздардың ұстазы Әлайдар Қалдыбайұлы 1932 жылы 12 наурызда Сырдария ауданына қарасты «Ким» колхозында, қазіргі 1 мамыр ауылында дүниеге келген. Жастық шағы қиын кезеңдерде қоныстандыру, кәмпескелеу, жер аудару, ашаршылық және репрессия жылдарына тап келді. Қилы заманды елмен бірге еңсерген жігерлі жан 1954 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты аяқтаған. Ә.Қалдыбаев ұстаздық жолды октябрьдің 14 жылдығы атындағы (қазіргі №45 Ақ орда мектеп гимназиясы) мектепте физика-математика пәндерінің мұғалімі болып бастады. Әріптестерінен еңбекке адалдығымен, парасаттылығымен ерекшеленген ол кейін аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен Ломоносов атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, физика-математика пәндерінің мұғалімі болып ауысты. Ал 1964 жылы Тартоғайдағы №154 мектептің директоры болып тағайындалды. Осы мектепте 30 жылға жуық абыройлы еңбек етіп, зейнетке шықты. Әлайдар Қалдыбайұлынан білім алған түлектер кейін түрлі салаға түрен салып, өз қызметтерінде үлкен жетістіктерге жетті. Өмірден өз орындарын тауып, халыққа еңбек етті. Алды қазір зейнеткер. Оның өз ісіне шын берілген, ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қойған жан екені туралы әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері өте көп. Кезінде бірге қызмет еткен, бүгінде 87 жасқа табан тіреген Әбен Бәкіров ақсақал ұстаздар еңбегін нағыз ерлік деп еске алады.

– Әлайдар мектеп директоры болған тұста оқушыларға білім бере отырып, еңбекке тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін басшы ұстаздардың білімі мен білігін арттыруды назарда ұстады. Жетістіктің басты кілті осы жерде екенін жақсы түсінді, – дейді ол.
Шынында да Ә.Қалдыбайұлы мектеп басшысы болған тұста әріптестерінің біріне әке, біріне аға, енді біріне ұстаз бола білді. Қандай жағдай болсын, ақылмен аңғартып, әңгімемен түсіндіретін. Ол ұстаз ұлағатының ұлылығы, парасат-пайымының биіктігінен болса керек. Ұстаз – ұлы тұлға. Ал оның еңбегі-баға жетпес құндылық.
Әлайдар Қалдыбаев ұстаз бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ауданның қоғамдық-әлеуметтік дамуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Мәселен, 1989-1994 жылдары Сырдария аудандық кеңесінің депутаты болды. Ал 1958 жылдан зейнетке шыққанша партия ұйымында насихатшылық міндет атқарды. Жарты ғасырға жуық саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, айтарлықтай құрметке бөленді. Халық ағарту саласында атқарған педагогикалық жұмыстары үшін аудандық және облыстық оқу бөлімдерінің бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1987 жылы Қазақ ССР Оқу министрлігі мен ағарту қызметркелері кәсіподағы республикалық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ партиядағы көп жылдық насихатшылық жемісті еңбегі үшін 1989 жылы КПСС ОК белгілеген стол үстіне қойылатын медалін, ал 1990 жылы Лениндік Құрмет грамотасын алды.
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деп Серке Қожамқұлов айтқандай, бүгінде Әлайдар Қалдыбаевтан білім алған шәкірттері ғана емес, абыз ақсақалдың көзін көрген адамдардың барлығы тау тұлғаны өздерінің ұстаздары деп таниды. Ұстаздың інісі Ағайдар Жұмағұлов:
– Әлекең парасат-пайымы терең, мінезге бай кісі болатын. Ол ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен көрінетін еді. Жары Орынкүл екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. 67 жасында дүниеден өтті. Өмірден өтсе де өз дәуірінің оты мен суын бір кісідей кешіп, құрыштай шыңдалған азамат ретінде есімі көптің көкейінде қалды, – деп еске алады.
Әлайдар Қалдыбаевтың алғаш еңбек жолы басталған №45 Ақ орда мектеп-гимназиясы биыл 100 жылдық мерей тойын тойлауда. Ал заманының дүбірлі аламанында жас ұрпақты білім мен тәрбиенің кәусар бұлағынан сусындатқан ұстаз көзі тірі болса, биыл 90 жасқа толар еді. Қалай болғанда да жүрегінің жылуын, нұрлы ақылы мен ыстық қайратын, телегей-теңіз білімін аяулы да қымбатты шәкірттеріне, өзі туып өскен еліне арнаған бірегей тұлға, ұлағатты ұстаз Әлайдар Қалдыбайұлының ғасырдан артық ғибратты ғұмыры ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ