Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт ұстазының ұстанымы керек

Ұлт ұстазының ұстанымы керек

«Әлі газет оқисыз ба?» бүгінде осы тақілеттес сауалдар көбейіп барады. Оған себеп смартфондағы әлеуметтік желілердің жылдамдығы мен жас-кәріні өзіне баурап алуы. Қала берді «газеттің не керегі бар?» деген жаңсақ пікірдің қалыптасуы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ мүлдем кітап бетін ашпайтын, газет оқуға құлықсыз жандарды кезіктіруге болады. Дейтұрғанмен, газет-журналдың, кітаптың орнын ештеңе баса ­алмайды.
Ақпарат айдыны алға адымдаған сайын ұлы көштің арасындағы бедері айқын, берері мол басылымдардың қатарында қазақ баспасөзінің қара шаңырағының бірі ретінде аудандық «Өскен өңір» газеті де өзіндік бағыт-бағдарынан жаңылмай келеді. Ғасырға бергісіз тарихы бар басылымда бірнеше буын ауысты. Басым көпшілігі кешегі «Стахановшы мен Коммунизм жолы» шекпенінен шығып, «Өскен өңірде» тәрбиеленді.
Кеңінен көсілетін болсақ, «Өскен өңір» газеті – өткен ғасырдың басындағы «елім, жерім» деген Алаш арыстарының, қаламы қарымды ақын-жазушылардың, ел тұтқасын ұстаған саясаткерлердің қаламының ізі қалып, толғаныстарын тасқа басқан, талантын ұштаған киелі орда. Сол үрдіс бүгінгі буынға да үлгі болып, өнегелі істерін өрге оздыруда. Ғасырға жуық ғұмыры бар басылымда бүгінде қарымды қаламгерлігімен жұртты мойындатқан, майталман журналистігімен дараланған, халық арасында беделі зор, елі үшін елеңдеуден арылмаған тұлғалар жұмыс істеді. Қазір де сол ірілер салған ізденісті ізден жаңылмай, қазақ руханиятының өрлеуіне өзіндік үлес қосатын жас журналистер буыны жетіліп келеді. Қандай ақпарат құралы болса да, ең бірінші елдің тыныштығы, өркендеп-өсуі, кемелденуі жолында еңбек ететіні хақ. Газеттің бағын ашып, беделін арттыратын – журналистердің мамандыққа адалдығы мен өзара түсіністігі бір бөлек.
Бірде жұмыс бабымен халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Өз кезегімді тосып отырғанда, бір ақсақал мен менеджердің екеуара диалогын құлағым шалып қалды. Әлгі жас жігіт қарияға: «Көке, сіз әлі газет оқисыз ба?» деп таңырқаған жүзбен сауа­лын жолдады. Сонда ақсақал: «Әлбетте, оқимын. Неге оқымасқа? Бұл басылымдар менің бала күнгі серігім. Оқырман ретінде бір күн газет оқымай қалсам, бүкіл нәрседен мақұрым қалғандай сезінемін. Қазір жастар, әсіресе ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысатын ұстаздарға газет-журналды көп оқуы керек. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы газетке қалай жанашырлық танытты десеңші?! Соны ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі ұстаздарға да сондай ұстаным керек» деп жауап қатты.
Иә, қарияның бұл айтқан сөзінің жаны бар. А.Байтұрсынұлы «Қазақ» газеттің бас редакторы болып, оның алғашқы нөмірінде газет атауына қатысты былайша түсінік берген: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы». Және Ахмет Байтұрсынұлының сондағы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегені бүгінде қазақ баспасөзінің басты ұранына айналды. Ол зиялы қауымға газеттің қоғамдағы алатын орнын ұғындырып, басылым халық үшін аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті.
Мәселен, америкалық «Вашингтон пост», «Нью-Йорк Таймс» және басқа ел газеттерінің таралымы жоғары. Ойланыңызшы, сонда бәрі дамыған елде, газет қажеттілігі болмаса онда неге бұл ақпараттық сала жұмысын мүлдем тоқтатып, яғни баспасөзді матап тас­тамайды?!
Әр нәрсенің өзіндік озығы мен тозығы бар демекші, интернеттің жаңалық, хабарды жылдам жеткізетіні, сөз жоқ, керемет, оны да тиімді пайдаланайық. Бірақ ақыл-ойы қалыпты, сана-сезімі жоғары, парасатты адам баспасөзден еш алыстамауы­ керек. Қолыңа газетті кеңінен жая отырып, асықпай оқысаң көп нәрсенің байыбына барасың, жақсы түсініп-түйсінесің, оқығаның кәдімгідей ойға азық болады. Айта кету керек, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Жас Алаш», «Сыр бойы» сынды көптеген қазақ басылымдары адамдықтың ақ жолына түсіреді, адалдықтың ақ бұлағынан су ішкізеді. Сол сияқты ұлы Абай атамыздың «Артық білім – кітапта» деп атап айтқаны да бар ғой, осы сөздің мән-мағынасына да терең үңілгеніміз жөн-ау.
Ендеше, ардақты ағайын, газетке жазылайық, кітап оқиық!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
02 тамыз 2022 ж. 502 0