Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тырысқақ -  қауіпті дерт

Тырысқақ -  қауіпті дерт

Тырысқақ (лат.сholera) - антропонозды жіті ішек жұқпасы, халықаралық
медициналық санитарлық ережелерге сәйкес карантинді жұқпаларға жатқызылады.
Тырысқақтың қоздырғышы холера вибрионы болып табылады. Аурудың жұқпа көзі – ауру адам немесе тырысқақ бойынша қолайсыз аймақтан келген қоздырғышты нәжіс немесе құсық арқылы бөлетін вибриотасымалдаушылар. Тырысқақтың қоздырғышы науқас адамның нәжісі, құсығы арқылы суға, дайындалған асқа, сырт киімдерге, күнделікті тұрмыстағы заттарға түседі. Қоздырғыш жұқтырылған тағам және су арқылы ауыз қуыс арқылы адам ағзасына түседі, ауру адаммен қатынаста болғанда немесе тұрмыстағы заттарды пайдаланғанда жұғады.
Ауру таралуының негізгі себебі қауіпсіз судың тапшылығы не жоқтығы, санитариялық құралдың болмауы, бұған қоса қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауы болып табылады.Тырысқаққа шалдыққан науқастарға ем шара жасалынбаса, өлім коэфициенті 30-50 пайызға дейін жетеді.
Тырысқаққа тән нәрсе аурудың бірден жедел түрде, аяқ астынан басталуы. Аурудың алғашқы белгісі іштің өтуі. Науқастың іші ауырмайды,дерттік күшену болмайды,нәжіс сұйық, түсі лайлы ақ түсті келеді. Науқастың нәжісі күріштен жасалған қайнатпаға қатты ұқсас болады., тәулігіне іші бірнеше рет өтеді. Үсті-үстіне құсады.
Алдын алу жолдары. Аурудың алдын алу мақсатында жаз маусымында арнайы белгіленген жерлерге шомылып, көкеніс пен жеміс –жидектерді таза суға қайта-қайта жуып пайдаланған абзал.Сондай- ақ жеке бас сақтық гигиенасын, әсіресе балалар арасында қатаң қатаң қадағалау қажет. Ауыз суды міндетті түрде қайнатып ішу қажет. Тұрмысқа қажетті ыдыс –аяқтарды жууға және күнделікті пайдалануға қажет ауыз суды ашық айдын, көл, арықтардан алынған суды пайдаланбау керек. Дайындалған тағамдарды ашық қалдыруға болмайды.Үй іші мен аулаңыздың тазалығын қатаң түрде сақтаған жөн. Ас ішер алдында, сырттан келгенде, дәретханадан кейін қолдарыңызды жақсылап сабындап жуыңыз. Тәні саудың жаны сау демекші, денсаулығыздың мықты болуы тек өз қолыңызда екенін естен шығармаған жөн.

Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы
Бекжанова Забира Амангелдиевна



15 шілде 2022 ж. 875 0