Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолыңды қара мысық кессе...

Жолыңды қара мысық кессе...

Қара мысық алдыңды кесіп кетсе жолың болмайды. Бұл жас балалардың алдамшы ырымға сенгені, балалығы десек те кейбір ақыл тоқтатқан, білімді де саналы жандардың бұған иланатыны бар. Сонда дейміз-ау, Алла тағала біреудің сапарын оңғарып, сол бара жатқан жағынан табысты, олжалы оралуды жазды делік. Сөйтіп, сол берекелі сапарына шығып бара жатқан адамның жолын қара мысық кесіп өтті. Сол сәтте-ақ Алланың адамға жазған тағдыры өшіріліп, қауқарсыз болып қала ма? Алланың бұйырғанынан қара мысықтың жүрісі күшті ме? Жоқ әрине. Бірақ, оған ел сенеді ғой. Әрбір амалдың артында үлкен сыр жатыр дейміз. Ендеше мұның артында не жатыр? Олай болса қолдағы бар деректерге назар салайық.
Бұл ырым Кеңес өкіметі тұсында келді деген жорамалға сенейік. Бірақ, «Арамыздан қара мысық өтті» деген мәтел ертеден бар емес пе? Неге өзге мақұлық емес, қара мысық. Алайда әлгі ырымға сенетіндер мысық қара ма, ақ па оған қарамайды. Мысық кессе болды, жолы болмай қалады екен. Демек Кеңес өкіметі тұсында пайда болды деуіміз анығырақ болмақ.
Кеңес өкіметі кезінде келген бұл ырымның астарында екі адастырушылықтың көрінісі жатыр. Біріншісі бұл асыл дініміз түспей тұрғанда Араб даласындағы адасушылықтың көрінісін біздің санамызға алып келу. Яғни, жахилет заманында арабтар осындай ырымдарға сенушілерден болатын. Соның бірі алдынан қара түсіті мақұлық өтсе жолымыз болмайды деген ұғым. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ға пайғамбарлық түскен соң сол соқыр сенімнің барлығына тыйым салынды. Ал. Кеңес өкіметі Пайғамар (с.ғ.с) қай сенімдерге тыйым салды, соның өңін өзгертіп қазақ даласына таратты.
Екіншісі жолыңды қара мысық кесіп өтсе үш рет айнал, үш рет жерге түкір деу арқылы дін қағидаттарын бұздыру. Себебі, асыл дінімізде ретсіз жерге түкіруге тыйым салады. Түкірген жағдайда сол аяғыңмен басып, табаныңды жерге үйкелеуің шарт. Себебі, Ібіліс түкіріктің барлығын жинап жүреді. Сөйтеді де дүниеден өтер кездегі жантәсілім сәтінде ерні кеуіп шөлдеп жатқан адамға «Менде кәусар, салқын су бар» деп көрсетеді. Екі өмірдің ортасында жатқан пенде суды амалсыздан сұрайды. Ібіліс дереу сұраушының аузына қотарып жібереді де, бұл сенің өмір бойғы түкірген түкіріктерің дейді екен. Міне, осы қателік қайдағы жоқ ырымдар арқылы бізді апарды Кеңес саясаты.
Ібіліс періште болып тұрған кезінде біліміне масаттанып жоғары қарап жұмаққа, төмен қарап жерге түкіріп, менен асқан білімді жоқ деуші еді. Ол сол қылығымен де Аллаға жақпаған болатын. Аллаға жақпайтын осы жаман әдеттерді Кеңес заманында біздің балаларымызға орындатты. Ал, орнында тұрып үш рет айналу «Шаман» дінінің сарқыншағы екенін айтпаса да түсінікті. Мінекей, осылайша болмашы бір ырыммен халыққа қаншама дінсіздіктің жоралғыларын орындатып келеді. Бұл Кеңес өкіметінің мұсылманды діннен шығару идеологиясының жемісі болатын дейді зерттеушілер.
«Қара мысық алдыңды кессе жолың болмайды» деген ырымның қазақ ортасына келуіне өзге де ел сенімдері ықпал етті, дейді мәдениет танушылар. Соған тоқталсақ. Адамзат баласы бағзы заманнан-ақ мысықты сиқырлы жануар деп ойлаған. Ежелгі мысырлықтар мысықты фәни мен бақиды жалғастырушы деп есептеген.
Сол кездегі Гректің сиқыршылары «мысықтың көзі басқа әлемнің көрінісі, өзге дүниеге апаратын жол», деп сенеді. Әлемнің әр еліндегі халықтар мысыққа байланысты сан алуан салт-дәстүрлерді өмірге енгізіп, бұлжытпай орындап келеді. Айталық, Орыс халқы жаңа үйге, не пәтерге қоныстанар алдында сол бас­панасына әуелі мысықты кіргізеді. Мұндағы наным-сенім: мысық үйді тылсым күштерден тазартады. Адам көзіне көрінбейтін тылсым дүниені көре алады, онымен байланыста болады», – деп ойлайды. Олардың дәлелдеуінше, мысықтар біздің өмір сүріп отырған әлемімізді жұлдызды әлеммен жалғастырып, адамдарды тылсым күштерден қорғай алатын қасиетке ие. Мысықтың алдыңды кесіп өтуі саған кесірін тигізейін дегенінен емес, керісінше, сені төніп тұрған қауіп-қатерден сақтандырып, сездіргені. Яғни, ол жаққа барма, алдыңда қауіп күтіп тұр дегенді ұқтырғаны дейді. Осылайша адамды қорғауға тырысқаны дейді жануарлар тылыс әлеумін зерттеушілер. Бірақ, алдыңды кескенде үш рет айналу, түкіру, түйме бұрау жайлы айтпайды ғалым.
Бірде Сүлеймен пайғамбарға бір бай адам барып, маған жан-жануардың тілін үйретші деп қоймапты. Пайғамбар мұның ауыр екенін, тіпті жай адамдар мүлде көтере алмайтынын айтады. Оны түсінбеген әлгі адам «Пайғамбар білгенін үйретуді қаламайды, қызғанышпен үйреткісі келмейді» деп елге жаяды. Онымен қоймай күнде мазасын алып келеді де тұрады. Бір күні Алладан хабар келіп, ит пен мысықтың тілін әлгі адамға түсінуге мүмкіндік беретіні айтылып, Сүлейменге «әлгі адамның аузына түкір» деп бұйырады. Пайғамбар бұйрықты орындап, аузына түкіреді.
Содан бастап бас үйінде отырып ит пен мысықтың сөйлескен әңгімелерін тыңдайды екен. Бір күні итке бір жапырақ етті лақтырып жібереді. Сол кезде талдың үстінде отырған мысық секіріп түседі де етті ала қашып, талға мініп кетеді. Ит:
– Әй, мысық. Мұның арамдық іс емес пе? Бұл етті егеміз маған тастады емес пе, – дейді. Сонда мысық:
– Әй ит. Бұл бір жапырақ етке сенің қарның тоймайды. Сәл шыдасай. Бүгін түнде мына байдың үлкен көк қошқары арам қатады. Соны жеп жатпайсың ба? – дейді. Мұны естіген бай алақанын ысқылап, Алланың жіберген шығынының алдын орайын деп көк қошқарды сатып жібереді.
– Арада тағы да бірер күн өткен соң итке бір жапырақ етті және лақтырып жібереді. Мысық тағы да алып кетеді. Сонда ит:
– Әй, мысық, мен сенің сөзіңе сенбей қалдым. Өледі деген қошқар да, жорға да жоқ. Сондықтан етті маған бер, – дейді. Сонда мысық:
– Әй, ит. Сәл сабыр ет. Алла мына байдың үйіне тағы да шығын жіберіп жатыр. Ол шығын ана қара жорғасына түсіп тұр. Бүгін түнде арқанға оралып өледі. Соның етін жеп жатсайшы, – дейді. Мұны естіген бай қара жорғаны да дереу құртады да, Алла жіберген шығынды айналып өттім деп одан әрі масаттанады.
Арада тағы да бірер күн өткен соң итке бір жапырақ етті және лақтырып жібереді. Бұрынғысынша талдан секіріп түсіп алып кеткен мысыққа ит бұл жолы қатты ашуланып:
– Әй, мысық, мен сенің сөзіңе сенбей қалдым. Өледі деген қошқар да, жорға да жоқ. Сондықтан етті маған бер, – дейді. Сонда мысық:
Бұл жолы бәйекең Алланы алдай алмас. Үйіне келе жатқан шығындарда жанынан артық көрген байдың Алла үйіне адам шығынын жіберіп жатыр. Қара да тұр, бүгін түнде байдың жанын алады. Сосын жиылған елге неше күн бойы мал сойылып, қанша сүйектер шығады. Соның барлығы саған тисілі болмай ма, – дейді. Мұны естіген бай қатты қорқып кетеді де, Сүлеймен пайғамбарға жетіп барып, зар жылап, болған жайды айтады. Сонда Пайғамбар: «Саған өзге жаратылыстың тілін білудің адамдарға қажетті жоқ дедім емес пе? Енді амал жоқ көнесің» дейді.
Осылайша отбасына келген шығынды жанынан артық көретін байдың тағдыры шешіліпті деседі. Сол күні ит егесіне келе жатқан ажал хабарын көріп, көкке қарап ұзақ ұлыпты. Амал не, бай сол түні көз жұмған екен. Міне, содан бері ит егесіне бір қайғылы хабар келе жатса оны алдын ала көріп, ұлиды екен. Содан болса керек бұрынғылар ит ұлыса басыңды жұт деп қарағанатын.
«Ит пен мысықта бөтен көз бар, олар біз көрмегенді көре алады» деп те иланады ел. «Көзге көрініп тұрған ғалам біреу ғана болса, көрінбейітіні үшеу» деген Мәшһүр-Жүсіп айтқан ғаламын расындаа олар көре ала ма, жоқ па? Бір Аллаға аян.
Әзірейіл періште адамның жанын алуға келгенде оны жантәсілімде жатқан адам және ит пен мысық көретіні жайлы да хабарлар бар, – дейді С.Торайғыровв атандағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қуандық Мәшһүр-Жүсіп бір еңбектерінде.
Жоғарыда баяндалған хиссада мысық жамандықты көрді деп келеді. Сондықта адамдардың мысыққа деген үрейі пайда бол­уы да мүмкін. «Мысық тілеу екенсің» деп арам пиғылдыларды сөгіп те жатады. Себебі, мысыққа тамақ бергенде маңдайынан ұрып бер. Ол ертең ақіретте егем маған тамақ бермеді деп айтады. Ал, маңдайынан ұрсағ көзіг ашады деген жалған наным бар.
Алланың үйі – мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар ол – мысық. Осыдан ақ бұл үй жануарының исламдағы орнын біле беруге болады. Әлемге нұрын төккен, адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз да мысықты ерекше жақсы көрген. Алла елшісінің Му’изза есімді аппақ мысығы болған деседі. Екі дүние сардарының оны жақсы көргені соншалық, шапанының етегінде ұйқтап қалған мысықты оятып алмау үшін шапан етегін қиып тастап барып орнынан тұрып кеткен. Мысық ішкен сумен дәрет те алғанын мына хадистен аңғаурға болады: Анас ибн Маликтен біреу мысық жайында сұрағанда, ол былай деген екен. «Бірде Алла елшісімен (с.ғ.с) бірге Бухтарни жеріне жолға Алайда ол келгенінде дәрет суы құйылған ыдыс­тан бір мысық су ішіп жатты. Ардақты елші (с.ғ.с) болса, мысықтың шөлі қанғанша күтіп тұрды. Сонда мен суды жаңартайын дегенімде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): « Ей Анас, мысық деген таза жануар және ешқашан ештеңені кір қылмайды», - деп жауап берді».
Бұл оқиға енді бір әңгімеде былай өріледі. Дәрет алу үшін бір ыдысқа су құйып қойған едім. Мысық келіп сол ыдыстан су ішті, сонда ағам Әбу Қатада тағы біраз су ішсін деп ыдысты мысықтың алдына жылжытты. Менің таң қалып қарап тұрғанымды байқап: «Неге таң қаласың? Расулуллаһ алейһиссалам: «Мысық нәжіс емес. Сендерді айналып жүретін (сүйкімді) бір жануар» деп айтқан» – деді. (Тирмизи, Нәсаи, Әбу Дауд, Мууатта). Басқа бір хадис шәрифте де мысықты жақсы көрудің иманнан екенін білдірген.
ЗОО ғалымдар мысық әубастан жер бетінде тышқан аулау үшін емес басқа мақсат үшін жаратылған. Яғни, оның негізгі мақсаты: бойындағы таңғажайып сиқырлы күшімен, ерекше қасиеттерімен өзі тұратын үйді жын-шайтаннан, теріс энергиядан сақтау. Егерде бөтен бір мысық үйіңе келіп, ішке енгісі келсе, оны кері қумау қажет. Себебі, ол өзінің сиқырлы қызметін жүзеге асырып, сол үйді аластау үшін келген дейді. Бұл әрине, тылсым күштерлі зерттеушілердің пікірі. Оған сену, сенбеу әркімнің өз ықтиярында.
Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір мәжілісте: «Исламда тәшәум жоқ. Ең жақсы жорамал – тәфәул» деген кезде, сол жердегілердің бірі: «Уа, Алланың елшісі, тәфәул дегеніміз не?»,– деп сұрағанда ол: «(Жақсылыққа жорыған) жақсы сөз», – деп, дұрыс ойлауға шақырған.
Жақсы ит пен мысық өз өлігін егесіне көрсетпейді деген де бар. Демек олар расында жан алушы періштені не өзге бір тылсымды білуі, көруі ықтимал. Бірақ біз тағдырды жаратылғаннан емес жаратқаннан ғана күтеміз. Мұхаммед с.ғ.с-ның «Көместі Алла ғана біледі» деген сахих хадисіне ғана амал етуіміз керек.

Сәкен Алдашбаевтың
«Салт пен сана» кітабынан алынған
13 шілде 2022 ж. 1 429 0