Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Киік матауы», «Теке бұрқылды» білесіз бе?

«Киік матауы», «Теке бұрқылды» білесіз бе?

Көненің көзін көргендердің әрбір айтқан ақылы шындыққа айналатыны сөзсіз. Әсіресе, ай амалдарына байланысты жорамалдары дөп келеді. Өкінішке орай, бүгінгі күні осы ақылға құлақ асатындар азайып кеткендей. Себебі аңызға балап, жүре тыңдайтындар бар.
Мәселен, киелі Шиелінің табиғаты бөлектеу. Жазы тым ыстық. Ауа райының құбылуы да өзгеше. Міне, осыған орай аталарымыз күннің райын болжап, жолға шығатын жолаушы мен мал бағатын бақташыға ақыл-кеңес айтып отыратын. Соған сәйкес ауыл тұрғындары да жұмысын реттеп, ақылға бой ұсынушы еді.
Ал қазір дәл осындай болжау айтатын аталарымыз жоқтың қасы. Сол дала ділмарларының асыл қасиетін жаттап қалғандар да қалмаған. Осыдан барып түрлі келеңсіздікке ұрынамыз. Кейінгі жас­тар Қазгидромедтің болжамына сүйеніп, интернет арқылы анықтап әрекет етіп жатады. Енді осы тұста сол аталарымыздың ежелден келе жатқан бір екі ай амалына ой жүгіртіп көрелік.
Орыстардың «Крещенские морозын» білесіздер ғой, соны бір жерде «бөрі сырғақ» деп атапты. Негізі ол – сары аяз деп аталады. Қыс шілдесі деп аталатын уақыт. Осы кезде аяздың шарықтау шегі. Қыстың қақаған уақыты осы уақытта болады. Ал одан кейін аталарымыздың көп айтып отыратын уақыты ақпанның соңғы аптасы.Бұл кезде малшылар өте сақ жүреді. Жалғыз жолға шығып, мал жаюға жібермейді. Ол – «бөрі сырғақ». Ақ түтек боран соғып, қыстың соңғы айында болмаған суық болады. Ат құлағы көрінбейтін боран осы уақытта күш алады. «Бөрі сырғақ» деп аталуының өзі айтып тұрғандай, ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады.
Табиғаттың тылсым дүниесі дала жануарларымен байланысты. Қазақ осы белгілерді анық танып, табиғаттың құпиясын ерекше білген. Жай ғана болжау емес, сол жан-жануарлардың да сырын жақсы меңгерген. Енді мамыр айында болатын «Құралайдың салқыны» дегенге де тоқтала кетейік. Мамырдың жиырмасынан ары қарай, күн суытып, жаңбыр араласқан жел соғады. Ол кейде бес күндей болса, кейде аптадан асып жығылады. Осы кезде құралай лағын өргізіп, ауа райымен тыныстайды.
Байырғы бабалардың айтуы бойынша, құралай жаңбырға төлдігін жуғызып, желге кептіретін көрінеді. Ал осы айдың басында «қызыл жұмыртқа» деген атау бар. Қаз-үйректің алғашқы жұмыртқалары жарылып, қызылшақа балапандары жарыққа шыққан кезі. Бұл бір күндік салқынға ұласады. Қандай керемет?! Даланың тіршілік иелеріне де табиғат құбылысы әсер етеді. Жаратушының адамзат пен жан-жануарға жасаған ерекше нығыметі екені анық.
Желтоқсанның орта тұсында «Теке бұрқыл» деген амал бар. Мұнда теке мен арқар жұптасатын кез. Ол кезде де ауа райы бұзылып, қарлы боран соғады. Арқаның ақ бораны осы кез.
«Киік матауы» дегенді естуіңіз бар ма?! Күн үрлесін болып, айнала көзге көрінбей бұрқасындатып тұратын кезді «киіктің матауы» деп атаған. Ол он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киіктің (ақбөкен, қарақұйрық, киік және басқалар) текесі үйірге түседі.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
13 шілде 2022 ж. 500 0