Қоян алған құзғын қарға
«Жүре берсең көре бересің» демекші 1978 жылы Телікөл совхозында қой бағып жүріп, дархан далада орын алған бір көрініске куә болып едім. Әдеттегідей қой қоздап, далада у-шу болып жатқан кез. Қозысы бар қойлар үйге қарай бет алса, қозысы жоқ қойлар өріске қарай тартады. Екі бөлінген отарды бір-біріне қоса алмай әлек боламын. Осылай күнделікті тірлігімді атқарып жүргенде Құрасу деген жерде отардың көбісі бір нәрседен бытырай үркіп тұс-тұсқа қашып жатыр. Апырмай, басын енді біріктірдім ба дегенде жыраның ішінде бұғып жатқан қандай қасқыр екен деп дереу итімді айтақтадым. Құйрығың бұлғаңдатып, үре жөнелген итімнің ізімен менде жыраға жақындадым. Мен келген кезде қойларды үркіткен нәрсе отардан бөлек шығып кетті. Алыстан бақылап қарасам қоянды бір құзғын қуып жүр екен. Енді қоян қуған құзғын мені одан әрі қызықтыра түсті. Сол сәтте марқұм әкемнің айтатын әңгімесі ойыма орала кетті. Ол құзғын қарғалар туралы мен үшін құпия әрі қызық ақпарат айтқан еді. «Оның басқа қарғалардан айырмасы тұмсықтары ұзын әрі үлкен. Қанат қағыстары да бөлек. Су-су етіп екпінді өтеді. Кез келген аңды, тіпті қойды да еркін ала береді», – деп айтып отыратын әкем. Құзғын қарғалардың қысы-жазы биік жартаста мекен ететіндігін, жылы жаққа ұшпайтындығын, олардың мың жас жасайтындығын да әкемнің өз аузынан естігенмін. Осы әңгімелер есіме түсіп отырғанда құзғын қарға құрығына қоянды түсіріпті. Ә, дегенде екі көзін ағызып жіберіп, қоянды тыпырлатқан күйі бас салуда. Мұны көрген итім өлім мен өмір үшін арпалысып жатқан қоянға атыла жөнелді. Мен дереу аттан түсіп, қоянды итке жегізбей қоржынға салып алдым да, Ақжардың жартасына қарай жақындап барып, жарға лақтырып жібердім. Себебі, әкем: «Құзғын қарғаның шұқыған нәрсесі, тырнағы тиген жері қотыр қылады» деп айтатын. Құзғын қарға туралы көп ақпарат білетін әкем олардың ұйықтап жатқан қозының да көзін ойып алатынын айтты. Осыдан кейін мен оларды бақылауға тырыстым. Ақжардың жартасына барып қарасам, бір емес бірнеше ін бар екен. Іннің аузынан анда-санда балапандар басын шығарып асыраушыларын асыға күтіп отыр. Бір кезде тұмсығымен жемтігін тістеп, қанатын бар екпінімен қағып келе жатқан құзғын қарға көрінді. Салақтатып әкелген жыланды шұқып біртіндеп балапандарына беріп жатты. Сәлден кейін қарғаның екіншісі келді. Оның әкелген қорегі қоянның көжегі болып шықты.
Жұмабек ӘЛТАЙҰЛЫ,
Ы.Жахаев ауылы.
Жұмабек ӘЛТАЙҰЛЫ,
Ы.Жахаев ауылы.