Қант неге тапшы?
Сарапшылар елдегі қант тапшылығына байланысты жағдайдың күн сайын қырық құбылып тұрғанын айтады. Сауда және интеграция министрлігінің ерте көктемде «елде қант қоры үш айға жетеді» деген уәдесінің күші жазға жетпей алқынып қалды. Қант тапшылығына байланысты «Рахат» фабрикасының өзі көптеген кәмпит түрін өндіре алмай отырғанын, сондай-ақ осы себептен компанияның Шымкенттегі фабрикасы жұмысын тоқтатқанын хабарлаған-ды.
Тіпті бала күннен дәмі таңдайымызда қалған барбарис, ирис тәрізді тәтті түрлері енді шықпайды деген деректер де айтылып қалды. Осының өзі елдегі қант қорының қандай деңгейде екенін аңғартса керек.«Лотте Рахат» фабрикасының басқарма төрағасы Константин Федорецтің айтуынша, кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығында жұмыс істеп жатқан қант зауыттарының бәрінен қант сатып алады, өзгесін импорттан алады. Ал ЕАЭО-ға кірмейтін басқа елдерден қант әкелу қымбат. Үшінші елдерден келетін импорт өнімдерге салынған салық бағаны 35 пайызға көтеріп жіберді. Көп жылдардан бері қантты Ресейден импорттап келгендіктен қант соншалықты қат дүниеге айналмаған-ды. Көрші елдің импортты шектеу туралы шешімі бізді аз ғана уақыт ішінде қантсыз қалдырайын деп тұр. Келер жылы көрші ел шектеу мерзімін тағы көтерсе, бұл мәселе тағы да алдымыздан шығады.«Үкімет бізге қажетті 20 мың тоннаның 1600 тоннасын бажсыз әкелуге квота берді. Бұл қажеттілікті өтей алмайды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, квотаны көбейту үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Үкімет мәселені шешуге уәде берді», дейді К.Федорец.Сарапшы айтып өткендей, Ауыл шаруашылығы министрлігімен квотаны ұлғайту бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұл мәселе алдағы уақытта Үкімет деңгейінде шешімін табуға тиіс.Сондай-ақ спикер назар аударған екінші мәселе – отандық өнім өндірушілер үлесінің төмендігі. Тарқатып айтқанда, тәттілер нарығындағы импорттың үлесі – 96 пайыз, біздің үлес – 4 пайыз. Сол 4 пайыз – бұл ұн мен қаптама. Содан кейінгі жаңалық – импортерлердің қатарындағы өзгерістер. Соңғы жылдары қазақ тәттісін өзбек пен қырғыз ағайындар да сатып ала бастаған. Бірақ ең басты экспортер ел – 62 пайызбен Ресей көш бастап тұр. Қырғыздардың үлесі – 15 пайыз, өзбек ағайындардың үлесі – 14 пайыз. Қалған 9 пайыз өзге елдерге кетеді. Сәуір айында Ресейге импорт 4 пайызға, мамырда 8 пайызға өсіпті.«Біздің ішкі нарықтағы үлесіміз – 21 пайыз. Ішкі нарықтағы импортер бәсекелестеріміз сапаға емес, арзан бағасына басымдық беріп келді. Басты импортер – Ресей біздің басты бәсекелесіміз. Тым болмаса, тәтті нарығы қажетті шикізатпен қамтамасыз етілсе, бұл жағдай біздің пайдамызға қарай өзгеретін еді», дейді К.Федорец.Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде 1,5 айға жететін қант қоры барын, кішкентайлар қантсыз, әйелдер тосапсыз қалмайтынын айтып, сендірген болатын. Бірақ қанттың 70 пайызы елге шетелден жеткізілетіндіктен шарықтаған бағаны түсіру біздің еркімізде емес екені белгілі болып қалды. Қазір ішкі нарықтағы қант Үндістан мен Бразилиядан тасымалданады. Жол шығынын қосқанда 1 келі қанттың көтерме бағасы 450-500 теңге тұратын өнім сауда нүктелеріне жеткенше 600-800 теңгеге өсіп кетеді.Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елде мың тонна қант барын, тағы 12 мың тонна жолда келе жатқанын айтады. Одан басқа 29 мың тонна қант құрағы да бар.Бірақ қазір елімізде қант тапшылығы шынымен сезіліп-ақ тұр. Қазіргі баға – 700-800 теңге.Жағдай тұрақталғанмен, мәселе шешілген жоқҚазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, бірер күннен бері «Рахат» фабрикасының Шымкенттегі филиалына және еліміздің өзге аймақтарына да қант жеткізіліп жатыр. Тараз және Көксу, Мерке қант зауыттары тәулігіне 300-ден 720 тоннаға дейін шикізат өндіруге мүмкіндік бар. Биылғы күзден бастап Көксу және Мерке қант зауыттары қызылша шикізатынан қант өндіруді бастайды.Біздің мақсатымыз «қант жоқ» деп байбалам салу емес. Мысалы, елімізде алкогольсіз сусындар саласында 431 компания жұмыс істейді. Олардың 14 пайызы – өндірушілер, қалғандары – дистрибьюторлар. Сусындар өндіру мен таратудағы шағын және орта бизнес үлесі – 95 пайыз. Демек қант тапшылығы мен қымбаттағаны ШОБ-тің 95 пайызының жұмысына кері әсерін тигізгелі тұр. Сөзімізді нақты дерекпен тұздықтасақ, ішкі нарықты тек қызылша қантымен қамтамасыз ету үшін 4 млн тоннадан астам қант қызылшасы керек. 4 млн тонна қант қызылшасын өзімізден алу қазір мүмкін емес. Сол себепті сарапшылар жағдай тұрақталғанша қант құрағын пайдалану керек деген пайымды алға тартып отыр. Себебі біздің зауыттар қызылша жинау науқаны басталғанға дейін қант құрағынан 500 тонна қантты өзімізде өндіруге мүмкіндік бар. Демек бұл тұста да бар мәселе қант шикізатына байланып тұр. Қант тапшылығынан туындап отырған проблемаларды бір бағытпен ғана байланыстырмау керектігін сарапшылар талайдан бері айтып келеді.«Алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығының» басшысы Әлия Мамытбаеваның пайымдауынша, қоймаларда қант қоры жеткілікті болғанмен, жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Басы ашылмаған түйіндер жетеді. Себебі биылғы қант шығымы қандай боларын, үш айдан кейін жағдайдың қалай өзгеретінін ешкім де болжай алмайды. Қазақстандық өндірушілер компанияларды тиісті сападағы қажетті көлеммен қамтамасыз ете алмайтыны түсінікті. Кәсіпорындардың көпшілігінде айналым қаражаты жеткіліксіз, логистика мәселесінде де қордаланып қалған проблема жетеді.Ә.Мамытбаева түсіндіріп өткендей, Үкіметтің 2022 жылғы 14 наурыздағы №361 қаулысымен ақ қант пен шикі құрақ қантты Ресей Федерациясынан экспорттауға тыйым салды. Ал 2018 жылы Арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша ақ қантты бажсыз әкелуге шектеу енгізілді. Ішкі нарықтың қантқа деген қажеттілігі – 582 мың тонна. Халықтың қажеттілігі – 245 мың тонна, кондитерлік өнімдер дайындауға – 100 мың тонна, сусын өндірісіне – 155 мың тонна кетеді. Соңғы бес-алты жылда тәтті сусынға сұраныс артқандықтан, құмшекерді тұтыну көлемі де өсті. Себебі тәтті саудасы тек жазда ғана емес, қыста да қызып тұрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы 673,9 млн литр минералды және газдалған сусын шығарылған. Бұл өсім жыл сайын 5 пайызға өсіп келеді. Ал алкогольсіз сусын өндірісінің көлемі – 1,59 млрд литр. 19 млн халқы бар мемлекетке бұл көрсеткіш жоғары. Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы тарапынан қазақстандық өндірушілерден тәтті сусындардың құрамындағы қант мөлшерін азайту туралы ұсыныстар айтылған, оның орнын құрамында қанты аз сусындармен алмастыру жайы да сөз болыпты.Ә.Мамытбаева бұл ұсынысты қолдайтынын, бірақ бәрі іс жүзінде қалғанын айтып берді. Себебі өндірушілерді іс жүзінде мәжбүрлейтін заң тетігі, тәтті сусындағы қант құрамын бақылап отыратын зертханалардың да мүмкіндігі шектеулі. Сондай-ақ сусындарға қолданылатын өнімнің кейбір түрлерін де шетелден импорттап келдік. Ал біздің еліміз¬де өсетін ТК-2 санатындағы қант түрі өнер¬кәсіптік өндіріске жарамсыз екен.Қауымдастық мәселені шешу мақсатында 2021, 2022 жылдары келісімге қол қойған компаниялар үшін Ресей Федерациясынан «Экстра» санаттағы қантты экспорттаудағы шектеулерді алып тастау керек деген ұсынысты тағы да жаңғыртып отыр. Себебі квота арқылы ресейлік қантты әкелуге рұқсат беру мерзімі әлі жарамды. Сондықтан ЕАЭО-ға кірмейтін үшінші елдерден ақ қант импорты бойынша арнайы инвестициялық келісімшарттар шеңберінде преференцияларды қайта қарау, импорт мерзімін ұзарту, үшінші елдерден квоталар көлемін 250-ден 500 тоннаға дейін ұлғайту керек деп отыр.Қауымдастық басшысының баяндауынша, бүкіл сала жұмысы шиеленіскен күйде қалады. Қант тапшылығын пайдаланған жергілікті дилерлер бағаны көтеріп жіберуге тырысуда. Ал мемлекеттік ұйымдар органдардың қантты өнеркәсіптік мақсатта тұтынатындарды қолдау жөніндегі шешімдері кеш қабылданып жатыр. Қауымдастық басшысы айтып өткендей, құрамында спирті жоқ сусындар ас атасы болмаса да күнделікті қолданатын қажетті тауар өнімдерінің қатарында тұр. Кәсіпорындарды қантпен қамтамасыз ету мәселесі туралы шешімді кешіктірсек, ішкі нарықтағы үлесімізден айырылып қалу қаупі төніп тұр. Өзбекстанда, Қырғызстанда тәтті бұл сала дамып келеді. Бұл факторды азық-түлік қауіпсіздігіне төніп тұрған фактор деп қабылдау керек. Елде нарықтың бұл сегменті толық дамымаған. «Маркетингті дұрыс ұйымдастырсақ, қажетті шикізатпен қамтамасыз етсек, нарықта жаңа ойыншылар пайда болады. Газдалған сусынның нарықтағы 12 пайызы лимонадтың үлесінде еді. Мамандар оның КСРО кезіндегі тәтті дәмін әлі күнге дейін қайта қалпына келтіре алмай отыр. Қазір оны пепси мен кола алмастырып, 65 пайыздық үлесті өзіне қаратып алды. Ертең олардың қатарын іргеміздегі елдердің өнімдері толтырсақ, отандық бизнес тоқырайды. Тәтті сусынның жаны – қант. Оның бағ¬асы өссе, өндірушілер бағаны көтереді. Баға 7 пайыздан 20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Қазір сала өкілдері шығы¬нын қызметкерлер санын қысқарту оңтайландыру жайын ойлай бастады», дейді Ә.Мамытбаева.Тұқым нарығы да тұйыққа тіреліп тұрҚазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Серік Кененбаевтың пайымдауынша, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқымның үлесі – 95 пайыз, ал отандық өнімнің үлесі – 5 пайыз. Академиктің баяндауынша, қант тапшылығы сөз болғанда қант қызылшасының тұқымын өзімізде дайындау мәселесі қалтарыста қала береді.Қант қызылшасының 30 буданы өндіріске пайдалануға жіберілген, оның 23-і – шетелдік өнімдер. Академиктің баяндауынша, шетелден жеткізілген импорт тұқым арнайы зауыттарда өңделген сапалы, тамыр шірігіне де төзімді келеді. Шетелдік тұқымның егу бірлігінің бағасы 32 мың – 45 мың теңге аралығын құраса, отандық будандар бағасы – 10 мың-15 мың теңге, бағасы өзімізде өндірілген тұқыммен салыстырғанда 2-3 есе қымбат.Сарапшы айтып өткендей, қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын шығарумен ешкім айналыспайды. Қант қызылшасы минералды тыңайтқыштарды жоғары мөлшерде қажет ететіндігімен ерекшеленгендіктен, бұл жоба бізге өте қымбатқа түседі. Тұқымды жетілдіретін зауыттың жоқтығынан біз барлық бағытта ұтылып отырмыз. Біздің елде қант қызылшасының тұқымын дайындау түрлі електерден өткізу және «ТМТД» препаратымен дәрілеу арқылы жүргізіледі. Отандық селекция будандары халықаралық стандартқа сай келмегендіктен өте аз мөлшерде қолданады, сұранысқа да ие емес.Экономикалық сарапшы Денис Кривошеевтың пайымынша біздің елде қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлім жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болады. Кедергі – импортқа иек артып, барлық мәселені ЕАЭО-дағы одақтастарымыздың еншісіне беріп қойғанымыз. Сарапшылар ЕАЭО ішінде қазақ қант зауыттарының шикізат алуына қарсы түрлі айла-шарғы жасалып, небір тосқауылдар қойылғанын талай жылдан бері айтып келеді. Соның салдарынан қант зауыттары толық бабында жұмыс істей алмай отыр. «ЕАЭО тарапынан әрбір шектеу – ішкі нарыққа берілген мүмкіндік. Бізге қосымша нарық көздерін іздеумен бірге қант қызылшасын өсіретін фермерлерді ынталандыруға тиіспіз. Қолжетімді шикізатсыз нарықты қорғап қалу мүмкін емес. Одан кейін сарапшы айтқан екінші мәселе – қант қызылшасы тұқымының фабрикалық репродукциясын өзімізде дайындауға көңіл бөлінбейтіні. Тұқымды дайындау мен оның ішкі нарықтағы өтімділігіне дейінгі мәселе мемлекеттік деңгейде қарастырылмаған. «Біздің бұл бағыттағы ұстанымымыз айқындалмаған. Импортқа иек артып, мәселені шешіп келдік. Елдегі қант қызылшасын өңдейтін қант зауыттары маусым кезінде қант қызылшасын өңдеп үлгермейді, басқа уақытта бос тұрады. Қант бизнесі тек маусымдық кезеңге тәуелді деген көзқарас қалыптасқандықтан, қант зауытына инвестор болғысы келетіндердің қатары аз. Бұл мәселенің де шешімі бар. Мысалы, Ресейде, көршіміз қырғыз елінде 2015 жылдан бастап балаларға арналған тәтті сүт өнімдеріне жасанды қант ұнтағын пайдалануға тыйым салынған. Қазір тыйымның мұндай түрлері тәтті сусындар шығаратын зауыттарда да қолдана бастады. Сондықтан көрші елдердегі қант шығаратын зауыттар төрт маусымда үздіксіз жұмыс істеп тұр. Біздің де мүмкіндігіміз қажеттілігімізді өз елімізден алуға жетеді. Алдымен шаруаның жағдайын ойлау керек. Біз ауылдың жағдайын көтеру арқылы мемлекеттің әлеуетін көтереміз. ЕАЭО тарапынан шектеулердің тек қант немесе ұнмен ғана шектеліп қалмайтынын байқап отырмыз. Қазір шаруаны қолдаудың барлық мүмкіндігі мемлекеттік деңгейде қарастырылғаны жөн», дейді Д.Кривошеев.