Сәрсенбайдың Әбілқасымы
Жерлесіміз, талантты суретші, Өнер академиясының профессоры Әбілқасым Сәрсенбаевтың кейбір ой толғамдарын бөлісуді жөн кердім.
Әкеміз Сәрсенбай сопы «Туысқан адамдардың тірлігінде сыйласқанына не жетсін! Біріңе бірің 5 күн қонақсыңдар, тату болғандарың ләзім!» дегенді жиі айтушы еді жарықтық.
Әкеміз Сәрсенбай сопы «Туысқан адамдардың тірлігінде сыйласқанына не жетсін! Біріңе бірің 5 күн қонақсыңдар, тату болғандарың ләзім!» дегенді жиі айтушы еді жарықтық.
Өгей өмір, өгей бәрі,
Бойым күйез, тәнім мұз.
Өгей қала, өгей өнер,
Өзекті өртеп дамылсыз.
Өгей адам, өгей қадам,
Өгей ауа жұтқаным,
Елді тастап, жерді тастап,
Кәне менің ұтқаным?
Бұл – өткен жылы ғана өмірден озған тай-құлындай тебісіп тете өскен ағам Әбілқасымның «Ой орамдары» деп атаған күнделік дәптеріне түскен өлең жолдарынан үзінді. Иә, осы шумақтар оның ақындық өнерден де алыс болмағанын паш етсе керек. Әбекеңді қалың жұртшылық суретші деп қана танығаны рас. Бұл қасиетін өзгелер тұрмақ, өзім де білген емеспін. Расында, арғы-бергі тарихымызда тума таланттарға тән өнердің жалқы болмай, көбіне-көп егіз болып келетін сан алуан үлгісінен хабардармыз ғой. Бірақ ішкі ойын өлеңмен өрнектеу, оның ішінде жарияға жатпайтын тек өзі үшін ғана жазылатын мұндай қысқа шумақтардың жөні мен жосығы бөлек көрінеді маған. Тумысынан қылқалам шеберінің, күнделік дәптеріне ат үсті асығыс сүйкей салғандай иір-шиыр түрлі графикалық кескіндермен қатар (ондайлар да бар) сызған шимайларын толықтырып әбден үндесіп-ақ тұратын осындай қысқа ғана өлең жолдары да түсіпті. Дені сағыныш сарын. Туған топырақ, өскен орта. Еміреніп елжіреп, аңқасы кеуіп, аңсары ауған, өзіне өзі айтқан, өзіне ғана қызықты әрі баға жетпес қымбаты, жан сыры. Қараңыз, 10 сәуір 2020 жылы «Жас балаға ұқсап, елді аңсап, туған жерді сағынам да жүремін. Бұл үлкейгендік пе, әлде кәрілік пе? Дастарқан басында отырсам да, ауыл жайлі әңгіме айтқым келіп тұрады. Оны бала-шағаларым жүре тыңдайды. Әйелде де үн жоқ, қарақұмның шөлінен келгендей (шешемнің әкеме айтатын үйреншікті сөзі И.Б.) бүкіл назары шайде болады. Жетімсіреген әңгімемді қайта жұтамын. Кімге өкпелейсің? Өмір!.. Әрі қарай:
– Сағынып өтем, кіндік қан тамған ауылды,
Қастерлеп келем, ел-жұртым, халқым, қауымды.
Аманат етем өнерім менен өлеңді,
Жолына қарап, тағатсыз күтіп бауырды.
Жер ортасынан ауып қариялыққа бет бұрған тастүлектің ыңқыл-сыңқылы көбейген шақта бәрін де айтып үлгергісі келген асығыстау арман-мақсатын жан тәніммен ұғамын. Жапырақ жүрегі суылдап, қазандай қайнап буырқанған әлемтапырақ ішкі толқыныс-толғақ – ақ қағазға үзіліп түскен бір тамшы көкірек шер көз жасындай екенін тұла бойыммен сезінемін. Осы тұста ұлағатты ұстаз, тәлім-тәрбиесі мен ілім-білімге құштарлығы баршаға үлгі боларлық 80-нің төріне шыққан аяулы ана Сәпия жеңгеміздің «Қасірет болмай, қас өнер тумас» дейтіні еріксіз еске түседі. Осы бір құран сөзіндей құнарлы тәмсіл марқұм ағамның дәл сол кездегі жай-жапсарын қаз-қалпында бейнелейтіндей, қосып алары жоқ. Мұнан соң дәптерге, немқұрайлы сыза салғандай болып көрінетін кескіндерге үңіле түсем де, шыр айналған тұңғиық иірім тартып, малтығып әрең шығамын.
Тулаған тай мініп, тойлаған жерім.
Желіңмен жарысып ойнаған жерім.
Аққұмшығым елім, ащы көлім менің!
Осыны оқып, таяқ тастам жерде тұрып қадіріне жете алмай жүрген туған ауылға осы қазір-ақ шауып барып, шаңын бұрқыратып жүгіріп кеткім келеді. Бірақ қу тіршіліктің күйбеңін күйттеп жүріп оған да уақыт таппайсың. Шетсіз, шексіз шеңбермен бейнеленер уақыт дейтін әлемнің бір басымызға жетпей жататынына қайран қалам, ақылым жетпейді. Бәлки, жатырлас, тете өскен бауырыңмен қандас туыстықтың көзге көрінбейтін тартылыс күші болар, оның өмір керуен көшінің жүгі ауа бастаған соңғы жыл, соңғы айларындағы баянына қанық маған оның жазған, жазғысы келген, жаза алмаған әрбір жолдары етене жақын, әбден ұғынықты да сияқты. Сөйтсе де, «бәрі де өгей» деп өкініш айтатын марқұм ағам мұншалықты неден шошынды? Неге түңіледі сонша? Неменеге меңзейді?» деп, қызыл мұқабалы қалың дәптерді ақтарамын кеп, ақтарамын. Ақтарылар айқын жауап таппаймын сонда да. Бүй дейді «Қасиет ордасы, Оқшы Ата бабалар, Оралам өзіңе қария даналар. Балалық бал дәурен өткізген жерім, Оралам өзіңе Шиелім елім!». Аңғарсаңыз, бұл «Ораламында» тек сағыныш қана емес, топырағыңнан тудым, топырағыңды жастанармынды меңзеген Алланың ақиқатына мойын ұсыну да көрініп тұр емес пе?
«Келген ба көктем-ай?
Нөсердің төккені-ай!
Бұлттардың көшкені-ай,
Шіркін-ай, дәурен-ай
Өткені – ай, өшкені-ай!»
– деп бір күсініп алғандай болады да, соңғы шумағын:
«Жастық шақ елес боп,
Есімнен кетпедің.
Оралшы қайтадан,
Бала кез көктемім.
Аспанды торлаған,
Бұлттарға қарашы.
Мұң басқан ақ жауын,
Төгілмей тарашы» – деп аяқтапты.
Оптимистік райдағы әп-әдемі лирика. Әні де, сөзі де өзімдікі деп қол қойыпты. Жалпы Әбілқасымның әншілігі әмбеге аян, нотаға түскен түспегенін білмедім. Ішінде кетсе, өкінішті-ақ әрине!
«Алпыстан асып, жетпіске қарай беттедім,
Ту болып шындық, арымнан аттап өтпедім.
Арғымақ мініп, арқырап алға шықсам да,
Арманнан асып, шыңына ойдың жетпедім.
***
Жылдар-ай жылжып, айлар-ай аунап кеткенің,
Көз майын таусып, маңдай тер еді төккенім.
Татусыз, дәмсіз шыбын да қонбас, шырыны у,
Осы ма еді «сепкенім» менен «еккенім»?
Талайым-тағдыр, сынағың батпан, не еткенің?..
Өмірім-өткелім,
Сыбдырсыз сырғып өткенің!».
Жан сарайын жайып салғысы келетіндей-ақ, тұсаулы аттай тұспалы көп бірақ. Бір анығы – соңғы жылдың соңғы айларында қайраты кеміп қажығаны жазбаларының өн бойында бадырайып мен мұндалап тұратыны. Қараңыз, 13.11.20 ж. жазбасы: «Таңертең тұрсам, далада қар жауыпты. Әппақ! Керемет! Фейсбуктан Т.Жүргенов академиясын беріпті. Көріп көңілім қобалжыды. Анау Қанафия Оспанов 70-тен асқан, т.б. бар, көрме жасапты. Қ.Оспановты құттықтап жатыр. Бәрі таныс. Мені ешкім жұмыстан шығарған жоқ, денсаулық қой көтермеген. Курстарға бүкіл программаны жазып, базаға тапсырғанмын, дайын асқа әріптестерім еге болыпты, дұрыс қой. Дүниеде ең бақытты адам дені сау адам екен ғой! 1913 жылға дейін ауырған жоқпын, одан кейін осы». 14.11.20 ж. Алматы. Сағат 9:20 «Салқын тиіп аспирин ішіп, қойдың майын жағып үйде 2 күн жаттым. Әбден жыным келді, бұл не күн ара?.. Немерем Әлиахмет айтады:
– Ата, ауырып жатсың ба?
– Ия балам, мазам жоқ – деймін.
– Ертең жазылып, қатты-қатты жүгіріп кетесің – дегеніне «Аумин» деп бет сипаймын. Содан ба екен қазір тәуірмін, далаға шығып алғашқы қарды ұстап 5 минуттай жүріп келдім. Аурудан басқа ешнәрсе жазбайтын болдым ғой» деп уайым шегеді. 24.11.20 ж. күнгі жазбасын «Өмірдің өзі – өмір!» деп бастайды да «Қазір Азамат бала-шағасымен Шымкентте тұрып жатыр. Алматыға келмеймін, осы жерден үй алып тұрамын дейді. Қайдам? Біз кемпір екеуміз үйдеміз». Араға уақыт салып барып болу керек, үш жұлдыз салып бөліп, жазбасын былайша жалғастырыпты: «Мен не істеуім керек? Алла қалап, аденома отасынан жақсы болып кетсем, мен үйді (Қайнар 18) сатамын да Азаматқа Шымкенттен үй әперем. Өзім бір машина сатып алып Шиеліге кетемін, кемпір екеуміз. Әке-шешемнің шаңырағында өмір сүріп, туған ағайын-туыстармен бірге болып өмірдің өзін көрмекшімін» дейді. Осы кездері өзіме де хабарласып ойын айтқан. Әрине құптаған едік, елге деген сағынышына отбасы ошақ қасындағы (бір кем дүние) өзі ешкімге тіс жарып айтпай өткен кейбір өзін жайсыз сезінген, бізге беймәлім ахуалдар орын алды ма, әйтеуір соңғы уақыттарда тым мазасызданып әр ойдың жетегімен байыз таппай, тұрмыс-тіршілігіне қатысты әрқилы ұсыныстарына пікір алысуға бейіл еді. Сыныптасы Ерсайынмен де (марқұм) осы ойын ортаға салып біраз сыр ақтарғанға ұқсайды. Ерсайын ағамыз бір жолыққанында тістеп сөйлер дағдысымен «Ойпырмай, ағаң Әбілқасым өмірінде 1-ші рет 1 сағат бойы сөйлесті ғой, тіпті таң қалдым» – дегені бар.
Ал осыдан жарты-ақ жыл бұрынғы жазбалары мүлдем басқа сарында. Күш-қайраты бойында, қаланың қайнаған қалыпты өмірі кәдуілгі.
«Исабек келіпті. Тойға. Актер ініміз Жомарттың 50 жылдығына. Сабыр, Гүлназ, Бауыржан бар Азаматты ертіп Орекеңнің үйінде басымыз қосылып Кеңсайға Шара екеуінің басына барып құран оқып қайттық. Денем түршігіп өзімді өте жайсыз сезіндім. Кеше бар, бүгін жоқ, мылқау мекеннің мысы басады екен, түсініп болмайтын бірдеңке әйтеуір. Машинада дәрі ішкенімді көріп И. 20 мың берді, дұрыс болды. Ақшасыз емеспін, бірақ қуанып қалдым. Бәріміз Назгүл келін дайындаған палауды жеп, үлкендерімізді еске алып біраз әңгімелер айттым, айту керек болған сияқтанды. Қыз ғой, Гүлназ қайта-қайта көзіне жас алып отырды. Қой жатайын, сағат 8-ден асыпты.
«Ертең жол жүрем, демалам деп И. қызының үйіне кеткен кеше. Келіскеніміздей, бүгін хабарласып түсте бармақшы болып звондасам алмайды ғой, алмайды! 4 сағат бойы сол! Қуандықпен сөйлестік дейді. Әй бір ит жынымның ұстағаны-ай!!! Не айта береді сонша сағаттап? Қ. ылғи да И. жақсы көреді сөзін сөйлеп. Сондай інім болса төбеме көтеріп жүрер едім дейтіні бар. Дұрыс қой, бірақ жабысып сағаттап сөйлесу...түсінбедім. Іші пысып жүрген ғой ауылды сағынып. Дені сау, күніне кемі 5 км жүрем дейді. Сосын түнімен жазу жазады екен, молодец өзі. Менің Алматыда әңгімені Алтынбектен бастайтыным сияқты, ол да әңгімесін пыссымыллласын ауылдағы – Өтегеннен бастайды да бәрін іреп, сойып, тұздап, қақтап, шәңгекке ілмей тоқтай алмайды, білем ғой. Суретшілердей емес, бұл жазушы деген халық бар ғой қызық өздері, ойынан құрастырып оталып кетеді да өздерінен басқа ешкімді сөйлетпейтін таза мылжың ше...». Май. Қайнар 18. Алматы.
Бәрі есімде.
– Келе берсей енді – деп, өзім телефон соқтым артынша.
– Қайдан келем енді, кешке дейін мыжысаңдар? - деп біраз ұрсып алды. Біраздан соң мызғып алып ашу тарқағанын айтып, өзім машинамен шығарып салайын деп жалынғандай болды. Түнде әуре болмай-ақ қой, такси бар ғой деп тоқтатқам, меселін қайтарғаным бекер-ақ болған екен да?! Жарықтық Шерағаңның «бір кем дүние» дейтіні осы шығар. Осы күндері қатты өкінемін, екеуден екеу әңгіме соғар едік-ау шіркін, енді мұны маған кім айтар? Арқаны кеңге салып жүргенде аңырап қалдық қой бір-ақ сәтте. Ер жетіп етек жиған тұста қара шаңырағымыздың қазығы болған әке-шеше кеткен соң, ортаң мен өрісің бөлек болған көп жылда барыс-келістің де сирексіген тұстары болмай қоймапты ғой. Оны жете түсінбеген, түсіне алмаған кездеріміздің де болғанын түйсінесің бүгіндері. 5 күн өмірде «Қап, әттеген-ай!» өкініштеріміздің аз болғанына не жетсін шіркін?!.
Әдепкіде Әбекеңнің жарқылдап, әндетіп әңгіме соғып, иіріп, үйіріп отыратынына қарап оны жұртшылық елпілдеген елгезек жан (парень рубаха) көретіні бар. Тіпті де олай емес! Ағзаға енген ауыр науқас дендегені болмаса, рухы биік, жігерлі де тегеурінді, өмірге құштар еді ол.
«Өмірде мынау жалғандық көрсем тірестім,
Жанымды жеген күйініш дертпен күрестім.
Қажымай қайтпай, үмітім алға жетелеп,
Сүрініп жүріп, бүгінгі көшке ілестім», дейтіні тегін емес.
***
Сан түрлі сынақ, дауылдар өтті басымнан,
Жауындар төкті, мен емес асып тасыған.
Аспанды бұлттар торласа тіліп түсетін,
Найзағай қамшы найза етем қолға, жасыман!
Көктің найзағайын да қолына ұстағысы келіп жігерін қайрап қамшылайтын сабазыңның сертті сөзіндей өр мінезін үкілі үмітіне жалғап тұрған жоқ па осы сөзімен-ақ!? Немесе мына шумақтарына көз жүгіртіңіз:
Шабыттанам, шаттанамын,
Алға қарай аттанамын.
Сауытымды сайлап алып,
Қылышымды қайрап алып,
Атой салып бас саламын!
Өзекті жеген қасіреттің,
Қиратамын тас қамалын,
Қалмапты, өзге басқа амалым!..
Қар жастанып, мұз шайнаймын деп кекжиіп, жер тарпып тұрған Қаратаудың қоңыр құлжасындай қайран ағатайым-ай десеңші?!. Не деген жігер, неткен күш-қуат еді бұл!? Сайып келгенде, шумақтың әр жолынан «Мені» бар адамның мінезі ғой көрініп тұрған, Мінез!!! Өзімшілдеу, өжеттігі бар қайсарлығы да көрініп тұр. Жалпы Әбекеңнің бергі жағы жарық, арғы жағы көмескі көлеңке сияқты адам ұғып болмайтын жұмбақтау қыр-сырын жақын араласқан дос жараны хабардар болса керек. Аса кірпияз, кінәмшіл қаталдау, өзіне қатысты мәселеде шұғыл да мәмілесіз екенін байқаса да, былайғы жұрт оған үйірсек, бірге отырып, бірге болуға әбден ықыласты болар еді. Өнер адамы ғой, қажетті жерінде монтиып момақансып, Қожанасырдың шекпенін теріс айналдырып кие салуы да оп-оңай. Отырыстың гүлі, ортаның шырайы және осының бәрі де шынайы болатын. Бірге туғандар арасында үлкенге кіші, кішіге сұсы бар аға. Кейде епсіздеу ішкі есепке құрылған құбылма мінезі үшін үлкеніміз Оразбектен қатаңдау, ал апамыз Есенкүлден «Айналайын қарағым-ау...» деп басталатын тәртіпке шақырар «тәк-тәк» тежеу тегершіктер де болмай тұрмас еді. Оны көңіліне алып жамбасынан қисая кетер мінезі тағы жоқ, бір қадам шегініс жасағандай болып өзі айтатын «сәл-пәл нелеу ғой...» дейтін томпақ тұстарын іші біліп тұрса да, бәрібір өз дегенін істеп тынатын. Мінсіз мінездің иесі болмапты, бірақ жаратылысы мен бітім болмысы бөлектеу тұлға (личность) екені күмәнсіз.
Әбіл бөлек,
Қасым бөлек,
Иықтағы бас бөлек.
Аяқ бөлек,
Қол да бөлек,
Қарындағы ас бөлек.
Жүрек бөлек,
Көңіл бөлек
Қазан бөлек, қам бөлек.
Бауырдан да, балаңнан,
Шығарында жан бөлек!
Бәрін өзі айтып тұрған жоқ па? Не қосуға болады? Бауыр болғаныңмен әркімнің өз жол, өз соқпағы, теріп жейтін несібесінің де мөлшер өлшемінің бөлек болатыны анық қой. Күнделік сөйлейді: «Сірә, ауылда туып ауылда өскен адамға әйтеуір бірдеңе жетпей тұратын сияқты. Ол не бірақ? Білмеймін! Тамақ тоқ, киім бүтін, ортама сисыз емеспін, шүкір. Ауылға да барып тұрамын. Жиі емес. Бір-екі кластас болмаса, қалғандары әшейін, ерін ұшы. «Ее-е...» деген боламыз. Ағайының да сол, жолап кетсең «пәленшеге көңіл айтпадың, түгеншеге құтты болсын демедің...» таусылмайтын өкпе әйтеуір. Ау, бәрін түгендей беретін менде уақыт қайда? Уақыт? Ай бір жыным ұстайды да осындайда! Дегенде, ойланып қалам сосын...
«Өткен жұмадан бері мазам жоқ. Дел-салмын әйтеуір. Ана бәле болмаса кетті? Аузым дәм сезбейтін сияқты... Е Алла, бір өзіңе сиындым, Жаратқан ием жар бола көр!» 01.07. Алматы. «Бір адам тырс етпейді-ау, тырс етпейді. Ел шалғай, жер шалғай ауылды қойшы, ең болмаса осындағылар қал-жайды біліп тұрса қайтеді екен деп ойланамын. Неге? Ендігі үлкендері мен ғой. Әй қойшы осыларды, аман болсын әйтеуір. Уақтында ағамның да көлеңкесі қарақан басынан артылмап еді, балдары да мынау ғой, суықтау. Сабырдың жөні бөлек, кекеме ұсаған нағыз тақуа сол! Ауылға барсам інім де мұрнынан шаншылады да жүреді ылғи. Есенкүлдің үйі ғана өзіме жайлы, шын жаны ашитын да, мені түсінетін де сол ғой!.. Ал Исабек ылғи да ренжиді, сол үйден шықпайсың деп. Мәйлі айта берсін, адам жағдайы болған жерде жүреді да...». Алматы. Қайнар 18. Шілде 2020 ж.
Осыдан бастап Әбекеңнің басына үйріле бастаған бұлт та қоюланып, сұрқай сұмдықтардың шеті көріне бастағандай. Әлденеден сезіктеніп секем алғандай, сергелдеңге түсіп жүргенін білмеппіз. Әдетінде болмаған қоңыраулар да жиілей түсіп еді. «Әлеу, анау әке-шешеміздің үйіне қарауды қойдық қой, ауылға газ келіп жатыр дейді ғой» т.б. Тапсырмасы көбейе бастаса да, жиі хабарласа бастағанына ішім жылып қуанып жүрдім. Ұзаған жоқ, амандық-саулық сұрау ишарасын білдіріп, тағы бір жұмыстың шетін шығарады. Бұл жолғысы «Бәрінен де бұрын анау Күлсараның (үлкен апамыз) бейітін тәртіптеп, басына дұрыстап белгі орнатайық деген бәтуә не болды? Ерденге (жиен) несін қарайсың? Баяғыда көкемнің «Сүйегі арық неме ғой?» дейтінін ұмыттың ба? Құдай-әруақтан ұят болды ғой тіпті» деп реніш білдіріп еді-ау. Қайдан білейін, сол кездері меңдей бастаған бейдауа ауру әлегімен ойы он саққа бөлініп беймаза күй кешіп жүрген екен ғой. Дауысы жарқын, нық. «Әй Исабек (кішкентай кезімде «е» әрпіне екпін сала солай атайтын), көп гәп, балтай-шалтайды қой! Құдай қаласа, алдағы жаз ауылға барғанда бәрі дайын болсын?! Өзім мал сойғызып, бар ағайынды шақырып құран оқытамын деп ниет қылып отырмын. Саған айтпағанда кімге айтам енді, ренжіме?!» деп кесімді сөзін айтқан. Қу тіршілік күйбеңімен әні-міне дегенше қыстың жарымы ауып еді. Айтқан тапсырмаларын індетіп қадағалауға оның да мұршасы болмапты. Артынша-ақ, аурумен арпалысып, байтал түгіл бас қайғы болатын жағдайын шамалаған екен. Асыққан екен. Иә, адамның емес, Алланың жазуы болған ғой қашанда. Оның өлшеулі өмір шеңберінің тұйықталып келе жатқанын қайдан білейік? Өзі межелеген уақтысында бейіт те тұрғызылды, құран да оқытылып жатты. Бірақ өзі айтқандай үлкен апамызға емес, құран аяттарынан болған сауаптар өз атына бағышталып еді. Қайтарынан ай жарым бұрын күнделігіне мына жазба түсіпті. 24 январь 2021, жексенбі. «Бір Алладан барлығы. Қайтадан тоңқайып ауырдым жұма күні. Неше түрлі укол, дәрінің неше атасы. Қайдам не болатынын?..Венадан салатын 2 антибиотикті алу керек пе еді? Болмаса қоямын. Температура 38 болып тұр, дәрі-дәрмекпен 37,4 ке зорға түседі. Осы аурудан әбден шаршадым. Денем тоңазып түршігіп температура көтеріледі. Түнде сағат 3-тен кейін ұйқтай алмадым. Құранды тыңдап кішкене көз іліп алдым таңертең. Менің өмірім не болды? Ауыра берген үйдегі әйелден де, қызым Айжаннан да ұят болды. Жаңатұрмысқа әке шешемнің үйіне барып тұрғым келеді. Шіркін, денсаулық болса, үйге газ жүргізіп, тастай етіп тұрған болар едім. Серіктен сұрасам, үйдің документін дұрыстау керек дейді. Өзің келмесең болмайды деген ініме бекер ұрысқан екенмін. Қайран туған жер! Жете алмай жатырмыз».
Құлазыған көңіл,
Еңсемді басты,
Құр сүлдем жүр,
Берекем қашты.
Шашылар шуақ,
Ашылар аспан,
Құтылам қашан,
Зіл қара тастан?
Сол кезде келіп,
Көріңдер мені.
Шаттанған шалқып,
Көңілді ерді!
Осыдан 3 ай бұрынғы жазбасында бүй дегені бар: Бүгін 4 қараша. 2020 ж. Сағ. Таң 6. 30.
«Пенсияға шыққалы уақыт көп, бірақ не пайда, не жазу жаза алмаймын, не сурет сала алмаймын, не болмаса телевизор көре алмаймын. Бәріне БАС, БАС кінәлі. Қалқаманда 10 күн больницада жатып осылай болды. Іш пысқан аурудың ең жаманы осы екен, іш пысады. Енді жігерімді оятып жайлап жазу, графика сурет салсам деп отырмын. Түнгі ұйқыда болады, бірақ біртүрлі...». Бұл кез науқастың меңдей бастаған кезі екен да. Көңілінің қошы болмай селт етер сезімі, жылт етер үміт сәулесін үрлеп қыс ауа жағдайы күрт төмендей бастапты. Қуатының кеміп, жігері құм, ішкені у (дәрі-дәрмек, ем-дом) уайым жеген «Әй қайдам-ау?...» - мен аяқталар жазбалары жүрекке зіл батпан жүк артады! 7 март 2021ж. Алматы «Кеше Мамай мен Қуандық келіп көңілімді сұрап кетті. 4 сағаттай отырып, әңгімелесіп, жайбарақат жақсы отырды. Соңына таман мен шыдамай кеттім, басым бірдеңке болып, шаршадым. Шіркін, мен де қашан елмен бірге әңгімелесіп спокойно отырар екенмін? Сол күнге тез жеткізе көр, Алла!». Қолы.
Мұң басқан көзім,
Тұншыққан сөзім,
Жылауық сезім,
Шаршатты мені шаршатты!
Өкініш билеп,
Алдыға сүйреп,
Жүректі түйреп,
Жаралап жанды қақсатты!
Дос көрсе аяп,
Жаныма таяп,
Таңырқап сұрар хал-жайды,
Жымиып күліп,
Өртеніп күйіп,
Досты да көңіл алдайды!
Ақылы бар адам, айықпас аурудың алқымын сығып құлама жардың жиегіне әкелгенін сезген де сыңайлы. Сәуірдің 4-і күнгі өзіммен кездескен «...енді арманым жоқ.» деген соңғы жүздесуден соң құзға құлап кете барды, қайтып оңалмады, орала алмады...
Осы естелікті де оның елді, жерді тастап ұтқаным қайсы дейтін өлең жолдарынан бастап едім. Зерделеп қарасам, ұтылған жері жоқ, ұтқаны басым, шамырқанған шығармашылық ізденіске толы жылдар өз жемісін бермей қалмапты. Иә, Сырдың суын сирақтан кешкен туған жерден ірге көтергені рас. Уығын шаншыған жері – бар қазағымның төрі, жақсысы мен жайсаңы, зиялы қауымның қастерлеп өтер мекен тұрағы, өзінің оқып, қанатын қомдап өнерін шыңдаған Алатауы, Алматысы болды. Өмірінің соңғы ширек ғасыры осында өтіп, сол Алатаудың етегіндегі Кеңсайдың төрінен топырақ бұйырды. Құдайға шүкір, біршама биіктерді бағындырып та үлгеріпті, сол биігінен төмендемесі де кәміл. Өзі түлегі болып табылатын Темірбек Жүргенов атындағы өнер Академиясында қатардағы мұғалімнен декан, кафедра меңгерушісіне дейінгі қызметтер атқарып профессор дәрежесін иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағын да алды. Әрбір шынайы мұсылманның арманы болған қажылық сапарына да барды. Ұшқан ұямыз жайлы тамаша өмірбаяндық кітабы, әсіресе Мұстафа Шоқай атамыздың табаны тиіп, табы қалған ізбен жүріп, үш тілде басылып жарық көрген сапар жазбалары графикалық суреттер циклымен көркемделген альбом кітаптың орны бөлек. Стамбұлда, Алматыда, Парижде (болмайтын себептер кесірінен, жұмыстарын қызы Айжан апарып еді) өткен көрмелері. Осының бәрі де Аққұмшықтың қалқан құлақ қара баласына бұйырған өлшемі мен өнегелік жағы да тәубе қыларлық бақ дәреже десем артық айтқандық болмас. Өзінің адал еңбек, маңдай терімен алған асулары екені даусыз. Елден кетіп жаңа шығармашылық ортадан да өз орнын таба біліпті. Көптің бірі емес Кәукен Кенжетаев, Маман Байсеркенов, Әшірбек Шығайлар бастаған өнер корифейлерімен қанаттас, иықтас болыпты. Қартайған әке-шеше алдындағы да перзенттік борышына аяғына дейін адал болған ол сүйген жарға да тірек, ұл-қызына да қамқор әке, немерелеріне мейірімді ата бола біліпті. Жетектеп жүріп жеткізіп кетіпті. Бірақ, солардың қуанышын қызықтап, жылуын шуақтап байыз тауып барқадар ғұмыр кешу бұйырмапты Өзіне. Өзі туған Аққұмшығын аңсап тіліне тиек, өлеңіне арқау етіп жүріп өзіне нәсіп болған мөлшерлі өмірін мазмұнға бай мәнді де сәнді, дәмді өткізіпті. Аз ба, көп пе, соңына халқының пайдасына асар мұра қалдырыпты.
Исабек Сәрсенбайұлы