Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш қызды азаптаған өгей анаға қатысты сот үкімі шықты

Үш қызды азаптаған өгей анаға қатысты сот үкімі шықты


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үш бірдей қызды қорлап келген жетісайлық өгей шеше 4,5 жылға сотталды. Бұл туралы Astana TV арнасы хабарлады. 


Түркістан облысында өгей қыздарын азаптап келген анаға бүгін сот үкім кесті. 28 жастағы келіншек 4 жарым жылға сотталды. Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі жабық жағдайда қараған болатын. Үкімге тілшілер де қатыстырылмады. 
Ақпаратты телефон арқылы берген төраға Қанатбек Қоңырбаевтың айтуынша, оған жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген. Ал үш қызы әкелерінің қамқорлығында қалдырылыпты. Сотталғанның екі жасқа толмаған ұлы жергілікті білім бөлімінің қамқорлығында. 
Сондай-ақ, келіншектің сот процесі кезінде, яғни маусым айында босанғаны белгілі болды. Қылмысы әшкере болған кезде оның айы-күні жақындап қалған болатын.  
"Сол кішкентай баланың тағдыры қазір сол аудандық білім бөлімінің қорғаушы және қамқоршы мекемесінің қарауына, осы қорғаншылық қамқоршылық мәселесін шешу үшін сол кісілерге берілді. Ар жағы сол атқару жүйесі, білім бөлімі өздері сол баланың тағдырын өздері шешеді", - деді Түркістан облысы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Қоңырбаев.  
Айта кетейік, Жетісай қаласында дүйім жұрттың жағасын ұстатқан жағдай сәуір айында ашылды. Кәмелетке толмаған үш қызды әкелерінің екінші некедегі әйелі ұзақ уақыт денелерін тістеуікпен қысып, темірмен ұрып, қорлап келгені белгілі болды. 
Соттың дерегінше 28 жастағы өгей шеше азаптау процесін 2017 жылдың қыркүйегінен жалғастырып келген. Судья бұнан өзге ақпаратты жария етпеді. 
02 шілде 2019 ж. 963 0