Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруаның еңбегі еселі

Шаруаның еңбегі еселі

Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агро саласында толымды тірлік көп.
Ырыс пен береке қайнаған жаз мезгілі сыр диқандарының қауырт еңбекке кірісетін кезі. Түнеугүні аудандағы еңбегімен ері, өнбегімен жері сыйлы болған, елге белгілі 16 Социалистік Еңбек ері шыққан «Ақмая» шаруа қожалығының толымды тірілігін көзбен көріп, сыр салысын күтіп-баптауда мол тәжірибесі бар серіктестік тынысына қанығып қайттық.
Жол бойы орналасқан ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігіне көз тас­тап қоямыз. Уақытпен санаспайтын еңбек адамдарының қазан-ошақты түтетіп, қора-қопсыны қамдап жататын күнделікті күйбең тіршілігі басталып кеткен. Кіре берісте жанармай құю бекеті, оң жақта зәулім тойхана, одан ары қарай спорт кешені, мәдениет үйі мен мектеп, мешіт, көше бойында аспалы шамдар, асфальтталған жол... Жалпы ауылдың әлеуеті алдыңғы шепте тұрғаны бірден байқалады. Жоспар бойынша «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков ағамызға қарай бет алдық. Жұмыс орнынан табылған шаруашылық басшысы журналистер қауымын жылы шыраймен қарсы алды.
– 1938 жылдан бастап колхоз мүшелері жаңа жерге күріш дақылын отырғызады. Ол кезде техниканың барлығы аудандық машина-техникалық станциясының қолында болған. Сондықтан колхоздың негізгі күш-көлігі ат арба еді. Ал қазақ колхоздарына тигені өгіз арба болды. 1973 жылдан бастап «Авангард» күріш совхозы атанған шаруа қожалық сол уақыттан бері ұстанған бағытынан таймай, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге еселі үлес қосып келеді, – дейді ол.
Мұқым елге белгілі, тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де, ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда. Шаруа қожалықта 2015 жылдан бастап Дәулет Егембердіұлы басшылық жасап, жұмысын ширатқан. Бүгінде шаруа қожалықтың ісі алға өрлеп, жаңа заманның талабына сай техникалармен толыққанын байқадық. Мұнда 140 адам еңбек етіп жатыр. Олардың басым бөлігін жастар құрайды. Қырман маңындағы техника тұрақжайынан қаз-қатар тізілген әрқайсысы 3 данадан «John Deere», «CLAAS», «MacDon» комбайндары, 2 «CLAAS» тракторы, 2 жүк тиегіш, 1 «John Deere» тракторы, 1 экскаватор секілді алып техникалар жайымен таныстық.
– Бүгінде жоңышқаның бірінші орымы толық орылып бітті. Бидайды да орып, егін алқабынан жеткізілген астықты қамбаға құюдамыз. Ісің оңға басқан сайын көңілің жайланып, еңбегіңді еселей бергің келеді ғой.
Міне, биыл диқандар орақты тура сондай көңіл-күймен бастады. Жаздық бидайдың әр гектарынан орташа есеппен 8-9 центнерден алудамыз. Сонымен қатар бидайдың бүгінгі күнге дейін 140 гектары орылса, қалған 130 гектарын шілденің 10-на дейін толық аяқтаймыз деп отырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш жақсы. Бұл – біздің жердің құнарлылығына балағанда керемет көрсеткіш, – деді төраға Д.Жұмбеков.
Жер емген ағайын дақылды егіп, өсіріп қана қоймай, одан мол өнім алудың жай-жапсарын терең меңгерген. Оның алаңсыз өсуінде судың жеткілікті болуы маңызды. Бұл орайда серіктестік егістікке су жеткізетін каналдарды тазалау ісін кезең-кезеңімен жүзеге асырып, тамшылатып суғаруды жолға қойған. Сондай-ақ төраға егістік алқаптан 270 гектарды әр отбасыға егіндік жер етіп үлестіріп берген.

Ферманың жұмысына тоқталсақ
Мұнан соң осындағы ферманың жұмысымен таныстық. «Ақмая» шаруа қожалығына қатысты ферма ширек ғасырдан бері жұмыс жасап келеді. Бізді ферма меңгерушісі Ермек Ахметов күтіп алып, бірден жұмысымен таныстыра бастады. Мұнда асылдандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын білдік. Қожалыққа тиесілі 200 бас мүйізді ірі қара болса, оның 72 басы сауын сиыры екен. Олар арнайы аппараттардың көмегімен сауылады. Одан бөлек үш сауыншы, бір бақташы тұрақты жұмыспен қамтылған. Күнделікті сиырдан сауылған 200 литр сүтті аудандағы «Ару Ана» цехына жөнелтеді. Бір литр сүтті 170 теңгеден өткізетін көрінеді.
– «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Осы фермада 1981 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Әрине жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүретіні жасырын емес. Сондықтан қиындығына мойымау керек. Мал санын арттырып, одан мол өнім алу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Сауыншыларға алған сүтіне қарай айлық төленеді. Ал бақташылар 80-90 мың жалақы алады. Мал асылданбай өнім молаймайтынын білген біздер ірі қара басын арттыруға ден қойдық. Сондықтан осы бағыт бойынша жұмысты жандандыра түспекпіз, – дейді ферма меңгерушісі.
Аталған ферманың тағы бір жаңалығы биогумус өсіру ісімен айналысып жатыр. Аталған шылаушынды 1,5 миллион теңгеге Алматы қаласынан алдырған. Алдағы уақытта осы шылаушын арқылы бау-бақшадан мол өнімге қол жеткізуге үмітті.
– Бұл – «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Олардың қоректенетін негізгі тағамы – органикалық қалдықтар. Төрт түлік малдың қиы таптырмас қорек. Қолда ұстап отырған ірі қараның қиын осылайша кәдеге жаратып отырмыз. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасайды. Биологиялық тыңайтқыштарды топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егіннің өсуін 2-3 есе күшейте түседі. Осы әдіс бойынша 2023 жылы көктем де биотыңайтқышты топыраққа сеуіп, нәтижесін көрмекпіз, – дейді ферма меңгерушісі Е.Ахметов.

Техниканың тілін тапқан
Қамбаны дәнге толтыру үшін аянбай еңбек еткен диқан қауымы, яғни жүргізуші-механизаторлар мен звено жетекшілері, сушылардың еңбегі ерен. Сондай-ақ Шиелі ауданында тракторды тізгіндеп, егіс даласында бел жазбай еңбек еткен З.Ержанова, Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева, А.Меңлібаева, Ж.Таспанбетова сынды шынарлардың ізін жалғап, «Дала гүлі» атанған №1 бригада жетекшісі Г.Дәрібаева заты нәзік болғанымен ерлермен бірге иық тіресіп жұмыс істеуде. Алғашында колхозда жастар бригадасы құрылған тұста ол қарапайым жұмысшы, кейін 6 жыл қатарынан «МТЗ-82» маркалы тракторды тізгіндеп көзге түскен. 2005 жылдан бастап бригадир қызметін атқарып келеді.
Егін даласында трактор мен комбайн, «КамАз» қаз-қатар тізіліп тұр. Еңбеккерлер қызу жұмыстың үстінде екен. Анадай жерде техника тізгіндеп сәл кідірген еңбеккерге жақындай түстік. Ол – механизатор Нұрлан Абдраманов еді. 1978 жылы Ақмая ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайырбек Әбірамановтың ізімен осы шаруашылықта 1997 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Шаруашылыққа келе сала ХТЗ-150 техникасын тізігіндейді. Бүгінде 2 қыз, 4 ұлдың әкесі ұрпағының жастайынан еңбекпен біте қайнасқанын қалайды. Маңдай термен келген нанның дәмі тәтті екенін әрдайым балаларына айтып келеді.
– Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем. Осыны білетін шаруалар қажырлы жұмыс істеуде. Егінді ала жаздай күтіп-баптайды. Күз келгенде төкпей-шашпай жинап алуы бар. Бізде өз ісін сүйетін, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген мамандар жетерлік. Еңбек, адамға қашанда еңбек керек, – деген оның сөзінен техниканың тілін мықты меңгерген маман екенін байқадық. Әңгімесін қысқа қайырған еңбеккердің уақытын алғымыз келмеді.
Егін даласында тағы бір техника тізгіндеп жүрген жас маманға көзіміз түсті. Қасына жақындай сауалымызды жолдадық. Бірер уақытын бізге бөлген Мақсат Ибрагимов – 1995 жылғы. Осы ауылдың тумасы. Алғашында көмекші болып қызмет атқарса, кейін комбайнер-механизатор болып еңбек етуде. Колледжді ойдағыдай аяқтаған бозбала бірден ауылға келіп шаруашылықтан нәпақасын табуда. Алдымен ауылының өркендеуіне үлесімді қоссам деген жігіт арманы бүгінде орындалды.
– Әкем әрдайым еңбектің наны тәтті екенін санамызға құйып келеді. Жастардың ауылға келіп шаруашылыққа арласқанын құп көремін. Әкемнің үмітін ақтау, мықты маман болып елге еселі еңбек сіңіру менің негізгі мақсатым, – дейді жас еңбеккер.
Сондай-ақ бұл шаруашылықта кәріс ұлтының азаматы Пак Герасим звено жетекешісі болып жұмыс істейді. Өзге ұлт өкілі болғанымен жүрегі қазақ деп соғатыны жарқын мінезді ағаның ақкөңілділігі мен жылы шырай білдіргенінен-ақ байқалды.Ол осы ауылда 1950 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, 1967 жылы шаруашылыққа келеді. Бүгінде 72 жасқа келген ол звено жетекшісі қызметін абыройлы атқарып жүр. Екі рет қатарынан үздік өнім бергені үшін қожалық төрағасы Д.Жұмбеков оған жеңіл автокөлік сыйға тартқан.
– «Еңбегің қатты болса, тапқаның тәтті болады» дейді. Бүгінде зейнетке шықсам да осы салада қажырлы еңбек етіп келемін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Өз ісінің білікті маманы болсаң, жұмысың жемісін береді, – дейді ол.
Қандай дәнді-дақыл болсын судың арқасында мол өнім беретіні белгілі. Егістіктегі судың мөлшерін көзбен өлшейтін Бақытжан Құрманбаевтың қажыр-қайратының, тынымсыз жұмысының нәтижесінде су жеткілікті. Ол 15 жыл ғұмырын диқан болуға арнаған жан. Бүгінде даланың қыр-сырын жетік білетін сушы – 1970 жылы Ақмая ауылында дүниеге келген. Бала жастан қара жұмысқа ерте араласқан жігіт ағасы бүгінде егістік алқабының майталман сушысы.
– Әрине егістік басында қарбалас сәт. Көктем айында судан тапшылық сезілді. Дегенмен бірлесе жұмыс жасап қиындықты еңсердік, – дейді ол.
Шаруашылықпен отыз жыл өмірі сабақтас Гүлнар Ермұхаммедова бүгінде Ақмаядағы «Ақмая» шаруа қожалығында аспазшы болып қызмет атқарады. Ас – адамның арқауы дегендей, аспаз болып отыз жылдан аса қызмет атқарып жүрген Гүлнар апамыздың пісірген тамағын қожалық қызметкерлері жоғары бағалайды.
– Бұл шаруашылықта негізінен ер адамдар жұмыс істейді. Жалпы еркектер дәмді тамақты ұнатады. Олардың тәбетін ашатын, көңілдерінен шығатын тамақ дайындау оңай емес. Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. 1992 жылдан бастап осы ұжымда жұмыс жасаймын. Бір мезетте 35-40 адамға тамақ дайындап, олардың алдына ыстық нанын қойып, шайларын ұсынып отырамыз. Егін науқаны кезінде жұмысшыларға екі мезгіл тамақ жасаймыз. Механизаторлар, күріш орушылар түнімен жұмыс жасайтын кездер болады. Сол кезде оларға кешкі тамақтарын да береміз, – дейді ол

Қарбызы саудада
Жер емген жұрттың еңсесі көтеріліп, сауданың да қызатын кезі – жаз. Бір сөзбен айтқанда, бақшаның базары қызып, егіншінің ажары кіретін уақыт. Бүгінде сол берекелі іс тоқтаған жоқ, тіпті жыл өткен сайын жанданып жатыр. Қауын мен қарбыздың жаңа тұқымын салу, егудің жаңа тәсілдері жолға қойылуда. Осындай тың әдіспен топырақтан өнім жиып отырған жанның бірі – Қуанышбек Асқаров. Биыл пленкамен қарбыз еккен ол алғашқы өнімдерін саудалап үлгерген.
– Шыны керек, бала кезімізден еңбекке араласып, диқандық өнердің қыр-сырын меңгердім. Сондықтан, несібемді осы саладан таптым. Науқандық жұмыс болғанына қарамастан ерінбеген адамға табыс табуға мүмкіндік мол. Биыл төрт гектар жерге пленкалап қарбыз ектім. Жаман емес. Шүкір, бақша ойлағанымыздай өнім берді. Қарбыздарымыз пісіп, саудалап отырмыз, – дейді Қуанышбек.
Қауын-қарбызды егіс басынан тиеп кететіндер де, базардан алып кететіндер де бар. Бірақ көбіне үлкен жолдың бойынан ­саудаланады екен.

Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін
Еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғынатын «Ақмая» шаруа қожалығы алға қойған жүйелі жоспары арқылы ауылшаруашылығы еңбеккерлері мен сапалы азық-түлік өндірушілердің талай додасында топ жарған. Барлық іс адам күшімен бітеді. Қазір егістік бригадаларының барлығы қызу тірлікке кіріскен. Жұмыс өнімділігіне қарай үш ауысымға ыңғайланған. Барлығының ұстанымдары бір, мақсаттары ортақ. Ол – міндетті межені орындап, үміт үдесінен табылу.
Әрбір елдің дамуы экономикасы мен оның ахуалына тәуелді екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінің аса зор әлеуетке ие екендігін сезіне түсеміз. Ел ырысын еселеткен звено жетекшісі Зинабдин Есмұратов жаткашы Төрехан Әлтаев, комбайншы Бағдат Шегебаев, автокөлік жүргізушісі Ережеп Сұлтанов, астық тасушы Талғат Жұмбеков, сушы Қуаншыбек Асқаровты жазбай танитын жұрт биыл да егінші қауымның қамбаны қызыл дәнге толтырып, үздіктер қатарынан көрінеріне бек сенімді.
Дала төсіндегі тынымсыз тірлікті көзбен көрген соң түс ауа күннің ыстығына жығылмай қырман басында «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков ағамызбен аз-кем сұхбат құрдық.
– Дәулет Егембердіұлы, сыр салысын қанша гектарға және қандай түрін ектіңіз? Күріштен бөлек қандай дәнді-дақыл бар?
– Бүгінде 1200 гектар жерге сыр салысын ектік. Шығымы жаман емес. Биыл дәнді жерге ерте тастадық, нәтиже әзірге жақсы. Уақытылы минералды тыңайтқышын беріп, суын жеткізіп тұрсаң күріш еңбегіңді еш кетірмейді. Шыны керек, біз тек «Лидер» күрішіне мамандандық. Жалпы, басқа күріш түрлері біздің жерлерге жерсінуі қиын. Сондықтан, барға қанағат етіп, «Лидерден» несібені теріп келеміз. Шүкір, ала жаздай төккен тер аяқсыз қалмайды. Өнім сол гектарына 50-60 центнер болса қуанамыз. Күріштен бөлек 270 гектар жаздық бидай мен 700 гектарға жуық жоңышқалық бар.
– Жоңышқаға сұраныс қалай?
– Ауданда жылдан жылға малдың басы артып келеді. Сондықтан жоңышқаға сұраныс артпаса, кемімейді. Біздің өнімді негізгі тұтынушы Шиелі ауданы мен ауыл тұрғындары шөпке қызығушылық танытып, жылда сатып алады. Одан бөлек қожалықтағы жұмысшыларға да үлестіріп береміз. Шындығында, жоңышқа егу мал азығын өтеу үшін ғана емес, жерді тоздырмай ұстау үшін қажет. Өйткені, ауыспалы егісті сақтау өнімділікті арттыратын тетік.
– Мал азығын дайындау қалай жүруде?
– Мал шаруашылығы атадан қалған кәсіп қой. Сондықтан, ауылдастар шамасы келгенше төрт-түлікті түгендеп, қора-қопсыны қамдап қояды. Ақмаяда негізгі еңбек егін саналғанымен, мал шаруашылығынан да көшіміз ілгері. Әсіресе, ірі қараның жайы жақсы бізде. Жеке қожалықтар мен кооперативтің қызметі қауырт екені айтпаса да түсінікті. Алдағы уақытта қожалықта ірі қараны бордақылау бағытында жұмысты жандандырсақ деген жоспар бар. Дегенмен, негізгі басымдықты дала жұмысына арнай береміз.

Шапағат Тілеубаев,
Бақытжан Бәйімбет (сурет)


05 шілде 2022 ж. 838 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930