Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кибербуллинг: қауіп неден?

Кибербуллинг: қауіп неден?

Жарықтан да жылдам ақпарат таратуда әзірге әлеуметтік желіге балама табылмай тұр. Сонда да болса «ғажап» құрал интернеттен адамзат баласы аз азап шегіп жүрген жоқ. Көпшіліктің тәулік бойы желіге телміріп уақытын текке өткізгені, көз жанарын талдырғаны өз алдына. Бұл күнде ара-тұра онлайндағы қарусыз майданның «құрбандары» жайында естіп қалып жатамыз. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бүгінгі қоғам да интернеттің пайдасы мен зиянын қатар сезініп келеді.

Қауіп қайдан?
Мұндай жағдайларды қазір трендтегі кибербуллинг деген жалғыз ауыз сөзбен сипаттайды. Тарқата айтқанда, желіде отырып зәбір көргендер, онлайнда дос-дұшпанның күлкісіне қалып, табасына ұшырағандар кибербуллингтің құрбандарының қатарын толықтырады. Тіпті, өзіңізге ұнамайтын бейне, аудиожазбаларды, фотосуреттерді желіге жүктеу арқылы да ар-намысыңызға тиіп, абырой-беделіңізге нұқсан келтіруді ойлайтындар да жетіп жатыр. Өкініштісі, бұл әрекетке жай ғана көпшіліктің назарын өзіне аудару үшін баратындар көп. Қысқасы, желідегі әлемнің «жұлдызы» атану үшін жанығатындар «хайп» үшін еш нәрседен тайынбайды. Олар бұл жолда бәріне дайын. Керек десеңіз, қалдырған жазбасына ұнамайтын пікір жазғандармен желіде «жаға жыртысу» да онлайндағы әлем үшін қалыпты жағдай.
Негізінен кибербуллингті хобби еткендер экранның арғы жағындағы адамның жанын жаралауы, ауыр психологиялық соққы алуы сияқты пендешілікті қаперге ала бермейді. Ал бұл кезде ерсі әрекетімен желінің «жұлдызы» атанып, онысын интернеттегі жұрт жік-жікке бөлініп талқылап жатқан жанның жағдайын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Мұндай жағдайлар трагедиямен де аяқталып жатады.
Бұрындары мұндай оқиғалар арагідік елге танымал тұлғаларға қатысты орын алатынын естейтін едік. Соңғы уақытта алақандай ауданымызда да желіде отырып бір-бірінің жағасын жыртып, желкелеп жатқандарға жиі куә болып жүрміз. «Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербететін» аналардың болмайтын нәрсе үшін былапыт сөз жазып, бір-бірінің түп тамырына дейін қазбалап, күйе жағуға әзір тұратынына қарап қарның ашады. Кейде тіпті фейсбук – театр алаңы ма деп қаласың. Себебі желі қолданушылары келесі тұтқын кім екен дегендей Кибербуллингті кәсіп қылғандардың жарияланымдарын асыға күтіп отырады. Ондайлар алғашқыда жұлдыз болуды ойласа қазір әжептеуір кәсіп көзіне де айналған. Елге сыйлы, абыройлы азаматтың әрекетінен ілік тауып, масқаралап, соңында бопсалап, дегенін жасатып алған соң жазбасын өшіре салатындарды да ел біледі.
Ондай әрекеттің соңы кісі өлімімен аяқталуы мүмкін екенін ескерсек, соңы суицидке апаратын кибербуллинг мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайтын сияқты. Әрине, бір қарағанда дабыл қағатындай түк те жоқ. Дегенмен жүгенсіз кеткен кибербуллингтің күні ертең қанша пендеге қиянат жасайтынын алдын ала болжау мүмкін емес. Әрі адамзат баласын интернет иірімі тереңге тартқан сайын, желідегі желіккендерден қарапайым азаматтарға қауіп те көбірек төнеді. Өз кезегінде оған төтеп беріп, қарсы тұруда желі қолданушыларының сабыр-төзімі, ерік-жігері сыналады.
Қысқасы, кибербуллингтен қауіп көп. Алайда әзірге біз оның көлемі мен мөлшерін нақты бағамдай алмаймыз. Сондықтан да әлеуметтік желіден әдепті сақтаудың құқықтық негізі керек-ақ. Бұл күндері Парламент қабырғасында балаларды кибербуллингтен құтқарудың тетіктері қарастырылған заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Әрине, бұл құжаттың қабылдануымен балаларды желідегі желөкпелерден қорғаудың нақты алгоритмі пайда болар. Әйтсе де, кибербуллингтің адамдардың жасына, әлеуметтік мәртебесіне қарамайтынын ұмыт қалдыруға болмайды.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
02 шілде 2022 ж. 461 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031