Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желіге әуестенбеңіз

Әлеуметтік желіге әуестенбеңіз

Әлемде әлеуметтік желінің дәурені басталғалы қашан. Сенсек, әлем бойынша ғаламтор пайдаланушылардың саны 4,5 миллиардқа жуық болса, әлеуметтік желілерді қолданушылардың саны 2,8 миллиардты құрайды. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,9 миллиард болады деген болжам бар. Ал 2021 жылы тағы да 3 миллиардқа артып, виртуалды әлемнің көкжиегі кеңімек.
Осы сандарға қарап адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру барысын интернетсіз елестету қиынға соғатындай. Электр қуаты қаншалықты маңызды болса, ғаламтор желісі де содан бір елі кем емес маңызға айналды. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемияның салдарынан жұмыс, оқу барысы онлайн режимге ауысқанда, интернетсіз жұмысымыз жүрмей, барынша тәуелді болып қаламыз. Мұнымен қоса Вконтакте, Facebook, Инстаграм, Телеграм сынды әлеуметтік желіге желімдей жабысып, бар уақыты мен ақшасын, күш-қуатын сарп ететін жандар арамызда бар және олардың мұндай әрекетіне ешкімде таңырқай қоймайды. Шындығында, әлеуметтік желілердің жеке адамға, қоғамға, мемлекетке деген ықпалы барған сайын күшейіп барады. Әлеуметтік желінің пайдалы жағына тоқталсақ, ол жерден соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан әрдайым хабардар болып отырасыз. Тек хабардар болып қана қоймай, сол оқиғаға қатысты адамдардың пікірлерімен де танысуға мүмкіндік туады. Қала берді өз бизнесіңізді дамытуға да әбден болады. Егер сіз белгілі бір қолөнер бұйымдарымен яки тәтті пісірумен айналысатын болсаңыз, сол жерде оған жарнама жасап, кәсібіңізді дөңгелетуге жол ашылады.
Таяқтың екі ұшы болатынын қаперге алсақ, әлеуметтік желіден келетін зиян да жоқ емес. Сол себепті оны пайдаланатын адам желінің пайдасы мен зиянын таразылап алғаны игі. Біле білесеңіз, жақын жандармен шүйіркелесіп әңгіме айтуға, көрісуге, тілдесуге бөгет болған ғаламторға әлем елдері қарсылық танытуда. Мәселен, көрші Қытай елі әлеуметтік желілерді барынша бұғаттап, өз азаматтарына оны пайдалануға тиым салып отыр. Құптарлық-ақ әрекет. Жоғарыда айтып өткендей, әлеуметтік желі адамның алтын уақытын ұрлайды. Уақыт – Жаратқанның біздерге берген ең үлкен байлығы және баға жетпес құндылығы. Жоғалтқан уақытты ешқандай жолмен ешқашан қайтара алмайсыз. Әлеуметтік желіге кем дегенде күніне 7-8 сағат отыратындар осыны ескерсе екен.
Күніне сағаттап интернетте отырып, айналасындағы дүниені ұмытатын, адамдармен қарым-қатынасын үзетін пенде ақыр-соңында денсаулығын жоғалтып, түрлі ауруға тап болады. Бар уақыты қабілет-қарымын интернетте сағаттап отыруға жұмсайтындар күнделікті өмірдегі отбасы, еңбек ұжымы, жалпы қоғам алдындағы міндеттерін әсте естен шығарып, қолайсыз жағдайларға тап болады және тұрмыста да ауыртпалықтарға ұшырайды.
Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіге тәуелділік артқан сайын қоғамда кітап оқуға деген қызығушылық кенжелеп барады. Және оны бұрыңғы қалыпқа келтіру оңай дүние емес. «Кітап оқылмаған жерде қатыгездік туады» деп текке айтылмаса керек-ті. Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымсыздық, қатыгездік, қанішерлік, анайылық атаулының бәрі шектен тыс етек жайып кетуі соның нақты дәлелі. Қазір жастар кітап оқудан алшақтап бара жатқаны рас. Себебі бүгінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері қажеттінің бәрін қолма-қол интернеттен алып отыр. Олар кітап дүкенінен, кітапханадан кітаптар іздеп, уақыт кетіргілері келмейді. Қала берді әдеби кітаптардың да электрондық нұсқалары да ғаламторда пайда бола бастады. Дей тұрғанмен, кітаптың жөні бір басқа. Ең алдымен – ой-санаңды өсіреді. Жақсыға үйретіп, жаманнан жиретеді. Адам денсаулығына да зиянсыз. Яғни, рухани құндылықты ұрпақтың бойына дарытып, оны ойына қондыра алсақ біздер ұтылмас та, жеңілмес те едік.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
12 қазан 2020 ж. 420 0