«TIK TOK» КЕШЕ ТОҚҚА ТҮСІРДІ, ЕРТЕҢ...
ШЫМКЕНТТЕ ЖАСӨСПІРІМ ҚЫЗ «TIK-TOK» ТҮСІРМЕК БОЛЫП ТОҚҚА ТҮСКЕНІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ӘЛЕМ ЖЕЛІДЕ ҚАУЛАП КЕТТІ. ДЕНЕСІНІҢ 91 ПРОЦЕНТІН КҮЙІК ШАЛҒАН 15 ЖАСАР БОЙЖЕТКЕННІҢ ХәЛІ ТЫМ АУЫР. ЖАС ПЕН ЖАСАМЫСЫНЫҢ САНАСЫН УЛАҒАН «TIK-TOK» БҮГІН ТОҚҚА ТҮСІРСЕ, ЕРТЕҢГІ КҮНІ НЕ БОЛАРЫН ОЙЛАУДЫҢ ӨЗІ ҚОРҚЫНЫШТЫ.
Сонымен «Тik Tok» желісінен азуын айға білеген Американың өзі қауіптеніп, АҚШ президенті Дональд Трамп әйгілі Қытай компаниясына тиесілі желіні жабу керектігі жайында мәлімдеме жасады. Демек, бұдан «Тik Tok» қазірде тек балалар ғана қызықтайтын желі емес, ауқымды масштабты қамтитын қауқары бар саяси аренаға айналып бара жатқанын аңғаруға болады. «Тik Tok»-тың трендке айналған бейнежазбалары – бүлдіршін балалар мен көкөрім жастардың түрлі дене қимылына құрылған билер. «Билегенде тұрған не бар?» дерсіз. Бірақ психологтардың айтуынша, осы 1-2 минуттық түсірілім кезінде баланың жүйке жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіп, тіпті денсаулығына да қауіп төнеді екен. Мәселен, өз бейнежазбасын құрбыларынан асырып түсіремін деген оймен бірнеше мәрте қайталайды. Олай етуіне себеп көп: дайындығы болмайды немесе үй ішінде ата-анасы, бауырлары тарапынан кедергілер болады, қолындағы смартфонының ақауы да әсер етуі ықтимал. Ал, енді сол қайталанған әрекеттерінен кейін бейнежазба жақсы шықса құба-құп. Ештеңе өндіре алмай, сапасыз шықса, баланың жүйке жүйесінің бір талшығы өлді дей беріңіз.
Қысқа бейнероликтері арқылы қаралымы көбейіп, аудиториясы да кеңейіп, лезде «жұлдызға» айналып шыға келгендер көп. Бұл аталған желіге көптеген елдер тыйым салыпты. Әрине, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін, қоғамның тыныштығы үшін осындай қадамға барған. Кейбір елдердегі талдаулар қорытындысында аталған желі мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіретін қатерлі сипатқа ие болған. Ал, біздің қоғам әлі бейқам. Керісінше баласының әрбір бейнеролигіне басбармақпен баға беріп, қолпаштап отыр. Бүгінгі күні әлеуметтік желі бөлек әлемге айналды. Осыған байланысты шынайы өмірден виртуалды әлемге «көшкен» адамдардың қатары мыңдап саналады. Өйткені таңның атысынан кештің батысына дейін телефонға телміріп, жаңадан пайда болған челлендждерді мүлт жібермей, өзіне желілік достар жинаудан ләззат алатын үрдіс пайда болды. Сондай-ақ көптеген вайндарды, «тик-ток» деген бағдарламада түсірілетін би мен тексерусіз әзілдерге пародия жасау көпшіліктің күнделікті тірлігіне айналды. Әрине, олар мұның барлығын қызық үшін жасаған. «Ойыннан от шығатынын» білмейді. Білсе де, әке-шешелерінің ара-тұра айтатын «тәйт» деген тыйымын қызығушылықтары жеңіп кетеді.
Ал, енді онымен күресу үшін сол Тik Тоk-тың не екенін білген дұрыс-ау. Бұл әлеуметтік желіні 2016 жылы Қытайдың «Вyte dance» компаниясы шығарды. Өз елінде ерекше танымал болған желіні көршіміз халықаралық нарыққа шығаруды ойластырды және дегеніне жетті. Ол шақта бұл желінің аты «Дауинь» еді. 2017 жылы аталған компания «Мюзикал ель уайт» компаниясын сатып алды да, оны «Дауинь»-мен біріктіп, «Тik-Тоk»-ты шығарды. Қазір бұл әлеуметтік желіні 500 миллионнан астам адам пайдаланады. Осымен бұл әлеуметтік желі туралы білуге тұрарлық ақпарат таусылады. Өйткені оған бір рет болса да кіріп көрген адам «Тik Тоk»-та пайдалы дүние жоқ екенін түсінеді. Сондықтан «Тik-Тоk»-қа тоқтам салар кез әлдеқашан жетті.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ