Журналистика мен блогерліктің арасы
Дәл осы күні екінің бірі – блогер. Кез келген жан қазір әлеуметтік желіде емін-еркін пікір, өзіндік көзқарасын білдіре алады. Иә, негізгі ақпарат көзі, ресми дәлелсіз-ақ визуалды ақпараттарды таратып, жарияға жар сала алады.
Бірақ мәліметті сарапқа салу, рас-өтірігін анықтап, ресми дәлелдер көрсете отырып жариялау құқығы журналистің ғана құзыретіне тиесілі. Яки оқиғаны әлеуметке көрген-білген жерде «шикі» жеткізу бар, оны сараптама қазанында қайнатып, бабына келтіре отырып балқытып оқырманға «пісіріп» жеткізу бар. Бұл тұрғыда блогерлердің бәрі деуге келмес ара-тұра бірінші, ал қаламгерлер қоғамға екінші нұсқамен қызмет етеді. Осы тұста тілшілермен тең түсіп, қаламгерлермен қатар шабуға ұмтылысты блогерлер БАҚ иелерінің «бағына» таласып жүр ме деген ойға қаласың?
Бірақ мәліметті сарапқа салу, рас-өтірігін анықтап, ресми дәлелдер көрсете отырып жариялау құқығы журналистің ғана құзыретіне тиесілі. Яки оқиғаны әлеуметке көрген-білген жерде «шикі» жеткізу бар, оны сараптама қазанында қайнатып, бабына келтіре отырып балқытып оқырманға «пісіріп» жеткізу бар. Бұл тұрғыда блогерлердің бәрі деуге келмес ара-тұра бірінші, ал қаламгерлер қоғамға екінші нұсқамен қызмет етеді. Осы тұста тілшілермен тең түсіп, қаламгерлермен қатар шабуға ұмтылысты блогерлер БАҚ иелерінің «бағына» таласып жүр ме деген ойға қаласың?
– Жазу майданында «журналист ең алдыңғы шепте, блогер бұлтарыста қалды» деп екі саланың қызметін сынға салып, сайысқа түсіруден аулақпыз. Қазір екі сала да өз деңгейінде ақпарат таратып, әлеуметтің назарын аудартып-ақ жүр. Біздің қоғамда блогерлерге «көп ақшаға көмілу жолында арзан ақпарат тарататын, хайпқұмар» деген стереотип қалыптасқан. Шын мәнінде халықтың ойын дөп басып, мазмұнды мәселелерді ортаға салып жүрген блогерлердің бар екендігін де жоққа шығармаймыз, – дейді журналист Әйгерім Нажмадинқызы.
Соңғы жылдары интернетте әлеуметтік желінің дамуы жеке адамның пікірінің қоғамдағы рөлін арттырғандай. Кез келген адам еш шектеусіз, әрі бақылаусыз ақпарат құрастырушы және таратушы болып шыға келді. Сонымен қатар әлеуметтік желінің өз «жұлдыздары» пайда бола бастады. Сәйкесінше олардың «өнімдері» де күн өткен сайын үлкен сұранысқа ие. Тіпті осы блогосфера дәстүрлі БАҚ-ты ығыстырып тастауы да мүмкін деген пікір қалыптасты. Біреулер еркін ойдың алаңы саналатын интернет әлемі дәстүрлі БАҚ-тың нағыз бәсекелесіне айналды деп даурығып та жүр. Басқалары блог жазушыларды интернет-журналистика дамуының тағы да бір баспалдағы ретінде қабылдауға болады дейді.
Иә, блогерлердің де жұмысы бағалауға тұрарлық. Алайда олардағы бір ғана кемшілік – жауапкершілік пен фактінің жоқтығы. Қазақ үшін керек және керек емес деген дүниені сараламайды. Оған кейбір блогтұғырлы сайттардағы жарық көрген мақалалары дәлел. Керісінше, журналистикада белгіленген жауапкершілік бар. Ол өзінің алған миссиясынан аттап өте алмайды. Халық алдында жүрген соң, қалыптасқан ережелер аясында қалтқысыз қызмет етеді. Сөзіміз толымды болу үшін, профессор, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
– «Журналистика – қоғамдық өмірдің айнасы» деген тұжырым бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда болып жатқан оқиғаларды көрсетіп отырады. Әрі белгілі бір деңгейде қоғамның дамуына ықпал етеді. Қазіргі заман – ақпарат ғасыры. Шын мәнінде қоғамның әрбір мүшесіне ақпарат ауадай қажет. Біздің қазақ қоғамында атқарушы билік, заң шығарушы билік, сот билігі сияқты биліктің үш тармағы қалыптасты. Өзара байланыста қоғамдық қатынастарды реттеп отыр. Ал баспасөз сол үш биліктің де атқарып отырған жұмысын халыққа көрсетіп келеді. Жаһандану дәуірінде бір елдің журналистикасы оқшау, өз алдына бөлек өмір сүре алмайды. Қазақ журналистикасы да әлемдік ақпарат кеңістігінің бір бөлшегі ретінде дамып келеді. Бүкіл әлемде қолданысқа жаппай енгізілген озық технология біздің журналистикамыздың дамуына да ықпал етті. Қазіргі ақпараттың жеделдігіне көз ілеспейді. Қазір болған оқиға сол сәтте әлеуметтік желілер, интернет жүйесі арқылы тез жетеді. Бір кездері шетелдік түрлі түсті, қызылды-жасылды газеттерге қызығушы едік. Қазір өз газеттеріміздің безендірілуі де сол әлемдік жетекші басылымдардан қалыспайды. Қазақ журналистикасы бұрын-соңды жетпеген биіктерін бағындырды.Кеңестік кезеңде тоталитарлық жүйенің қыспағында болған бұқаралық ақпарат құралдары жаңа заманның демократиялық үрдістеріне жауап бере бастады. Біздегі ашық қоғамның, жариялылықтың арқасында жоғымызды түгендедік, ақтаңдақтар ақиқатын аштық. Бүгінде болып жатқан құбылыстарға әрбір азамат өз пікірін ашық білдіре алатын деңгейге жеттік. Мұның бәрі – қазақ журналистикасының жаңа үрдісте дамып келе жатқанының айғағы.
Бәрімізге таныс, журналист-блогер Өркен Кенжебек журналист пен блогердің ара жігін ажыратып берген. Ол төмендегідей:
1. Блогер өзі үшін, ал журналист ел үшін жазады. Мысалы, блогер постын қалай жазғысы келсе солай, күй талғап, көңіл хошын келтіріп барып өзіне-өзі рахат сыйлау үшін жазады. Тек ішкі цензурасы мен ар-ұяты ғана тежеу болмаса, оның жазғысы келген дүниесінде шектеу жоқ. Ал журналист ағымдағы дүниені, өзі білсе де, басқалар білмейді-ау деген ниетте, көбіне тапсырмамен, бастықтың пікірі мен редакцияның саясатына ыңғайластыра жазуы керек болады.
2. Блогердің жазуында не бейнесінде ешқандай формат жоқ десе де болады. Осыдан 10 шақты жыл бұрын блогер деген ермек барын кім білген? Ал журналистика бағзы заманнан дамып, өз заңдары мен жанрларын қалыптасырып келе жатқан кәсіп. Иә, блог – ермек. Ал журналистика – кәсіп.
3. Блогтың бір артықшылығы – мұнда блогер өзінің оқырмандарымен әңгіме құрып, олармен бірден интерактивке түсіп, пікірлесе алады. Сөзбен салғыласып, шаңын шығара алады. Ал журналистикада бұл формат көбіне – монолог. Сен жаздың, бітті. Ел оқыды, бітті. Айына бір хат келсе, оның өзі немереңе көрсету үшін сақтап қоятындай жаңалық.
4. Блогер журналист тауып, дайындаған ақпаратты одан әрі өрбітіп, не оған троллинг жасап, мазақтап, не басқа өңдеп беріп постын жаза береді. Ал журналистке (әрине, кәсіби) үнемі жаңа, қызықты ақпаратты іздеуге тура келеді.
5. Блогердің қай жерде, қай кезде жазам десе де өз еркі. График жоқ. Қақылдап, төбесінен төніп тұратын жауапты хатшы жоқ. Шығармашылық шабытым жоқ деп 1-2 айға блогын жауып кетсе де, ешкім ештеңе демейді. Оған бәрі кешірімді. Ал журналиске бәрі қатал талаппен қарайды. Оның 2-3 бастығы, кезек күттірмейтін басылымы, ұнамаса да баруы тиіс іс-шарасы бар.
6. Журналиске бейтараптылық, объективтілік, сарапшылардың пікірін сұрау деген сияқты журналистиканың заңдылықтарын сақтауға тура келеді. Немесе сақтатқызады. Ал блогерге бәрібір. Жерге бір түкіріп қойып, қойды қырқудан да, Израиль-Газа шиеленісіне де, қаласа әрине, сарапшы болып, пікірін айта береді. Себебі, ол субъективті пікірін айтуға құқылы. Қоғам оған сондай артықшылық беріп қойған
7. Журналисті жұмыстан қууға болады. Ал блогерді Интернетте қуа алмайсың. Блогер қателесе алады. Қате жазса да, ой корректорым жоқ дей салар. Ал журналистке қателесуге болмайды. Блогер – жалғыз. Журналист – көппен. Ұжым дегенім ғой...
ТҮЙІН. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің елде блогер деген атымен болған жоқ. Бұл мамандық деуге келмес, кәсіп түрі соңғы он жылдың көлемінде қарқынды дамыды. Блогерлік дегеннен гөрі азаматтық журналистика десек те қателеспейміз. Желі арқылы жазылған жанайқайлар халыққа тез таралып, қоғамдық резонанс тудырады. Осындай парақша иелері арамызда «блогер» аталып жүр. Біздің қоғам «блогер» сөзінің төркінін әлі де түсінбей жүрген секілді. Қалай десек те кәсіби журналистиканың жүгі ауыр екендігін бәріміз білсек болғаны.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ