Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал азығына қам қалай?

Мал азығына қам қалай?

Шиелілік шаруалар қылышын сүйретіп келетін қыста қысылып қалмаудың қамын жазда ойлайды. Себебі, мал азығы – ертеңгі ел азығы. Қыстың қамын ерте ойлайтын ауылдағы ағайынның шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті. Олай етпес­ке шарасы жоқ. Өйткені жыл сайын құны көкке шарықтаған шөппен ауылда бірлі-жарым мал асырау қиынға айналып бара жатқандай. Алайда былтырғы құрғақшылықпен қатар келген қымбатшылық шаруалар үшін оңайға соқпады.
Өткен жылы су тапшылығы сезіліп, шаруалар мен қатар қарапайым тұрғындар да шөп таппай қиналғаны әлі күнге дейін көз алдымызда. Биылғы жыл шаруалар үшін қолайлы болуда. Дәл қазір Шиелі ауданының шаруалары қысқы мал азығын даярлаудың қамына кірісті. Ауданда қазір шөп шабудың қызған шағы. Шаруалар күн-түн демей, бел жазбай жұмыс істеуде. Қажетті техника да жеткілікті.
Биыл Шиелі ауданы бойынша 8300 гектар мал азығын ору жоспарланған. Оның 4900 гектары ескі жоңышқаға тиесілі. Ал 3400 гектар алқап жаңа жоңышқаны құрап отыр. Шөп ору науқанына белсене кіріскен шаруалар межеленген жоспардың жартысына жуығын орындап қойды. Нақты кезеңде 4900 гектар алқап орылып бітті. Орташа өнім гектарына 51 центнерден. Бірінші орым әлі аяқталған жоқ, деседе алғашқы орақтан ауданда 24990 тонна шөп жиналған. Биылғы жылы шөптің шүйгін болуы шаруаларды қуантып отыр. Бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен пресс шөптің бір данасы – 450-500 теңгеден саудаланса, рулон шөп – 5000-6000 теңгеге тұрақтап тұр.
Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуы ауылдағы шаруалардың нәтижелі еңбегіне тікелей байланысты екені белгілі. Шиелі ауданының шаруалары да егін және мал шаруашылықтарымен айналысу арқылы аграрлық сектордың ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы үшін өзіндік үлесін қосуда. Мәселен «Ақмая», Бестам Елі», «Алтын дән», «Бидайкөл», «Төңкеріс ИК», «Халық фермер» шаруа қожалықтар көш басында тұр.
Биыл мал азығы қорынан тапшылық болмайтын сыңайлы. Дала еңбеккерлерінің жем-шөп дайындау жолындағы қарқынды еңбектері соның нақты айғағындай. Шөп ору науқаны мамыр айының алғашқы онкүндігінде-ақ жаппай басталғанын ескерсек, шаруашылықтарда қара күзге дейін әлі талай мая-мая шөп үйлері анық. Бір сөзбен айтқанда, ашық күнгі қолайлы шақты тиімді пайдаланып отырған аудан шаруаларының ісі өнімді. Ендігі жерде тек қана бірлесіп, ерінбей еңбектенгеннің ғана мерейі үстем болмақ.

Ш.Тілеубаев
21 маусым 2022 ж. 369 0