Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы қажытты ма?

Қаржы қажытты ма?

Әлемдік экономикалық әдебиеттің классикасына айналған танымал «Вавилондағы ең бай адам» деген кітап бар. Онда автор Джордж Клейсон табыс туралы былай дейді: «Табысының кемінде оннан бір бөлігін өзіне және отбасының болашағына жинайтын адамның басына түбінде байлық қонады». Иә, расында да отбасылық әмиянды сауатты жоспарлаудың өзі – үлкен өнер. Дамыған елдерде қаржы сауаттылығына баулу, соның ішінде ақшаны үнемдеуге, оны ұқсатып жұмсауға және бюджетті жоспарлауға жастайынан тәрбиелейді. Ал біздің елде ше?
Ұғынғанға, қаржы сауаттылығы негізі бюджетті жоспарлаудан басталады. Біздің елде бюджеттің ашықтығы былай тұрсын, бюджет туралы түсініктің өзі дұрыс қалыптасып үлгермеген. Жасыратыны жоқ, біразы бюджетті жоспарлауды мемлекеттік органның міндеті деп түсінеді. Тіпті оны жоспарлауға қатысуға құлық танытпайды да. Әйтпесе, бюджет дегеніміз сіз бен біздің ақшамыздан құралған ортақ қазына емес па? Сондықтан ондағы қаржы қайда, қалай жұмсалатынын білуге, тіпті осыған қатысты ой-пікірін айтуға әр азамат құқылы. Өкінішке орай, біздің елде ондай менталитет қалыптаса қоймаған.Бір ғана мысал, ай сайынғы заңды еңбекақысы жөнінде түбіртекті есепшіден сұрауға да именетіндер бар арамызда. Бюджет біз үшін, еліміз үшін «құпия» тақырып дейтініміз де осы.
Ал шет мемлекеттердің көбінде бұл мәселе ашық, бүкпесіз айтылады. Соның салдарынан жемқорлықтың бізден қарағанда аз болуы да бюджеттің ашықтығына байланысты секілді. Негізі бюджетке елдің араласуы деген жақсы үрдіс бізде де қолға алынған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында 2019 жылдан бастап «Бюджетке қатысу» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары ауласын абаттандыруға, айналаны жарықтандыруға үлес қоса алады. Яғни қала халқының көпшілік даусына ие болған тиімді жобаларға бюджет қаржысы бөлініп, жүзеге асырылады. Халық тікелей қатысатын мұндай жобалар көбірек қолға алынса екен дейсің.
Жалпы бюджетті жоспарлау, ақшаны үнемдеу мәселесіне бала жастайынан икемденіп, дағдылануы керек. Бізде осы жағы кемшіндеу. Бірақ жақында Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәнін енгізбекші екенін естідік. Егер бұл пән жалпы білім беретін оқу орындарына қосылса, балалардың қаржыны ұқсатудағы білімі артып, жеке және отбасылық бюджетін жастайынан дұрыс басқаруға бейімделер еді. Мұндай сабақтың қажеттілігі қазіргі заман талабына сұранып-ақ тұр. Әйтпесе, бүгінде ай сайынғы табысын дұрыс ұқсата алмай, айлықтан-айлыққа әрең жетіп жүргендер көп. Қаржыгерлердің пікіріне құлақ асар болсақ, қаржы тапшылығын көрудің басты себебі – ақшаны ойланбай жұмсап, өзімізге пайдасы шамалы нәрсені беталды сатып ала беру екен. Экономист-мамандар «үй бухгалтериясын құрудың мәні – кіріс пен шығыс арақатынасының оңтайлы кілтін таба білуде» дейді. Яғни сіз ақшаның қайдан келіп, қайда кеткенін бақылай алсаңыз, онда шығыстарды да оп-оңай реттей аласыз әрі қаржы тапшылығына да тап болмайсыз.
Бізде мынадай жаңсақ түсінік бар «Ақша көп болған сайын қаражат тапшылығы болмайды». Бұл пәлсапаны мүлдем мидан алып тастау керек. Есіңізде болсын, қаржылық сауаттылық пен үнемшілдік болмаған тұста қанша мол қаражат тапсаңызда суға сіңгіндей жоқ болып кетеді. Сол себепті әркім аздың өзін ұқсатып, ұқыптылық мәдениетін меңгергені абзал. Ақшаның өзі құнттағанды жақсы көреді деген бар емес пе?!

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
06 маусым 2022 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930