Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Омарташылық оңды кәсіп

Омарташылық оңды кәсіп

Ара балының мың сан ауруға ем болатын қасиеті бар екені көпшілікке таныс. Тіпті, бала күнімізде ара шағып алса, аталарымыз «шаққанының өзі шипа, енді қыста ауырмайсың» деп жұбататын. Ал оны өсіріп- баптап, балын алсаң, табысқа кенелерің хақ. Бүгінде ауданда осы кәсіппен айналысатын 20 кәсіпкер азамат бар. Қыры мен сыры көп кәсіпті меңгеріп, өнімді еңбек етіп жүрген омарташының бірі – Қыдыр Төлеуов.
Кент тұрғыны Қыдыр Афиұлының кәсібін көзбен көріп қайтқан болатынбыз. Қазақта «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бар. Ара шаруашылығын тәп-тәуір меңгерген ол балдың түр-түрін өндіріп, оны сатып нәпақасын айырып жүр. Айта кетейік кейіпкеріміздің аталған кәсіпті дөңгелетіп отырғанына жиырма екі жылдан асыпты.
– 22 жылдан бері осы кәсіптің жолындамын. Басында көптеген қиындықтар болды. Бірақ іс жүзінде көріп, бұл кәсіпті мықты меңгерген алдыңғы буын ағалардан кәсіптің қыр-сырын үйрендім. Енді үйдегі ұлымды да омарташылыққа баулып жатырмын. Қазір 40-қа жуық ұяшығымыз бар. Біздің өсіріп отырғанымыз – «Карника троизек» арасы. Тұқымды жаңартып тұру үшін жылда Шымкент қаласына тапсырыс береміз. Араның түрлері шамамен 25 мыңға жуық. Араның бал жинау мен гүлдеген дақылдардың өнімділігін арттыру үшін ең көп тараған ортаресейлік, карникалық және қиыр шығыстық іспетті түрлерін өсірген дұрыс. «Карника троизек» арасының артықшылығы көп, – дейді омарташы жұмыс барысымен таныстырып.
Мәселен, аталған тұқымдас аралар бір күннің ішінде 1200-1400-ге дейін жұмыртқалайды. Салмағы 180 мг дейін. Аралар бейбітсүйгіш, тыныш. Қысқа төзімділігі орташа. Одан бөлек бал жинауға таңертең ерте шығады, әрі кеш қайтады. Жаңбырда да қорек іздейді. Өзгелерден басты айырмашылығы – адамды шақпайтындығы. Тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамда осы аталған иіс болса ашуланып, тарпа бас салады. Үнемі қозғалыста болады. Содан да болар, оның ұясының ішінде қысы-жазы 30-35 градус температура сақталады. Міне, жоғарыдағы біз білмейтін тың мәліметтің бәрін кәсіпке ден қойған Қыдыр аға құлшыныспен әңгімелеп берді.
Кейіпкеріміз Қыдыр Афиұлы бұл кәсіпті 2000 жылы көршісі соғыс ардагері болған Петр Горобец деген кісіден үйреніпті. Көршісінің бал шаруашылығымен айналысатыны қызықтырған. Бастапқыда бір жәшік алып, оны төртке, алтыға бөліп көруге тәуекел етеді. Одан кейін 100 отбасы ара ұяшығын өсіріп, ақырындап көбейте бастайды. Міне, содан бері осы кәсіптің тізгінін ұстап келеді. Әсіресе мамырбалын іздеушілер көп. Қыдыр ағаның өніміне Қызылордадан бөлек Астанадан да сұраныс артып келеді. Қазір бір литр балдың бағасы – 2000 теңге. Ал бір флягы 70-80 мың теңгеге бағаланады.
– Карника – араның ең жақсы түрі. Оларды басқару оңай және бейбіт, көршілер мен балалар олардың шабуылынан қорықпайды. Мен омартаны тыныштықпен бір жерден екінші орынға жылжытамын, аралар тез қолайлы өсімдіктерді тауып, кеңістікке жақсы бағытталған. Менің ойымша, жаңадан бастаушылар осы тұқыммен жұмыс істесе омарташылықты тез меңгеріп алады.
Араның қыр-сырын білгісі келген жастарға ақыл кеңесімді беруден еш жалықпаймын. Табыс көбейсін десең, ең бірінші араның тұқымын 3 жыл сайын жаңартып тұру керек.
Кәсіби маман осылай дейді. Өзі келесі жылы «Карника» арасына тағы да тапсырыс бермек. Сонымен қатар балдың емдік қасиеттері де өте жоғары. Расында, бал – қуаты жоғары азық. 1 келі бал адамға 3250 кал қуат береді. Бал адам ағзасын дәрумендермен, ақуызбен, ферменттермен, т.б. тіршілікке қажетті заттармен байытады. Сондай-ақ балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге қолданады.

Ш.Тілеубаев
06 маусым 2022 ж. 747 0