Азаттықтың құны қымбат
31 мамыр – еліміз үшін санадан өшпес, көкейден кетпес қаралы күн. Ұлт болашағы үшін бас көтеріп, кеудесін оққа тосқан Алаш арыстарын еске алып, ашаршылықтың құрбанына айналған сан миллион адамзаттың рухына тағзым ететін сәт.
Тарихқа таспаланған зобалаң жылдарды ұлықтау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында «Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді» деген еді. Осы «азаттықтың құны», «бар сынақты қайыспай көтеру» сынды сөздердің мәні терең, мақсаты мағыналы.
Тарихқа таспаланған зобалаң жылдарды ұлықтау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында «Халқымыз егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді» деген еді. Осы «азаттықтың құны», «бар сынақты қайыспай көтеру» сынды сөздердің мәні терең, мақсаты мағыналы.
Әдеттегінше жыл сайын елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Шынтуайтында оның Аза тұту күні екенін ата-бабалары репрессияға ұшыраған адамдар болмаса, өзгелері онша сезіне бермейді. Осы жылына бір келетін датада басшылар бастап, басқалары қостап, нәубет құрбандарына арналған ескерткіш тақталарға гүл шоқтарын қойып, 1 минут үнсіздікпен еске алатынымыз анық.
Жасыруға келмес, бұл күні Мемлекеттік Ту төмен түсірілмейді. Көк жәшік пен радиодан ойын-сауықтық, концерттік бағдарламаға шектеу қойылмайды. Осы тұста бұл қаншалықты дұрыс яки бұрыс дерсіз?!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды» деген болатын. Бұдан қараша халықтың, соның ішінде өскелең ұрпақтың тарихи санасы нық әрі берік болуға тиіс екендігін ұғынуға тиіспіз. Демек, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар да халқымыздың тарихи санасын нығайтуға бағытталғаны жөн секілді.
Бұрынғы ғасырдың 20-50 жылдарындағы сталиндік репрессия – қазақ тарихындағы нағыз қасіретті кезең болғаны сөзсіз. Бірақта кеңес өкіметі тұсында ол туралы шындық толық айтылмай, біржақты да теріс түсінік қалыптастыруға күш салынды. Тарихтағы ақтаңдақтар ақиқаты тек сексенінші жылдардың ортасындағы қайта құру мен жариялылық саясаты кезінде ашыла бастағанымен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана осы нәубет құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттік деңгейдегі шараларды жүзеге асыруға кірісті.
Соның ішінде 1997 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланса, кейін оған ашаршылық құрбандары қосылып, жыл сайын атап өтіліп келеді.
Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай халыққа арнаған үндеуінде «Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфандияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар. Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштыққа ұшырағандарды, сондай-ақ туған жерінен кетуге мәжбүр болғандарды да еске аламыз. Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты... Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деген еді. Осы тұста азаттықтың құны қымбат екенін әсте ұмытпағанымыз жөн.
Жоғарыда бұл күнді «Аза тұту күні» ретінде қарағанымыз дұрыс екендігін жазып кеттік. Ал осы аталған күнді өткізу деңгейіне келсек, жыл сайын 27 қаңтарда атап өтілетін Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларға назар аударған абзал. Мәселен, бұл күні Еуропа Кеңесіне кірген елдердегі барлық мектепте «Еске алу күні» өткізіледі. Ұлыбританияда Холокост қасіретін бастарынан кешкендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысатын рәсімдерден бөлек, шіркеулер, мектептер, университеттер және қалалық кеңестер жұртшылыққа арналған іс-шараларды ұйымдастырады. Израилде Холокост құрбандары болған 6 миллион еврейді еске алуға арналған осы Аза күні бүкіл елде екі минут бойы сирена беріліп, мейрамханалар, кафелер, театрлар сияқты көңіл көтеру орындары жұмыс істемейді. Ұлтымызға бас болған зиялы азаматтарымызды түгелдей дерлік оққа байлаған нәубет енді қайталанбауы үшін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін біз де өркениеті биік елдер сынды өзіндік деңгейінде өткізсек қайтеді?
С.МАДИЯРОВА