Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемнің Әбдіжәмілі

Әлемнің Әбдіжәмілі

Өткен ғасырда руханиятымыздың негізгі бөлшегі саналған қазақ әдебиетінің қамбасына бұтарланбайтын туындылар тоғытылды. Олар өткен ғасырдың еншісіндегі дүние емес. Текті жұрттың қалам ұстар зиялылары барда, ондай шығармалар ғасырлар бойы үздіксіз өмірге келіп, әдеби шөліркеген жандардың шөлін басары хақ. Солардың қатарында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» атты саф туындылары бар. Қазақ әдебиетімен ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарларымен иық тіресіп қатар тұратын сом дүниені дүниеге алып келген заңғар жазушыға сүйсініп, бас иіп ризашылық танытуға әбден болады.
Жаратқан әр пендесіне әртүрлі ғұмыр береді. Біреуге ұзақ, енді біріне қысқа. Әбдіжәміл Нұрпейісов – бес күндік жалғандағы жарық күні ғасырға жалғасқан жақсы жан. Ал сол өмірді өнегелі де өрнекті, мәнді де мағыналы сүру екінің біріне бұйыра қоймасы анық. Әбдіжәміл аға сондай бақты басынан өткерген, барақатын көрген жайсаң жазушы.
Ол шаршы шеңберге сыймайтын, ешқандай өлшемге сай келмейтін тұлға еді. Өн бойында сан түрлі мінез тоғысқан, топтасқан дана бола білді. Даналығы сол әлемнің бар білімін бойына жиюға ұмтылды. Бабалардан қалған құндылықтарға қылаудай болсын қиянат жасауды білмеді. Ұлы даланың заңдылықтары мен жаһандық өркениеттің талаптарын орайластыра білді. Сондай дегдарлықтың арқасында Алаштың абызы атанды. Абыз тұлға қанағатшыл болатын. Онысына жастайынан жоқшылық көріп, тар заманда өскені де ықпал еткен шығар. Барға қанағат, жоққа шүкір етіп ­өмір сүре білді.
Кеңестік зұлматты, алапат аштық пен қанды соғысты көрген, Арал қасіретін көкірегіне түйіп, оны адам экологиясымен шендестіре жазған классик жазушы талапшыл да талғампаз қалпымен артына өшпес мұра, өлмейтін туындыларын қалдырды. Сырты ызбарлы қатал көрінгенімен іші мейірімге толы патриархтың кірпияз болмыс-мінезі мен шығармашылық күрделі әлемі өзгеге ұқсамайтын. Қолына алған жақұтты жарқырататын қас зергердей, мінсіз мүсіншідей ол әрбір шығармасын күні кешеге дейін қайта-қайта қашаудан, түзеп-күзеуден, ширатып шыңдаудан әсте жалықпайтын. Әрдайым ағысқа қарсы жүзетін, сертіне берік тарлан тұлға осы дегдар болмысымен, тарпаң мінезінен бір сәт танған емес. Бар ғұмырын жазуға арнаған, сөйтіп шынайы шығармашылыққа адал болған оның мұраты ғажап кейіпкерлер галереясымен толығып, есімі мен әдебиеті біртұтас қастерлі ұғымға айналып кеткендей. Оның біреуді көлгірсіп мақтамайтын, өзі де мақтанбайтын, сабыры сарқылмайтын, төзімі түгесілмейтін шыңырау мінезі даладан дарыған нәр еді. Ол тұтас шығармасына ғана емес, әрбір сөйлеміне, әрбір жазған сөзіне ықтиятпен мән беріп, қайта-қайта өңдеуден-жөндеуден әсте қажымайтын. Эстетикалық тұнық талап-талғамы оны үнемі мазасыз еткеніне көзіміз талай мәрте жеткен.
«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды» деп аудармашы, сыншы Геролбд Бельгер айтқандай, тау тұлғаның есімі Алаш төрінен түспейді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
28 мамыр 2022 ж. 256 0