Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін қаламгер болды – Президент

Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін қаламгер болды – Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы тұрғындары аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. 
Әбдіжәміл Кәрімұлы – сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралғансоң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. 
Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер»трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылармен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. 
Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. 
Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды. 
Ол ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер.Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды. 
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатыншығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының ендіекінші өмірі басталды. 
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. 
Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. 

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, - делінген көңіл айту жеделхатында.

07 ақпан 2022 ж. 289 0