Музей – тарихи құндылықтар ордасы
Көненің көзі болған Сыр еліндегі тарихи-мәдени орындар, түйір-түйір тастар тағлымы мол тарихтан сыр шертеді. Туған жердің бедерлі белдері мен қазыналы қырларында шежіреміздің шерлі шанағынан күй болып төгілген, алқам-салқам қызықты дәуренді айғақтап, дәлелдейтін дүниелер жетерлік. Бүгінде біз оны «мұра» деп дәріптейміз.
Иә, қазіргі күні мұра мен мирас дүниелердің, көзге басар қастерлі жәдігерлердің сақталатын алтын қорындай болған музейлер жұмысы жандануда. Жыл сайын қазба жұмыстарынан, өзге де зерттеулерден табылып жатқан жәдігерлер сол мұражайлардың қорына тоғытылып, көрерменге мыңжылдықтардан сыр шертуде. Тиісінше мемлекет тарапынан да музейлер жұмысының жандануына көп көңіл бөлініп жатқаны әмбеге аян. Сонымен қатар жыл сайын 18 мамыр күні «Халықаралық музей күні» аталып өтіледі.

Әлемдік масштабта өткізілетін бұл күн Бидайкөл ауылындағы №148 орта мектепте де ұмыт қалған жоқ. «Музей – тарихи құндылықтар ордасы» атты рухани шара музей жұмысын насихаттап қана қоймай, оқушылардың патриоттық сезімін нығайтып, жеке тұлға мен ұжымның рухани жетілуіне негіз бола білді. Игі шараны ұйымдастырушы тарих пәні мұғалімі, қоғамдық музей жетекшісі Майра Байсалбайқызының айтуынша, мектеп жанындағы қоғамдық негіздегі музейге 1 жыл толыпты. Аталған музей іргетасының қалануына осы мектептің 1986 жылғы түлегі Мұхаммеджан Салқынбаев демеушілік танытқан екен. Шара барысында ауыл ұстаздары мен оқушылары алғаусыз алғысын айтып, ұрпағы мәңгі мақтан тұтатын із қалдырғандығын тілге тиек етті.
Айта кетейік, атаулы шараға мектеп директорлары, Мұрат Көпешбай, Шолпан Байжанова, Орынкүл Шорабаева, Патшабек Бошайбеков пен Күлаш Абдуайтова қатысып, музейге 1972-1973 оқу жылынан бастап 1985 жылға дейінгі 70 суретті сыйға тарту етті. Мұнымен қоса музей іші құнды әрі туған жер мен мектеп тарихынан сыр шертетін ескі суреттермен, жәдігерлермен толықты.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ