Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Қазақстанды құру жаңаша сипат алуы керек

Жаңа Қазақстанды құру жаңаша сипат алуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды сіздермен бірге жасаймыз және мен үшін халықтың пікірі өте маңызды» – деді Жолдауында.
Президенттің осындай ұстанымдарын оқып отырып, жайбарақат қала алмадым. Саясатта жұмысым жоқ. Сонда да болса Жаңа Қазақстан реформасын жасаушыларға пайдам тиер ме екен деп өз ұсынысымды жергілікті «Өскен өңір» газеті арқылы жолдағанды жөн деп білдім.
Мен Құрманбек Қаракеев Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы, Ш.Қодаманов ауылының тұрғынымын. Жасым 75-те. Еңбек ардагерімін.
Қырық бес жылдан астам өз ауылымдағы шаруашылықта бригадирліктен бастап ұжым басшысы қызметіне дейін еңбек жолын жүріп өттім. Ұзақ жылғы еңбегімнің өтеуіндей етіп, Егемен Қазақстанның «Құрмет» орденіне ие болдым. Ауылымның бұрынғы және қазіргі кездегі әлеуметтік экономикалық жағдайларын жақсы білемін.
Біздің ауыл бұрын «Төңкеріс» атындағы колхоз болатын. Колхоздардың жұмыс істеу тәсілі, қазіргі нарықтық заман талабына сай келетін.
Халқымызға қажетті азық түлікті өзіміз егіп, өзіміз өндіретін едік.
Ауылда ұн тартатын диірменіміз болды. Бидаймызды ұнғып тартып беретін. Еккен күрішімізді де өзіміз ақтайтынбыз. Жүгерімізді, күріштен, бидайдан шыққан қалдықты қосып майдалап, жемді де өзіміз дайындап алатынбыз. Ауылшаруашылығы техникаларын жөндейтін шеберханамызда ұсталар техниканың сынған бөлшектерін жалғап, дәнекерлейтін агрегаттар үздіксіз жұмысын атқарып тұрды. Егін және мал шаруашылығын қатар алып жүрдік.
Колхозымызда үш жарым мың гектар инженерлік жүйемен тегістелген, сегіз танапты күріш егуге арналған бес ауыспалы егіс алқабымыз болды. Агротехника талабына сай 3 жыл күріш, 3 жыл жоңышка егіледі. Сегіз танапты алқаптың үшеуіне күріш, екеуінде ескі жоңышқа, екеуінде жаңа жоңышка, қалған сегізінші танабында жүгері егіп, оны ерте жинап алып, орнын күзде тегістеп, келесі жылы күріш егуге дайындайтынбыз. Сонда 3500 га жердің 1500 га жеріне күріш егіліп, қалған жерлеріне жоңышқа, бидай, соя, жүгері егілетін. Жер азып тозбайтын. Еккен егінімізден үнемі пайдамен шығатынбыз. Сол уақыттарда колхозда 3500 сауын бағытындағы сиыр болды. Бұл сиырлар жылда үнемі шығынмен шығатын. Ал егіннен шыққан табыс колхоздағы 3000-нан астам халықты асырап, сонымен қатар сиырдан келген шығынды өтеп, колхозымыз үнемі табыспен шығатын. Колхозымыз өз қаражатымен ауылда: мектеп, балабақша, мәдениет үйі, монша, заманауи сауын сиырларға арналған мал қораларды (коровник) салып алған едік. Колхозшыларымыз 6 ай диқан, 6 ай малшы болып, жыл бойы жұмыста болатынбыз. Айлық еңбек ақыдан бөлек колхозшы, диқандар мен механизаторлар, жыл аяғында келісім шартта көрсетілген өнімнен артық берген, өнімінен түскен табыстан алды 5000, арты 500 сом аралығында қосымша еңбекақы алатынбыз.
Халықтың тұрмысы 1970-1990 жылдарда жақсы көтерілді. Ауылда ұрлық деген болған жоқ. Күрішті егіп жатқанда, тұқым күрішіміз тіркеме үстінде егістік басында тұра беретін. Күріш жинап жатқанда, бұзылып қалған комбайнның бункеріндегі астыққа ешкім тимейтін. Ұрлап алған ұрлықтан гөрі мол өнімді түгел өткізіп, жыл аяғында қосымша еңбек ақы алғанның жақсы екенін халық та дұрыс көретін. Ел болып, сол үшін күресетін. Осындай берекелі тірліктің арқасында колхоз өз күшімен ­ауылда жылда 2-3 жаңа үй салып, көп балалы отбасы мен жас мамандарға беретін. Мұнымен қосымша үкімет тарапынан үй салу үшін өсімсіз «ссуда» деген несие беретін. Колхоз Сібірден тікілей құрылыс үшін қарағай бөренелерді вагонымен адам жіберіп алдыратын. Ол бөренелерді ауылдағы шеберхана да ағаш ұсталары тіліп, құрылысқа керекті материалдарды өзіміз дайындайтынбыз. Осындай берекелі жоспарлы тірлікпен колхозда баспана салу қиынға түспейтін. Көп тірлік асармен бітетін. Ағайын қол жәрдеміне ақы талап етпейтін. Ауылда ынтымақ пен ауызбіршілік мықты еді. Осының бәрі ауылдағы өткен өмірдің еншісінде қалды. Ал енді еліміз егемендік алғаннан кейін жекешелендіру басталып, нарықтық заман орнағаннан бастап, алға жылжу қиындап, кейін қарай кете бердік. Фермадағы 3500 сиырмен қамбадағы астығымызды сатып, жанармай мен қосалқы бөлшек және әйелдердің жәрдемақысына беріп, 2-3 жылда түгел тауыстық. Жұмысшылардың енбекақысын төлей алмадық. Салық пен зейнетақы да төленбей, ұжымымыз екі рет банкротқа кетті. Еккен дақылдарымыз, істеген жұмыстарымыз өзін-өзі ақтамай, қарызымыз көбейе берді. 2003 жылы инвестор келіп «Туран-әлем» банкінен 22 процентпен несие алып, жұмыс жасай бастадық. Бұлармен бірге істеген жұмысымыз да өзін-өзі ақтамады. Өйткені өткізген қара күрішіміздің бағасының бір килограмын 15 теңге етіп өздері бағалап, қарызға жұмыс жасай бердік. Бұлардан кейін де 2 компаниямен жұмыс жасадық, бәрібір ісіміз алға баспады.
Қазір жеке бай, миллионер кәсіпкерлермен жұмыс жасап жатырмыз. Жылдан-жылға жанар-жағар маймен қосылып, тыңайтқыш пен қосалқы бөлшектердің бағасы бірнеше еселеп өсіп кетті. Бұрынғы ескі техникалар тозып, қайтадан несиеге кіріп, шет елдік қуатты жаңа техникалар алып, қарыз төлеумен жұмыс жасап жатырмыз.
Қарыз болсақ та жеке инвесторлар бізді тастап кетпейді. Себебі олар біздің үстімізден пайда көреді. Ауылдағы жұмыс тек науқандық қана. 6 ай бос боламыз.Сол алты айда тапқан табысымызбен жыл бойы жоқ-жұқана өмір сүрудеміз. Осы қиындықтарға шыдамай жастардың көбі тұрақты жұмыс іздеп, сырттағы құрылыс, мұнай компанияларына жұмысқа орналасып, ауылдан біржола қоныс аударып кетіп жатыр. Бұрын күріш егілетін бір танаптағы 70-80 га жерде үш адам жұмыс істесе, қазір бір ақ адам жұмыс істейді. Бұрынғыдай сапалы жұмыс жоқ. Күзде өтірік ақпармен мол өнім алып шыға келеді. Жылдан-жылға Сырдарияның суы азайып, су тапшылығы болып тұр. Судың мол кезінің өзінде күріш пісіп, суы байланғанша, майда арықтардың ішін кейде 2 рет қолдап тазалайтынбыз. Қазіргі жағдайда жалғыз адам арықтың ішін қолдап орып тазалауға шамасы келмейді.Тіпті аз суды кезекке қойып, басқа су жетпей жатқан жерге бергенде,өз жерінің алды-артын байлап, суын атызда ұстап калуға шамасы келмейді. Бұрын әр бригадада 30-40 адам жұмыс істесе, қазір 10 шақты адам ғана бар. Осындай қиындықта жұмыс істеп жатқан ауылдағы ұжымдардың келешегі күмәнді болып тұр. Ауылдар отыз жыл бойы алға жылжымай тек артқа кетті.Осы қиындықтардан шығудың жолын ойлап, шіркін-ай осылай болса деген ойларымды ұсыныс етіп, ортаға салып отырмын.
1. Бірінші кезекте ауылдардағы майда шаруашылықтарға бөлініп кеткен ұжымдарды қосып, бір ғана кооператив жасау керек. Бұның пайдасы аз суды бір жерден басқарып, кезекке қойып, тиімді пайдаланудан бастап, күрішті егу, жинау кезеңінде аз техниканың бір жерден бірге жұмыс істегені пайдалы. Және қосылғанның бұдан басқа да бірнеше арттықшылықтары бар.
2. Екінші кезекте жастарды ауылда қалдырудың тиімді жолы тұрақты жұмыс тауып беру.Ол үшін мемлекет шет елден сатып әкеліп жатқан асыл-тұқымды малды тек бір адамға беріп, сол адамды шексіз байытуға жағдай жасамай, ауылдағы ірі ұжымдарға беру керек.Сонда ауыл адамдарына жыл бойы жұмыс табылар еді.
3. Ауыл жастарын ауылда тұрақты қалдыру үшін «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама сияқты «Ауылда қал» деген бағдарлама жасау керек. Бұл бағдарламаның мақсаты бір отбасындағы үш- төрт баланың үйленгенен соң бір үйге сыймай және тұрақты жұмысы болмай, мәжбүрліктен қалаға кетіп жатқандарды тоқтату. Ауылдан кеткендер барған жерінде баспана кезегін көбейтуде. Ол жақта да жағдайы болмай, қиындықпен өмір сүруде. «Ауылда қал» бағдарламасының аясында жер беріліп, азда емес, көпте емес, орташа үй салуға жетерлік несие қаражат берілсе.Ол үйді өздері салып, жұмыспен өздері қамтылса. Үй салатын қаражат өздерінде қалып, тұрмысы жақсарып, тарықпас еді және әрі баспаналы болатын еді. Үй біткеннен кейін солтүстік облыстар да пилоттық жоба негізінде өтіп жатқан «Жайлау» бағдарламасын жалпыұлттық негізде ауыл-ауылға енгізе отырып, пайызсыз несие беріп, алдына мал салып берсе, ауылда біржола қалар еді. Бұл бағдарламаға қолы жетіп, үйі салынып, малы алынып, әрі қарай жақсы болып кетуін ауыл әкімінің қатаң бақылауында болсын. Бағдарлама талаптарының орындалуына ауыл әкімі де жауапты болсын. Қазір ауылдағы жер сұраған адамға үй салуға 0,10 га жер телімі беріліп жатыр.Сондағы сылтауы инфрақұрылымы бар көшеден 0,10 га жерге ғана рұқсат бар екен. Бұрын 0,15 га беріліп келген. Сонда 5 соттық жердің шығынын ауырсынып тұрма әлде, дүние жүзінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындағы Қазақстанға қазақ көбейіп кетіп, сыймай жатыр ма екен?
Бұл 0,10 га жер аудан орталығында болса мақұл. Ал ауылда сырттағы елді мекенде тұрған халық мал ұстайды, есігінің алдына қауын мен қияр, қызанағын егіп, аз да болса, жеміс ағашын егіп, жеміс жемесе ауылда тұрып не керегі бар. Айналасы кең ауылда 0,10 га жерге өмір бойы қысылып қымтырылып өту халыққа обал емес пе?
Тағы бір айтылатын мәселе ауылда жер телімі екі ақ жылға беріледі. Біздің ауылда жаңадан 3 көше пайдалануға берілген. Берілгеніне 6 жылдан асып барады, сол көшелерден көп адам жер алды, бірақ сол 3 көшеде 3-ақ үй бой көтерді. Кезегі келіп қалып, жер алған адамдардың дер кезінде жағдайы болмай, үй сала алмай сол алған жерлері мемлекетке қайта өтіп кетіп жатыр.
Қазақстанның бір азаматына өмірінде бірақ-рет тегін берілетін жерді неге өмірлік етіп бекітіп бермеске? Екіншісін сатып алсын. Бұлардың бәрін тізіп айтып жатқан себебім «Ауылда қал» бағдарламасына ие болған адамға есігінің алдына кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысу үшін қазіргі беріліп жатқан 0,10 га орнына 0,25-30 га болмаса, ауыл жұрты алақандай жерде малымен бірге араласып өмір сүруге мәжбүр болады.
4. Қазіргі жағдайда инвесторсыз жұмыс жасау мүмкін емес. Сондықтан инвестор мемлекеттің өзі болғаны дұрыс. Бұл шараны мемлекет «Азық-түлік корпорациясы» арқылы пайызсыз несиені ауылға беріп, сол несиені алған тұрғындар егін егіп, күзде өнімін «Азық-түлік корпорациясы» өзі сатып алу керек. Өнімнің сатып алу бағасын екі жаққа да тиімді етіп белгілеп, шартқа отырып, диқан өнімін сол бағада сатуы керек. Сонда шаруа еккен егінін бүгінгідей қайда өткізерін білмей, басы қатпайды. Ауылда бақша өнімін егушілер көп. Бірақ олар күзде өнімін өткізе алмай сенделіп кетеді. Уақытылы өткізе алмағандар өнімін шірітіп-ірітіп алады.
Қазіргі биліктің мақсаты бар дүниені, тірлікті жекеге беріп, тек салық жинап қана отырғанды жөн көретін секілді. Бұл дұрыс емес. Бәрін бетімен қоя беріп, жеке бір адамды шексіз байытуға жағдай жасамай, жеңілдік жағдайларды ауылдағы ұжымдардағы көпшілік қара халыққа жасағаны жақсы болады.
Жеке адамды байытып, қара халық тарыққанда үкімет мәжбүрлі түрде әлеуметтік көмек бергенше, халықтың берекелі жұмыс жасауына үкіметтің өзі еге болғаны дұрыс. Сондықтан барлық субсидияны «Азық-түлік корпорациясына» беріп, ауылға арзандатылған жанар-жағар май, тыңайтқыш, жаңа техниканы және асыл тұқымды малды, күріштің, бидайдың жаңа сорттарын азық-түлік корпорациясы арқылы алған дұрыс болар еді.
Сол кезде жемқорларға, алаяқ делдалдар мен саудагерлерге қара халық жем болмас еді. «Азық-түлік корпорациясы» сатып алған дақылдарды өздері өңдеп, базарлар мен дүкендерге қол жетімді бағамен таратса, базардағы бағаны тұрақты ұстап тұрар еді.
Мен көпті көрген көнекөз ауыл тұрғынымын. Өмір жолымның жартысы кеңес дәуірінде, жартысы егемендік алып нарықтық жүйемен жұмыс жасаумен өтті. Ертеде Кеңес одағы кезінде балалық шағым анаммен бірге масақ терумен өтті. Әкем қарт кісі. Үкіметтен зейнетақы да алмайтын. Өзім үйдегі баланың үлкені едім. Ер жетіп, колхоз жұмысына араласа бастағаннан бергі Кеңес дәуірінің соңғы 20 жылында ауыл халқының тұрмысы жылдан жылға жақсы көтеріліп, елдің тұрмысы бақуатты болды.
Ал еліміз егемендік алған 1991 жылдан бері қарай жекешелендірілгеннен бастап кейін қарай кете бердік.
Алдымызда жақсы күн бар деген үмітпенен жоқ жұқана өмір сүрудеміз. Рас, ауылда бірлі жарым жеке кәсібі барлар жақсы көтеріліп келеді. Бюджеттен жұмысы барлар мен үйінде зейнеткерлері барлар орта деңгейден төмен күн кешуде. Бәрін жоққа шығарудан аулақпын. Бір-ақ ауылдың әлеуеті бәрібір бұрынғыдай емес екені белгілі.
Газеттен оқып, теледидардан көріп отырғанымыздай, Президентіміз Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз деп халыққа үндеу жолдады. Жаңа Қазақстанды құруға, реформа жасауға үкіметке тапсырма беріп жатыр. Бәрі дұрыс, халық қолдап отыр. Алдымызда референдум. Бұны да біз асыға күтіп, кең қолдау білдіріп ­отыр­­мыз. Мен осы мақалам арқылы айтып отырған ұсыныстарым бойынша бұрынғы колхозды көшіріп әкел демеймін. Кезін де сол колхоздардың нағыз нарықтық жүйемен жұмыс жасағанын айтқым келеді. Сондықтан Жаңа Қазақстандағы жаңа ауылды құру үшін бұрынғы колхоздың жақсы жақтарын алып, соған ауыл шаруашылығы ғылымдарының тиімді ұсыныстарын қосып, ауылды өркениетті елдердегідей қалыптасқан ауылдардың қатарына қосайық. Жан жақта жұмыс іздеп, қаңғырып жүрген жастарды қайтарайық. Олардың көбісінің сол жүрген жерлерінде де күндері қараң. Арзан қол жұмысшы болып, әбіржіп жүр. Бала-шағасы ауылда екі көзі төрт болып әкесін күтуде, әкелері отының басын айлап, жылдап көре алмай қор болуда. Азын аулақ тапқан қаржысы бала-шағасының киімін жаңартуға жетсе, тамағына жетпей тарығуда. Ауылдағы кәсіп: егін мен мал шаруашылығы саласы ғана. Егінмен айналысудың жағдайын жоғарыда айтып өттім. Бұрынғы колхоз кезінде 3000 халық пен 3500 сиырдың жағдайын жақсартқан ауылымыздағы 3500 га тегістелген жер қазірде ауыл халқын бай бақуатты қылуға мүмкіндігі бар. Жаңа Қазақстан реформасына менің ұсыныстарым өтсе, ауыл шын мәнінде Жаңа Қазақстанның жаңа жақсы ауылы болар еді, басқа жолы жоқ сияқты. Жеке-жеке бөлініп бірі көлге, бірі шөлге, бірі аспанға тартқан тірлікте береке болмайды. Ауыл тоз-тоз болып кері кетеді.

Құрманбек Қаракеев,
Еңбек ардагері,
«Құрмет» орденінің иегері
23 мамыр 2022 ж. 327 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930