Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Референдум – Шешім, Жаңару

Референдум – Шешім, Жаңару

Өздеріңізге мәлім, Жаңа Қазақстанды құру идеясы тың серпілістерге жол ашты. Мұндай іс-әрекеттердің нәтижесі де шынайы болады. Жаңа Қазақстанның алғышартын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында егжей-тегжейлі айтқан болатын. Енді саяси өзгерістер заңмен негізделуге тиіс. Сол кезеңді бәріміз күтіп отырмыз.
Шынтуайтында, осы игі бастама арқылы ұлттық өрлеу, ұлт болып сақталып қана қоймай, іргелі елдердің деңгейіне жетудің жаңа бағыты мен әлеуметтік әділдікке негізделген мемлекеттік мақсаттар алға қойылып отыр. Бұл ауқымды өзгерістер қоғамның ой-санасын жаңа тарихи арнаға бетбұрыс жасауға әсер етуде. Адам ой-санасының өзгеруі оңай дүние емес. Бұл тағдырлы кезеңнің жауапкершілігі, ашығын айтқанда, бұған дейінгі жылдар мен уақытқа қарағанда еш салыстыруға келмейтін деңгейге көтеріле бастады. Ашықтық пен турашылдықты ­саясатта, экономикалық мәселеде және әлеуметтік, құқықтық салада түбегейлі оң өзгерістер сипатында айту санаға сіңді, үмітті оятып қана қойған жоқ, бұқараның жұмылып, ұйысуына сілкініс алып келді.
Қоса кеткен жөн, бүгінде Президенттің бастамасы негізінде рес­публика көлемінде қоғамдық штаб мүшелері жасақталып, референдумның бағыт-бағдарын халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үстінде. Осы бағыт бойынша ауданда құрылған қоғамдық штаб мүшелері мардымды жұмыс істеуде. Олардың қатарында аудандық әйелдер Кеңесі төрағасының орынбасары Қ.Ыханова, облыстық «Атамекен» палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, Қазақстан Іскер Әйелдер Ассоцациасының Шиелі аудандық басқарма төрағасы, жеке кәсіпкер А.Әбдіқадырова, аудандық Билер Кеңесінің төрағасы Т.Баймағанбетов, аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Г.Дүйсебай, «Жастар» ресурстық орталығының кеңесшісі Ы.Қаппаров бар. Күні кеше олар Иіркөл ауылдық округінің тұрғындарымен және №149 Монтаев атындағы мектеп қызметкерлерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ел Президентінің қолға алған ­саяси реформалары мен бастамалары халықтың көңілінен шығып жатқаны айқын. Қарапайым халық бұл ірі өзгерістерді іргелі ел болудың жаңа кезеңі деп түсініп, қоғамды тазарту арқылы дамыту қадамдарын қуаттау үстінде. Әрбір отбасы мен ұжым мүшелерінің әділеттілік қағидасын жан-жақты қолдауы және әрбір отандас­тарымыз өзі өмір сүріп отырған еркін елдің азаматы ретінде үн қатуы ерекше маңызды. Бұл қажет десе, кешегі замандарда тарыдай шашылған тарихымызды түгендеуге қаншалықты күш салып келсек, енді қазақ жұртының келешегі, ғаламдық жағдайдың сын-қатеріне қарсы тұра білу үшін қарманудың нағыз қаhармандық танытар, мемлекеттік негіздер мен саяси жүйені түбегейлі түзейтін күн туғаны анық.
Иә, Конституциялық референдумның өтетін күні де таяу. Бұл референдум саяси мәні жағынан бүкіл құзыретті бір адамға қаратып негіздейтін жолдан тартынып, керісінше мемлекетті басқару ісіне азаматтық қоғамды тікелей қатыстырып, әділетті Қазақстан құруға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның өмір сүру сапасын өркениетті, нақты іспен жақсартуды мұрат етеді. Бажайлап қарасаңыз, біздер осы бедерлі уақытта тек ақиқатқа жүгінуге жол аштық. Бұл – адамдардың күткен өмірінің басты өлшемі. Әйтпесе, жылдар бойы әлеуметтік әділдікке қол жеткізе алмаған түрлі жағдайлар қатты алаңдатып, жұрт наразылығын тудырған жоқ па еді?!
Айта берсек, алдағы күндердің жаңашылдыққа толы екеніне шүбә келтірмейміз. Қолға алатын бұл міндеттер науқаншылдықтан ада, нақты нәтижелермен халықтың әл-ауқатын арттырады дегіміз келеді. Сондықтан референдумды қолдап, оған жаппай үн қосып, таңдауымызды білдірсек, Жаңа Қазақстан – жаңа ұрпақты орнықтыратын боламыз.

С. БАХТИЯРҚЫЗЫ
16 мамыр 2022 ж. 738 0