Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – өмір айнасы

Отбасы – өмір айнасы

Өнегелі отбасы – тәлім-тәрбиесі, қалыптасқан қағидасы бар, береке-бірлігімен, асыл қасиеттері арқылы өзгеге өнеге болар шағын мемлекет. Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, алдымен Отанды құрайтын отбасы мықты болуы шарт. Ол үшін отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандыру, үлгілі отбасыларды насихаттау жұмыстары жолға қойылуы қажет. Жуырда 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Шиелі ауданаралық ауруханасының профилактикалық әлеуметтік-психологиялық бөлімінің қолдауымен емхананың әлеуметтік қызметкері Жадыра Нұрбаева, Ы.Жахаев дәрігерлік амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Мая Секинова, Бидайкөл дәрігерлік амбулаториясының әлеуметтік қызметкері Гүлзат Мұхтарова, Шиелі ауданаралық аурухананың психолог маманы Зулфия Жагипбарова және Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Отбасы өмір аясы» атты сайыс өтті.
Сайыстың мақсаты ұрпақ тәрбиесінде ата-бабамыздың ұстаған жолын, баланың отбасындағы орнының жоғары бағаланғандығын паш ету, бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, нақыл-сөздерді пайдалана отырып өзара сыйластыққа, адамгершілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ отбасы ұғымының қыр-сырына терең бойлай отырып ата-аналар мен балалар арасындағы сезімді нығайту, қазіргі қоғамдық өзгерістерге сай ұрпақтың бойына ұлттық игіліктерді сіңіру.
Шараның алғы сөзін Иіркөл ауылдық әкімдігінің бас маманы, заңгер Гүлнар Қожамжарова ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен бірге сайысқа Қазақстан Республикасы «Ел құрметі» қоғамдық қорының Қызылорда облыстық төрайымы Маржан Сәдуақасова, Шиелі ауданаралық ауруханасының жастар денсаулығы бөлімінің дәрігері Лаура Аширова, Иіркөл ауылдық кітапхана меңгерушісі Лиза ­Махашова және медицина саласының ардагері Роза ­Айжанова қазылық жасады.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік анықталар жарыста кіл мықтылар сынға түсті. Алғашқы кезеңде әр отбасы өздерін өлең-жыр, қара сөзбен таныстырды. Екінші кезең өз өнерлерін көрсету бойынша жалғасын тапты. Үшінші кезең бойынша отбасы тақырыбында мақал-мәтелден сынға түсті. Одан кейін соңғы кезең бойынша жеке тапсырмалар берілді. Онда әр түрлі көрініспен отбасындағы шаттықты суреттеді.
Қазылар мен көрермендердің ойы астасып, жарыс жеңімпазы, яғни бірінші орын «Шаңырақ» тобына бұйырды. Ал екінші орынды «Алтын Орда» тобы алса, үшінші орынды «Ақ босаға» тобы иеленді. Сонымен бірге «Ақ отау» тобы 4 орын иеленіп, аудандық орталық емхананың басшысы Нұрлан Әміровтың алғыс хатымен бағалы сыйлық, республикалық қордан ұйымдастырушылар мен жеңімпаз топқа алғыс хат берілді. Одан соң емхананың әлеуметтік қызметкері Жадыра Маратқызының демеушілігімен қатысушы 4 балаға тәттілер ұсынылды.
– Мемлекет мерейінің биік болуы қашанда отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланыс­ты. Келешегіміздің жарқын болып, алға қойған мақсаттарға жетудің кепілі де жанұядағы өзара түсіністік пен татулық тамырының тереңге бойлауында екені анық. Сондықтан да елімізде өнегелі құндылықтарды жаңғырту мен отбасы мәртебесін арттыру мақсатында ауданда осындай сайыстар жыл сайын өтіп тұрса, қатысушылар да ниет білдірер еді, – дейді Айнұр Мамбетова.

Ш.Тілеубаев
16 мамыр 2022 ж. 726 0