Өрелі өзгерістер бастауы!
Референдум – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Яғни мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу десек те болады. Осы орайда аудандық қоғамдық штаб құрылып, оның 11 мүшесі аудан халқымен кездесіп, ашық диалог құруда. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер төңірегінде ой қозғап, барша халықты Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Қоғамдық штаб төрайымы аудандық әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Құттықыз Ыханова мен жеке кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова бастаған топ құрамы "Шиелі теміржол вокзалы" қызметкерлерімен кездесті.
1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата Заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады.
Конституцияға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі тек Қазақстанда емес, көрші елдерде де қалыпты саяси процеске айналған. Мәселен Ресей Федерациясы – 2020 жыл, Қырғызстан – 2021 жыл, Беларус Республикасы биыл референдум өткізуде. Сондықтан елдік мәселеден шет қалмай, ертеңгі күнге таңдау жасауымыз керек!