Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аманат арқалаған Алғабастық қос ана

Аманат арқалаған Алғабастық қос ана

(Төркіндеп барғандағы түйген ой)

Озық технология, инновация, шексіз ақпарат пен цифрлы жүйе деген «трендті» тіркестер өмірімізге еніп алған қарқыны қауырт заман бұл. Кейде жаның тыныштықты аңсап, бір секундқа да толастамайтын заман ағысынан шаршап, рухани азып, шынайы сезімдерге шөліркеген шақтарда ауылға барғың келеді. Мұндай беймәлім құбылыстан адам баласын тек ауылдың тіршілігі мен тыныштығы құтқарады. Мен де осындай шақтарда тынығып ауылға барып қайтамын. Бұл жолғы сапарым төркінге түсті. Өскен үйіме қонақ болып, анамның қолынан ас ішіп, ағайынды аралап, көрші-қолаңмен арқа-жарқа болғанға не жетсін? Алайда мені бұл жолы қатты қуантқаны бұл емес. Толғандырғаны – ауыл ағайындарынан әңгіме арасында естіген ауылдас қос ананың ерлігі. Түсінікті болуы үшін тарқатып айтып берейін.
Менің балалық шағым Шиелі ауданына қарасты Алғабас ауылында өтті. Өзгелер секілді мен де қазақы тәрбиені көрген ауылдың қызымын. Мен туған ауылда жаныма жақын көкем бар-тын. Есімі – Әбжәлел. Ол өмірінің барлығын еңбек жолына арнаған ауылдың сыйлы ақсақалы болған кісі. Ауылға келген сапарымда көкемнің көзін көргендермен әңгімелесіп, соңында қалған ұрпақтарын көрмей кеткім келмеді. Көзі тірісінде көптің алғысына бөленген ақсақалдың жоғын жоқтатпай жүрген ұрпақтары бүгінде Алғабас ауылында тұрады. Сіздерге көкемнің баласы мен келіні ­Бекзат пен Салтанат жайында айтып бергім келіп отыр.
Салтанат – ақкөңіл, мейірімді келіншек. Ал ­Бекзат – өте балажан. Сол Бекзаттың туғанындай болып кеткен ауылдас әрі құрдас Есенгелді атты досы болатын. 2020 жылдың ақпанында сол Есенгелдінің жары ­Зайнаб «аты жаман аурудан» қайтыс болады. Қапыда орны толмас қайғы Есенгелдіге ауыр соққы болып тигені соншалық, қатты қиналады. Оның қолында анасыз қалған екі ­жастан енді асқан қызы болды. Алайда Есенгелдіге қызын жалғыз өзі қарау қиынға соқты. Оның жалғыз жанбағар кәсібі малшылық болғандықтан, малға кеткенде екідегі қызын әркімнің қолына қалдырып жүруге тура келетін. Досының шарасыз кейпін көрген Бекзат болса келіншегі Салтанатпен келісіп, аузынан ана сүті кеуіп үлгермеген періштедей Інжуді өзінің бес баласына қосып, алтыншысы етіп қамқорлыққа алады. Салтанаттың Інжудің анасымен көзі тірісінде құрдастығы, сырластығы болды. Барлық бастан кешкендерін көзбен көргеннен болар Салтанат анасынан ажырап қалған кыздың кейінгі өмірін өзіне «аманат» етіп қабыл алды.
Барша қазақстандықтардың зәре құтын қашырған, Алматыда болған оқиға естеріңізде болар. Бірінші үш бөбегін, артынан өзі тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен келіншектің әрекеті баршамызды шошытқаны рас. Алматыда мен сол келіншекпен көрші тұрдым. Осы оқиғадан кейін «адамның адамға қалдырған аманатын ардақтаған ел едік, енді Алланың аманаты – өмірді оңай қия салатындар пайда болғаны қандай қорқынышты» деп кынжылған едім. Иә, бұл жаға ұстатарлық жайтты ойлап, көпке дейін күйзелісте жүрдім. Ауылыма келіп, Інжудің тағдырын сөз қылғанда жүрегіме жылулық ұялады. Көңіліме нұр құйылып, іштей бақытқа бөлендім. Сондықтан бардың қадірін білмей, жоққа жиі күпірлік айтатындар көбейген қайырымсыз заманда Бекзат пен Салтанаттың әрекетін нағыз ерлікке балар едім. Халқымызда «жердегі бір жетімнің маңдайынан сипасаң, жеті жұмақ есік ашады» деген қасиетті сөз бар. Дәл осы қасиетті сөз Інжудың маңдайынан сипап, бауырына басқан Бекзат пен Салтанатқа қаратып айтылғандай.
Алғабас ауылы ата-анасыз қалған балаларды бау­ырына басқандардан кенде емес. Олай болса, сіздерге тағы бір осындай отбасы жайында айтайын. Ауылда бізге жақын адамға айналған, Әбішбаевтар әулетінің тумасы Ақылбек пен Қарлығаш есімді ерлі-зайыптылар тұрады. Оларды ауыл іші жақсы таниды. Олар бізге көрші болып келетін. Екеуі шаңырақ көтергелі Тәңірден тілеп жүріп ұлды болды. Алайда екеуінің алдынан басқа күндер күткен екен. Кейде тағдыр адамның тілегімен санаспай қарсы ағыспен ағады. Мұндай сын сағат туғанда сынып қалмай, керісінше өз тағдырын өзі қалайтын арнамен ағызып алып кете алатындар бар. Қарлығаш көпбалалы ана болуды армандаған ақырында балалар үйін паналаған 2 ұл, 1 қызды бауырына басады. Осылайша аналық махаббат тұнған жүрегінің құлпын осы балапандарға ашып берді. Бұл отбасы туралы әңгімені ауылдықтар күрсініп бастап, сүйсініп аяқтайтынын көрдім. Өйткені мейірімге шомылып, махаббатқа ­тойын­ып өсіп жатқан балақайлар оқуда озат, көрсең көзің тоярдай сүйкімді жеткіншекке айналып келе жатыр.
Қос отбасындағы қамқор көңілді, аналық махаббатты көріп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдың ауызбіршілігіне тәнті болдым. Бүгін кішкентай мақалаға арқау болған тағдырлар болашақта үлкен тұлғалар туралы том кітапқа айналарына сенемін.
Мен дүниенің қай бұрышында өмір сүрсем де туған жерім Шиеліні мақтан тұтамын. Себебі бұл топырақ талай тұлғаны бесігінде тербеткен киелі мекен. Осы мақаланы жазып отырғанымда ауылдан қуанышты хабар естідім. Ауыл әкімі Бақытжан Терлікбаев пен ауыл имамы Әлкебай Еркін Қажы осы балалардың басынан сипап, балалар жылында тәттілермен қуантқан екен. Ойымды «Әлемді құтқаратын әдемілік» деген қанатты сөзді өзімше өзгертіп, «Әлемді құтқаратын – мейірім мен махаббат» деп аяқтаймын.

Әсел Кенжебайқызы,
Алматы қаласынан
11 мамыр 2022 ж. 227 0