Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің әкем майдангер

Менің әкем майдангер

Майдандағы ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран болып қалды. Қазақ халқы да сұрапылдан сырт қалған жоқ. Әкелеріміз бен аталарымыз намысын ту етіп, соғыс жылдарында өшпес ерлік, қаһармандық көрсетті. Соғыстың отты жылдарын бастан кешіріп, ажал тырнағынан аман қалған ерлер бейбіт еңбекке араласты. Солардың бірі – менің әкем Асан Марданов.
Әкем Асан Белгібайұлы 1905 жылы қазіргі Тартоғай елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан. Елді колхоздастыру кезінде, отызыншы жылдарда белең алған ашаршылықтан аман сақтап қалуда әкем ауылдастарымен бірге белсене жұмыс істеген. Оның елжандылығы мен жауапкершілігін байқаған басшылық орган әкемді ауылдық кеңестің хатшысы, қойма меңгерушісі және колхоз төрағасы етіп сайлап, ел әлеуетін арттыруға сенім білдірген. Міне, өзінің осындай өнегелі өмірімен ел-жұртына танылған Асан Белгібайұлы 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғысына да қатысып, ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысты.
Соғыс басталысымен майданға, Отан қорғауға аттанған әкем ел астанасы Мәскеуді қорғауда ерлік істерімен танылып, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталса, одан әрі Ресей, Украина мен Беларусь елдерін жаудан қорғағаны үшін, сонымен қатар «Ерлігі үшін», «Ұрыстағы ерен еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Гераманияны жеңгені үшін» медальдарын омырауына тақты.
Ұлы Отан соғысы Кеңес әскерлерінің жеңісімен аяқталған соң, майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен қазақстандықтармен бірге әкем Асан Белгібайұлы да аман-есен елге қайтты. Майдангер әкем елге орала салысымен туған ауылын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып, ауыл әлеуетін көтеруде аямай жұмысқа кіріседі. Әкемді ауылдастары бірауыздан қолхоз директорлығына тағайындап, ел болашағын сеніп тапсырады. Тәжірибелі маман ретінде танылған әкем ұжымшарды басқарған жылдары тұрғындардың ауызбіршілікте болуына көп еңбек сіңірген екен.
«Өмір-өзен» демекші, жылдар өте егде жасқа жеткен әкем қолхоз директоры қызметін жастарға тапсырып, өзі қой бағып, шопандық қызметті атқарады. Бұл жұмыста да ол өзінің бұрынғы белсенділігімен танылып, еңбектің зор үлгісін көрсетеді, көптеген марапаттарға ие болады.
1968 жылы құрметті демалысқа шыққан әкеміз ауыл орталығына қоныс аударып, туып-өскен елінің өркендеуіне ағалық қызметтерін көрсетеді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ауылдастарының ахуалының өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіреді. Жастарға үлгі көрсетіп, олардың қоғамнан орындарын табуларына ақыл-кеңестерін беруден аянбайды.
Әкем өте дарынды, ақын да, әнші де, биші де болатын. Өзінен кейінгі әріптестері, яғни ауыл басшылары түрлі тақырыптарда әрдайым ақыл-кеңестерін алып, қастарынан тастамайтын-ды. Қоғамдық жұмыстар жайында әңгіме бола қалған кезде әкемді алдарына салып, жоғарыдан келген кісілерге сөйлететін. Ал әкем өз кезегінде ауданнан, облыстан келген кісілерге ауыл ахуалын тәтпіштеп жеткізіп беретін. Бұл менің емес, әкеммен араласқан көнекөз қариялардың сөзі.
«Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» дегендей, балаларына, әсіресе қыздарға аса көңіл бөліп, олардың тәрбиесін өзі қадағалап отыратын. Тіпті, біздің міндеттерімізге де аса мән беретін.
Әкем марқұм қанағатшыл болды. Қартайған шағында біз тұрған үйді ауыстыру туралы ауыл төрағасы келіп, ұсыныс айтқан. Төраға тіпті жаңадан үй салып берейік деген кезде, әкем бұл ұсынысқа рахметін айтып, «Осы үй маған құт болды. Осы үйден мен ана ауылға аттанамын» дегені менің әлі де есімде.
Ауылда Көшкінбай деген молда болды. Бірде әкем өзінің науқасының ауыр екенін біліп, сол кісіні шақырып алады. Оған өмірден өтетінін айтып, басын құбылаға қаратып жатқызуын тапсырады. Сөйтіп інісі Тоңболатқа отбасындағы тірлікті тапсырып, демі үзіліп кете барды. Сонда әкемнің көрегендігіне қайран қалған Көшкінбай молда: «Қатар жүргенде сенің көзің ашық, әулие екеніңді білмей қалған екенмін, Сен таза әулие екенсің, Асеке» деп көзіне жас алған екен. Расында да, әкем халық айтқандай ішіне түйе терісі сыйатын кең адам еді.
Өмірден озар шағында інісі Тоңболатқа «Менің басыма кіруге бір адам таласады. Олар үшеу болып келеді. Мен риза болсын десең оны менің басыма кіргізбе» дейді. Сонда Тоңболат інісі «Неге көке» дегенде, әкем «Туыс арасында жік болмасын, олар менің ағаларым ғой, сен де оған қызынба» деп тапсырма берген екен.
1980 жылы әкем Асан Белгібайұлының демі үзіліп, мәңгілік мекеніне аттанды. Сонда әкемнің намазы болып жатқанда анадай жерде 3 адамның бөлек тұрғанын көрдім. Бұл ретте, әке сөзінің қаншалықты рас болғанын білдім.
Иә, бала үшін әке асқар тау, алынбас қамал, әсіресе қыз бала үшін мейірімді жүректі, арқа сүйер ардақты тұлға десем артық айтқандық емес.

Сапархан Асанқызы,
ардагер ұстаз
03 мамыр 2022 ж. 886 0