Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңесшінің кемеңгерілігі керек пе?

Кеңесшінің кемеңгерілігі керек пе?

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызметіне кірісе сала әкімдік құрылымына ауқымды өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, ол кеңесшілер штатын қысқартып, бірнеше облыстық департаменттерді біріктірді. Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында өңір басшысы тиісті басқармаларды біріктіргенін айтты. 24 басқарманың 8-і қысқартылып, 16 басқарма облыс әкімдігінің құрылымында қалды. Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев бұдан былай облыс әкімі аппаратында штаттық және штаттан тыс кеңесшілер лауазымы болмайтынын ескертті.
– Бұдан әрі облыс әкімінің штатты және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды. Аудан, қала әкімдеріне де осыны тапсырамын. Кез келген адамға сен кеңесшісің деп куәлік тарата беруді қою керек. Біздің кеңесшіміз ол – халық, – деді аймақ басшысы.
Соңғы жылдары әкімдердің кеңесшісі көбеюі кеңінен етек алып кетті. Бұрын облыс әкімі бірді-екілі кеңесші ұстайтынын естуші едік, бүгінде штаттық және штаттан тыс кеңесші дегенді құлағымыз жиі шалады. Сол қаптаған кеңесшілердің арқасында облыстың тасы өрге домалап жатса тамаша емес пе? Өзіңіз ойланып көріңізші, әкімге ақыл айту, кеңесіңе көндіру дегенің керемет қой. Алайда осы уақытқа дейін «әкімге мынадай кеңес айттым» деп ағынан жарылған кеңесшіні кездестірмеппіз. Әлде әкімдер «мынадай тірлікті жүзеге асыруға идея берген кеңесшім еді» деуге арлана ма? Бәлкім кеңесшілер «әкімге осындай бағыт-бағдар бердім» ­деу­ге батылдары бармайтын шығар. Бұл жағын біле алмадық. Білетініміз сол, кеңесшілік қызмет биліктің бір бұтағынан екінші бұтағына қону үшін аз кідіріп, қызмет сатылауға өте қолайлы орынға айналған. Көпшіліктің көзіне түспейді, ешкімге есеп бермейді. Өз алдына бөлек жұмыс бөлмесі, астында қызметтік көлігі, тәп-тәуір айлығы бар. Іркес-тіркес бірі келіп, бірі кетіп жататын кеңесшілік қызметтегілер жиі жаңарып жататындықтан олардың ауыс-түйісі жаңалық болудан қалған.
Жалпы осы аты бар да, заты көзге көріне бермейтін кеңесшілердің нендей кеңес беретіні өзімізге де қызық. Әуелі кімде қанша кеңесші бар содан бастайық. Мысалы, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевта штатта жалғыз кеңесшісі бар, Білім және ғылым министрінде штаттағы 1 кеңесшіден бөлек штаттан тыс бірнеше кеңесші бар.
Ал облыс әкімдеріне келер болсақ, әр өңірдегі әкім кеңесшілерінің атқаратын қызметі мен алып отырған жалақысы әртүрлі. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі заңнамаларды түсіндіріп, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күреспен айналысады. Жалақысы 306 мың теңге. Алматы облысы әкімінің штаттағы қос кеңесшісінің бірі қоғаммен байланыс­ты реттесе, өзгесі әкімнің халықпен кездесулерін ұйымдастыратын көрінеді.
Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов болса, «өңірде өткізілетін әлеуметтік-мәдени шараларға қатысты өзімнің пікірім мен зерттеу жұмыстарымды жүргіземін. 280 мың теңге айлық жалақым бар» дейді. Батыс Қазақстан облысы әкімінде 2 кеңесші, 2 көмекші бар. Айлықтары 305 мыңнан 350 мың теңге арылығында.
Саясаттанушы Мақсат Жақау болса, «Кейбір мысалдарда әкімдер өздерінің кеңесшісі ретінде әншілерді, әртістерден алып жатады. Үлкен облысты басқаруда әншілер мен әртістерден қандай пайдалы ақыл-кеңес естуі мүмкін? Мұндай мысалдар кеңесшілік институына кір келтіреді» дейді.
Қызылорда облысының экс-әкімінде бұрын қанша кеңесші болғаны белгілсіз. Әйтеуір 2020 жылы маусым айында Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі ретінде опера әншісі Сүндет Байғожин тағайындалғаны есімізде.Опера әншісін тағайындау туралы «Облыс әкімі сол жақтың тумасы болғандықтан, шынайы жанашырлық білдіруде. Аймақтың мәдени имиджін қалыптастыруға күш салмақ. Сондықтан ол кісі еліміздің әртүрлі саладағы үздіктерін тартып жатыр. Спорт саласын дамыту үшін Илья Ильин де шақырылды. Мен де ұсынысты қабылдауды жөн көрдім. Бірден кесіп айтайын, мен тек мәдениет саласына жауап беремін. Осы саланы дамыту үшін кеңесші болып тағайындалдым. Штаттан тыс кеңесші болғандықтан Нұр-Сұлтан қаласынан ешқайда көшпеймін, бірақ үнемі байланыста боламын» деп жауап берген болатын. Сол жылдың жаз айларында Түркістан, Ақмола облыстарында әкім кеңесшілері ретінде жиырмадан енді асқан жас­тар тағайындалғаны есімізде. Ақмола әкімінің кеңесшісі болған қыз небәрі 22 жаста, ал Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі 21 жастағы студент жігіт болған. Алайда кеңесшілердің керемет идеясын естіген де, көрген де жоқпыз.
Жуырда ғана мемлекет басшысы әкімдердің орынбасарларын 3-еуге дейін қысқарту туралы тапсырма берді. Президенттің ізін ала кадрларды оңтайландыруға кіріскендердің алғашқысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болды. Оның бүгінде бірде-бір кеңесшісі жоқ. Енді Қызылорда облысының әкімі де бұл тізімді толықтырып отыр. Бастысы «әкімдікке кез келген облыс тұрғыны кіріп өз мәселесін айта алуы тиіс» деп отырған аймақ басшысы осы әрекеті арқылы басқа әкімдерге кеңесшісіз де күнелтуге болатынан дәлелдесе дейміз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
25 сәуір 2022 ж. 642 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930