Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл

Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист, қазақтың біртуар азаматы Камал Смайыловтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Камал Смайылов – ұлтымыздың руханияты мен мәдениеті үшін ұлы істер атқарған дара тұлға, – деп жазды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында. 
«Қазақфильм» киностудиясына басшылық жасаған жылдарда ұлттық кино өнерін бұрын-соңды болмаған жаңа биікке көтерді. Сол кезеңде «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште» сияқты көптеген шедевр туындылар дүниеге келгені белгілі. Камал Сейітжанұлы қандай қызметте болса да ұлтжандылығымен және табандылығымен танылды. Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы бола жүріп, қазақ тіліндегі хабарлардың санын да, сапасын да арттыруға баса мән берді. «Қымызхана», «Тамаша», «Алтыбақан», «Айтыс» сияқты төл құндылықтарымызды дәріптейтін жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды, – деп жазды Мәулен Әшімюаев.
Камал Сейітжанұлы Тәуелсіздік алған тұста Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде егемен еліміздің еңсе тіктеуіне де үлкен үлес қосты. Үнемі елдік мәселелерді назарда ұстап, қайраткерлік пікірін білдіріп отырды. Шерағаңмен жазысқан хаттарының өзі халық пен билік арасындағы алтын көпірдің озық үлгісі екені сөзсіз. Ағамыз өмірінің соңына дейін ізінен ерген жас буынға жол көрсетіп, шәкірт тәрбиеледі. Елі үшін еселі еңбек еткен осындай ерен тұлғаның өнегелі өмірін кеңінен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз. Мұндай қадам жас буынды отаншыл, ұлтжанды болуға тәрбиелейтіні анық. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытта игілікті істер көптеп қолға алынады деп сенеміз. Камал ағамыздың рухы шат болсын, мұрасы мәңгі жасай берсін, – деді Сенат төрағасы.
Сондай-ақ ол бүкіл ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған тұлғаның қазақ әдебиеті мен журналистикасына және киносы мен телевизиясының дамытуына зор еңбек сіңіргенін айтты.Камал ағаның жетекшілігімен түсірілген Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин және тағы басқа батырларымыз туралы деректі фильмдер бүгінде қазақ телевизиясының алтын қорындағы қымбат қазыналардың бірі болып саналады.

https://baq.kz​​​
24 сәуір 2022 ж. 372 0