Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алмалы – балалығымның куәсі

Алмалы – балалығымның куәсі

Театр – мәдениет ошағы, өнер ордасы. Әр елдің мәдениетін театрына қарап тануға болады. Ал осы театрдағы актерлар қоғамның айнасы іспеттес. Біздің Шиелі өңірі көптеген дара тұлғаларды, ақындарды дүниеге алып келген киелі мекен. Оның ішінде театр өнерінде шоқтығы биік жастармен мақтануға болады. Мәселен жерлесіміз Нұрлан Қоянбаев қайда жүрсе де Шиелім деп ерекше құрметтейді. Сондай-ақ, «Күлкістан» театрының актері Дархан Пірназар да Шиелінің тумасы. Ол өнердегі шеберлігімен халықтың ықыласына бөленіп, көрерменнің көңілінен жол таба білген жан. Өмір жолын әзіл-сықақ театрымен ұштастырып, халық алдында еңбек етіп келеді.
– Дархан Ишанқұлұлы сұқбатымызды бастамас бұрын әуелі өзіңіз жайлы тоқталып өтсеңіз.
– Жалпы өзіме келер болсам, 1980 жылы 12 қарашада бұрынғы Жеміс-жидек ауылы, қазіргі Алмалыда дүниеге келгенмін. Алмалы – бар балалығымның куәсі деуге болады. Сол жақта білім алып, №181 мектепте оқып, бітірдім. Негізінен отбасымда үш ағайындымыз. Үлкені өзім. Менен кейінгі 1982 жылғы інім 2005 жылы қайтыс болып, қапияда айырылып қалдық. Ал, қарындасым Жаңақорған ауданына тұрмысқа шыққан. Қазіргі таңда, бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Әкем 13 жасымда, яғни, 1993 жылы қайтыс болды. Нағыз жігіттік шаққа өтпелі кезеңде, әрине, қиын болды. Әкемнен үйренерім көп еді...
– Жалпы, өнер саласына қалай келдіңіз?
– Негізінен мен мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өнерге жақын болдым. Бірге оқыған құрдастарым да әзілкеш болатын. Содан не керек, мектеп оқып жүргенде «Сексен шоу» деген концерт қойдық. Алғашқы еңбек жолымды Алмалы ауылындағы клубтан бастадым. Сол клубтың меңгерушісі Ғалым Маханов ұстаздық етіп, өнер жолына түсуіме бағыт-бағдар берді. Аудандық жарыстарда бірнеше рөлдерді сомдап, көзге түстім. Осылайша, өнер жолым аудандық мәдениет үйімен жалғасын тапты. Ол жерде Кенжебай Жүсіп ағам үлкен сахнаға біраз тәрбиеледі. Актер болып қалыптасуыма септігін тигізді. Осы кісімен аудандық мәдениет үйінде біраз қойын-қолтық жұмыс істеп жүріп, 2000 жылы Қызылорда қаласында өткен әлем әзілі фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Содан Қызылорда облысының «Сыр әзілі» облыстық филармониясының жанынан құрылған театрға жұмысқа қабылдандым. Сол жерде актерлік талантым шыңдалып, 2003 жылы Н.Бекежанов атындағы драма театрында жұмыс істеп жүргенімде Алматы қаласындағы «Күлкі керуенінен» шақырту келді. Содан Сыр өңіріндегі Серік Төлепов, Дінмұхаммед Әбжаппаров, Жәлел Раманқұловмен Алматыға аттандық. Ол жақтағы «Күлкі керуен» театрында 2007 жылға дейін жұмыс істедім. Одан кейін «Күлкістан» болып қызылордалықтар бөлініп кеттік. Алла берген өнердің арқасында күні бүгінге дейін әдемі әзілімізбен халықтың жүрегінен жол тауып келеміз.
– Сатирик Сейіт Кенжеахметұлының «күлдіре білу – өнер, күлкіге қалу – өлім» деген тәмсілі бар. Расында, мына заманда халықты күлдіру оңай емес. Сәл ағаттық жіберсең, ел алдында күлкіге қалуың ғажап емес. Бізге театрдың қиындығы мен қызығы жайында айтып берсеңіз? Жалпы, бүгінгінің әзіл-сықақ театрларына көңіліңіз тола ма?
– Әрине, ол жағын дұрыс айтып отырсыз. Күлдіре отырып, адамға ой сала білу – үлкен өнер. Әдемі әзілмен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алатын әзіл-сықақ театрларының жұмысы оңай емес екені белгілі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат. Арзан, жалған күлмейтін шын күлерлік, ер табылса жарайды қылса сұхбат» деген Абайдың өлеңі әлі күнге дейін өміршеңдігін жоғалтпаған. Бұлай деп отырғанымыз, адам баласы қашанда көңіл көтеруге, күлуге дайын. Алайда әзіл арқылы қоғамдағы келеңсіз жайттарды кейде сынмен, кейде астарлы оймен жеткізе білу кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Сондықтан халық алдына шыққан дүние де жеңіл-желпі қалжыңнан құралмауы керек. Әзіл-сықақ театрына келген көрермен ең бірінші рия­­сыз күлкіге бөленіп, рухани азық алғысы келетіні белгілі. Шаршап, шалдыққан халық күлкі арқылы дем алып, тынығып қалады. «Өнерге әркімнің де бар таласы» кейбір актер әріптестердің бойында бір процент таланты жоқ болса да рөлге таласып ойнайды. Мойындау керек, бүгінгі күнде біз көрермендерді ертіп жатқан жоқпыз, оларға еріп жатырмыз. Солардың ыңғайына берілудеміз. Бұл дұрыс емес. Яғни астарлы ой, салмағы бар әзілдер аз. Қазіргі халық астарлы әзіліңді емес, тікелей әзіліңді тыңдағысы келеді. Біз оған жол бермеуіміз қажет. Театрлар жайына келсем, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады».
– Сахнадан табатын жалақыңыздан бөлек, қосымша жұмысыңыз немесе кәсібіңіз бар ма? Әлде өз жалақыңыз сізді қанағаттандыра ма?
– Негізінен халық бұлар көгілдір экранда жүрген соң ақшалары көп деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Менікі жеке театр болған соң, айлық алмаймыз. Өнер саласында жүргендердің көбісін халық асырып отыр. Қанағаттандырады ғой. Бірақ ақша деген қанша көп тапсаң да жетпейді. «Күлкістаннан» бөлек, «Тамаша сити» әзіл-сықақ театрында істеймін. Киноға түсіп, телеарнаға шығып жатамыз. Тойға да барамыз. Барлық ойды ақшамен байланыстырып қоюға болмайды дер едім. Бізді ерекше махаббатпен жаратқан Алланы тануды ұмытып кетпеуіміз қажет.
– Сайып келгенде біз сіздің әзіл-сықақ қойылымдарыңызды, өнеріңізді жақсы білеміз. Алайда, әлем желіде отбасыңыз жайлы ақпарат аз. Ендігі кезекте отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз?
– Мен 6 сынып оқып жүргенде әкем өмірден өтті. Жетімдіктің де дәмін тарттық. Аллаға шүкір! Анамның арқасында ешқандай қиындықты көрмедік. Әйелім – Әлия, үш қызым, бір ұлым бар. Әрине, қыздарым мектеп оқушылары. Әйелім үй шаруасында. Анама қарайды, үйдің шаруасын тындырып отырады. Біз түздің адамы болған соң, мүмкіндігінше сол кісіге тапсырғанмын.
– Жерлесіміз Н.Қоянбаев қайда жүрсе де Шиелінің тумасы екенін айта жүреді. Сол секілді сіз де туған өлкеңізді өнерде көрсеткенді жөн көресіз бе?
– Иә, белгілі актер, жерлесім Нұрлан Қоянбаев Шиеліні көп айтады. Тіпті Қызылорда қаласында жүргеннің өзінде көпшілік қайдан келдің десе «Чилинград» дейді. Оны біреулер шетелден келді деп ойлап қалатын. Әрине мың жасаған шаһарда жүрсек те әлі күнге дейін өзімнің туған жеріме деген ықыласым ауып тұрады. Әрқашан да ырысты, күрішті, қасиетті, шежірелі Шиелінің қыдыры қиялап, ырысы ұялап жатады. Мен Алматы қаласында 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Бірақ туған жерге деген сағынышым бір бөлек. Көптеген фестивальдің барлығында Қызылорда облысының театры болып шығып жүрдік. Бұл да болса туған жерге деген құрметіміздің көрінісі болса керек. Алла қаласа 45 жасқа толған туған күнімде жеке концертімді өткізсем деген ойым бар. Әрине оны туған топырағым Қызылордадан бастаймын.
– Батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың «Өзіне өзі сынмен қарау оңай іс емес» деген жақсы сөзі еске түсіп отыр. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Ұнаған жерде сынауда болады. Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынға қарсы емеспін. Егер орынды болса, қабылдаймын. Айтылған сын арқылы өзімді түзеуге, келесіде ол қателікті қайталамауға тырысамын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол сынды кімнің айтқанына аса мән беремін. Мақтауға қарағанда, сынды жақын қабылдаймын.
– Хакім Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген сөзі бүгінгінің үлгісіне айналды. Өзіңіз өнер жолында алдыңғы толқыннан кімге еліктедіңіз? Кімге ұқсағыңыз келеді.
– Шындығын айтсам, алдыңғы толқын ағаларға еліктейін деген жоспар болмапты. 11 сынып оқып жүргенде менде «бухалтер есепші» мамандығына оқуға түссем деген арманым болды. Бірақ марқұм әкем офисер боласың дейтін. Сол құлағымда қалып қойған. Бірақ ол мамандыққа түсе алмадым. Содан мәдениет үйіннің меңгерушісі Ғалым Маханов ағама қол көмегімді беріп жүріп, өнерге қанат қақтым. Мен жастайымнан өнерді армандап мына әртіске ұқсауым керек демедім. Өзім көптеген рөлдерді сомдап жүріп қалыптастым. Кейбіреулер ойнаған үлгің Жүсіпке ұқсайды десе, енді бірі Әбунасырға ұқсатып жатады. Ойлап қарасаңыз ақындардың өлеңінде де ұқсастық байқалады емес пе? Менде Жүсіп Ақшораев пен Әбунасыр Серіковтың өнерін ерекше пір тұтамын.
– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
– Өнер жолында шәкірт тәрбиелеп жүрмін деп айтуға ұялады екенсің. Кейбір өнерге енді қадам басқан жас әншілер, жас әртістер 500 шәкіртім бар деп айтып жатады. Ұят. Бұрындары бір сұхбатта солай айтып, мақтанып жатқанда Асанәлі Әшімов ағамыз «менің ешқандай шәкіртім жоқ, менің өзім өмірге шәкіртпін» деген екен. Осыдан соң бізге шәкірт тәрбиелеп жатырмын деудің өзі әбестік. Енді той саласында жүргенде өнерлі жастар Дархан ұстазымыздан сахнадағы көп нәрсені үйреніп жүрміз. Яғни, «біз ізінен еріп келе жатқан шәкірттеріміз» деп айтып жатады. Соның өзінен көңілің марқайып қалады. Жалпы, өмірде актерлікке тәрбиелеп жүрген жастар жетерлік. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы, Қарасай ауданында Мақсат деген ініміз келіп жаңадан театр ашты. Соның бапкерімін деуге болады.
– «Туған жерге туын тік» деген халықпыз. Алдағы уақытта Шиеліге келу жоспарыңызда бар ма? 
– Әрине! Алдағы уақытта Шиелі ауданына барып жеке концертімді өткізсем деп отырмын. Одан бөлек, Шиеліден жақсы таланттар шығып жатса, театр ашу ойымда бар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Шапағат ТІЛЕУБАЙ
11 сәуір 2022 ж. 1 082 0