Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ ТАБИҒАТПЕН ТЫНЫСЫ БІР

ҚАЗАҚТЫҢ ТАБИҒАТПЕН ТЫНЫСЫ БІР

Қазақ ежелден жаңа туған айға, ерте түскен шыққа қарап табиғат құбылыстарын болжап отырған. Қыстың ерте түсетінін, көктемнің кеш келетінін де қардың жауғаны мен жануарлардың ізіне қарап аңғарған. Қазіргі уақытта солардың көпшілігі ескіріп барады. Осы жолы он екі айға қарата айтылған таным-түсінікті өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.
Барлық тіршілік тынысы Жер-анамен тікелей байланысты болғандықтан қазақ халқы сәуір айын аңсап күтеді. Сәуір айы тіршілік дүниесінің көгеретін, жаңаратын, қайтадан түлейтін, табиғат дүниесінің гүлденетін айы. Бұл уақытта шаруа баққан қазақтың бір малы екеу, екі малы төртеу болып, еңбек қуанышына кенеледі. Сәуір – ырыс, берекенің, молшылықтың басталар шағы. Бір сөзбен айтқанда, бұл қайнаған дүние тіршілігінің ерекше аласапыран, ерекше қозғалыстағы уақыты.

Бесқонақ болмай, шуақ болмас
Халқымыздың ежелгі күнтүзбесінде «бесқонақ» деп айдар тағылған уақыт белдеуі бар. Ел ішінде таралып кеткен әңгіме төркініне құлақ түрсек, көктем келіп, сәуірдің ақ таңы айналасына нұрын шашып, көк шыға бастаған кезде бес адам көрші ауылға қонаққа жиналады. Көздеген жеріне жақсы жетіп, о жақтағы ағайындар қуана қарсы алып, қазан асылып, ет желінеді. Әңгіме дүкен құрып, тағы да бір қыдыру уақыт өтіп, күн екіндіге таянады. Осы кезде қонақтар жолға жинала бастайды. Олар жаяулап қара жолға бағыт алған кезде жадырап тұрған ауа райы аяқастынан күрт бұзылып, оның арты алағай да былағай ақ түтек боранға айналып кетеді. Соның салдарынан қарға адым жер мұң болған бес қонақ бағыт бағдарынан айырылып, ауылдарына жете алмай жол үстінде мерт болыпты деседі.
Бұл мерзім сәуірдің сегізі мен он сегізінші жұлдызы аралығына сәйкес келеді. Ауа райының құбылатынын білетін қазақ бұл шақты өлара деп әр кез сақ отырады. Жеңіл-желпі киініп алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып өрістетіп жаймайды. Дегенмен қыс пен көктемнің осындай тоғысар шағындағы ауа райының бұзылуын іштей тілейді, оны жақсылыққа жориды. Кей жылдары бесқонақ тыныш өтсе, бесқонақ биыл ырымдамады, жаз қалай болар екен деп алаңдайды. Көп жағдайда сол мазасыздануы бекер де болмайды. Айтқандай, жаз жауын-шашынсыз өтіп, жердің оты, астықтың шығымы бәсең болып жатады. Демек, бесқонақ — ауа райының қас-қабағын баққан қазақтың өмірден түйген сабағы. Оның алдамайтыны да содан.

«Құралайдың салқыны» һәм киіктің киесі
Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Мұны қарттардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, көбі әлдеқашан ұмытқан. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен.
Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір тоңдыратын қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар.
Әлқисса. Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар оны көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатыр екен.
Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де оған інжірдің жапырағын беріп асырапты. Адам ата мейірленіп оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан ерекше, сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда тұяғына қасиет бітіпті. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Тұяғы мың бір ауруға ем болыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда оған да шипалық қасиет дарыпты. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.
Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата:
– Жануарым, мен саған ризамын. Бұйымтайың болса айт. Мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтаждығыңды өтейін, – дейді. Сонда ақбөкен:
– Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төлдерге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаң, – депті. Адам ата Аллаға ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты. Содан бастап, Алланың әмірімен киіктер төлдейтін кезде бетбақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен. Мұны қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарады. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады екен.
Діни қиссаларда Адам ата жерге түскен кезде пейіштен інжірдің бес жапырағын алып түскен екен. Сол жапырақтың біреуін бал арасы, біреуін жібек құрты, біреуін киік жеген деп айтылады. Қалған екеуін Адам ата жерге егіпті. Киік пейіштің жемісін жегендіктен киелі аңға айналыпты.
Қазақ киікті ерекше қадірлеп, көзінің қарашығындай сақтауының сыры осыда болса керек.

Гүлхан ЯХИЯ
08 сәуір 2022 ж. 543 0