Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сын сағатта сыналған дәрігер

Сын сағатта сыналған дәрігер

Аурудың алдын алудың тиімді жолы – вакцинация екені белгілі. Сондықтан вакцинаны қабылдау пандемияны жеңіп, қалыпты өмір салтына оралуды қамтамасыз етеді. Бүгінде ауданда 143094 адам вакцина қабылдаған. Атап айтар болсақ, он сегіз жасқа толғандар арасында I компонентін салдырғандар 37389 болса, II компонентін 37173 адам қабылдаған. Ал Пфайзер екпесінің I компонентін 8442 адам қабылдаса, II компонентін 6966 тұрғын салдырған. Одан кейін ревакцинацияны 21480 адам салдырған.
Иә, «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей, кешегі пандемия бізге көп нәрсені ұғындырды. Ғаламды жайпап, көпті даурықтырған індет төзімді сарқып, уайымды күшейткені рас. Осындай сәтте қауіппен қасқая күресіп, антына адалдық танытқан – ақ халатты абзал жандардың қатарында аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Жасұлан Тұрсынбекұлы да бар. Ол пандемия кезінде қиындыққа төтеп беріп, аурумен бетпе-бет күресті. Тіпті, науқастарға қол ұшын созуда табандылық танытып, өмір мен өлім арасында жатқан науқастардың жүрегіне үміт ұялатқан Жасұланды көргенде-ақ, «Адам жанының арашасы атану үшін жаралған ба?» деген ой түйесің. Ол 1991 жылы Алғабас ауылында ордалы отбасы, қордалы қара шаңырақта өсіп, тәрбие алған. 1997-2008 жылдары орта мектепті тәмамдап, Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжінен «Емдеу ісі» мамандығын алып шығады.
Оқу бітірісімен-ақ туған жерінде еңбек етуді ұйғарған ол 2012 жылы «Демеу-Шиелі» ЖШС филалына фельдшер мамандығымен жұмысқа қабылданып, 2016 жылдың қаңтарында «Шиелі ауданаралық жедел-жәрдем станциясына ауысады. Одан соң 2016 жылдың тамыз айынан бастап, Шиелі ауданаралық емханасында фельдшер болып жұмыс істеп келеді. Бүгінде ол ұжым арасында абыройға ие. Сырқаттанып, ем іздеген талайдың дертіне дауа, көңіліне демеу бола білген Жасұлан Тұрсынбекұлы өз қызметіне адалдық танытып, көптің алғысын арқалап жүр.
– Бізге ем қабылдауға келген жандар әсіресе, үлкендер жағы «Қолыңнан айналайын!» деп батасын бергенінің өзі – зор ғанибет. Адамдардың ықылас-ниеті, алғысы бізді мерейлендіреді. Осындай зор шабытпен істеп жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр, – дейді ол.
Адал еңбек елеусіз қалмайды. Оның үстіне, дәрігерге қызығынан қиындығы көп еңбекте атақ та, абырой да оңай келмесі анық. Ол жастығына қарамай өзінің қызметін табанды атқарып көптеген жарыс­тардан жүлдеге ие болған. Атап айтар болсақ, Жасұлан Тұрсынбекұлы 2016 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың еңбек жолы бағдарламасымен республикалық деңгейдегі жарыстан «Алғыс хат» иеленді. 2017 жылы аудан деңгейінде өзінің кәсіби шеберлігімен сайыс талабына сай өнер көрсетіп, қазылар алқасының шешімімен «Үздік фельдшер» номинациясын жеңіп алған. Осыдан екі жыл бұрын алқымнан алған пандемия кезінде (КВИ) қарсы күресте стацинорлық қызметті атқарды. Күллі әлемді жаулаған індеттің аясы ұлғайған шақта күн мен түннің ауысқанына қарамай алдыңғы шепте дертпен күресіп жүрген жандардың қатарынан табылды. 2021 жылы індетке қарсы екпе егуде белсенділік танытты. Бірақ, ол үшін ең үлкен атақ пен абырой – елдің денсаулығы мен алғысы. Жұмысы ауыр және жауапты болса да қайсарлықты қанат еткен ол өз міндетін мүлтіксіз орындаудан жалыққан емес. Себебі, бұл – оның еңбек жолындағы өмірлік таңдауы.

Ш.Тілеубаев
04 сәуір 2022 ж. 583 0