Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тендерге әркімнің-ақ бар таласы

Тендерге әркімнің-ақ бар таласы

Қазіргі уақытта ең тәтті, әрі дәмді сөз тіркесі ол мемлекеттік сатып алу. Мемлекеттік деген сөз салмақты естілсе, сатып алу дегені қызықтыра түседі. Саудада достық болмайды, әрі оның негізгі шарты саудаласу. Ал бірақ мұнда керісінше достар көп, саудаласса жолдасының тауары мен қызметін бірнеше есе қымбат бағалауға дайын тұрады. Құтты бір жомарт жан дерсіз. Мәрттігіне қарап қол соғар ма еді, ай бірақ оның бір кемшілігі бар.
Қазақстанда әр алтыншы жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласында жасалады. Ал соның кесірінен бюджетке 2,5 миллиард теңгедей шығын келеді екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «бұған себеп – салаға бөлінетін қаржының жылдан жылға өсуі» дейді. Егер мемлекеттік сатып алудың бюджеті 2016 жылы 1,4 триллион теңге болса, қазір ол – 5 триллион теңгеден асқан. Ал соңғы 6 жылда мемлекеттік сатып алуға жұмсалған қаражаттың көлімі 28 триллион теңгеден асып жығылады.

Қазақстандағы мемлекеттік ­сатып алудың кемшіліктері қандай?
Елімізде негізінен сатып алуды өткізудің 5 түрі қолданылады. Олар (ашық конкурс, баға ұсыныстарын сұрату, тікелей келісім шартын жасау арқылы бір көзден сатып алу, сауда биржасы, аукцион). Осының ішінде тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілі жиі қолданылады.
Яғни, тапсырыс беруші конкурс өткізбей, сатушыны өзі таңдап, не керек екенін жазып, ұсыныс жасайды, яғни тендер өткізбейді. Бұл тәсілге басымдылық берілуінің себебі елімізде оны қолдануға мүмкіндік беретін негіздер тым көп – 50-ден асады. Дамыған мемлекеттерде бұл ары кетсе 10–15 болуы мүмкін. Қазір бізде барлық сатып алудың 75 %-ы осы тәсілге тиесілі. Бұлай болмауы керек. Конкурссыз сатып алу – бәсеке жоқ деген сөз. Ал бәсеке болмаған жерде қаржы тиімді, үнемді жұмсалмайды, жемқорлық болуы ықтималдығы жоғары. Бұл сатып алатын тауар, қызмет, жұмыс сапасына да әсер етеді.

Жүйеден кеткен қателік 9 млрд теңгені желге ұшырар ма еді?!
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері Шиелі аудандық білім бөлімі бағасы 14 миллион теңгеден асатын бір литр табиғи сүт сатып алуды жоспарлағанын анықтады. Дәл осы ақпарат өткен аптада желіде желдей есті. Сөйтсек ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өкілдері таратқан ресми ақпаратты қазақстандық сайттар мен телеарналар жерден жеті қоян тапқандай жарыса жаза бастаған екен. Артынша білім басқармасындағылар бұны жүйеден кеткен қателікке балап, баспасөз жиынында ақталып бақты. Біз сендік.
Ал бірақ соңғы 4 жылда Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу порталында жүргізілген мониторингтің көмегімен 9 млрд теңгеден астам қаражат бюджетке кері қайтарылғанын естігенімізде жүйенің тым жиі қателесетінен, әрі ол қателіктердің қазынаға тым қымбатқа түсетінін байқадық.
Мәселен, осы жолғы тексеріс барысында Шиелі ауданындағы алтыннан да қымбат сүттен бөлек Қармақшы ауданындағы мектептердің бірінде алтын адамның киіміне сұраныс бары да анықталған. Бұлай дейтін себебіміз «Қармақшы ауданының №275 орта мектебі балаларға әр данасы 1 670 143 теңген тұратын 125 күртеше сатып алуды жос­парлапты. Бұл да жүйенің қателігі шығар, кім білсін?
Білім басқармасынан бөлек жүйедегі қателіктің кесірінен облыстық 11 мемлекеттік мекеме де зардап шеккен көрінеді. Олардың бірі дизель отынын 280 теңгеден, ал екіншісі АИ-92 маркалы бензинді 205 теңгеден сатып алуға мәжбүр болған. Нәтижесінде 2022 жылғы екі айдың қорытындысы бойынша 351 млн 230 мың 304 теңге қаражат желге ұша жаздапты. Абырой болғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері шапшаңдық танытты бұл жолы. Көрмей қалса ше?

Көз көрсе, жүз ұялады
Көрмей қалған жағдайлар да болған. Мысалы 2019 жылы «Сырдария аудандық орталық ауруханасы» жеке кәсіпкермен бір көзден тікелей шартқа отырып, алынатын кейбір тауарлар бағасын нарық бағасынан 1,5 - 4 есеге дейін асырып көрсеткендігі белгілі болды. Алынған тауарлардың ішінде көзге түсетіні, нарықта шамамен 15 мың тұратын дербес компьютерге қажетті ­клавиа­тураны 52 000 теңгеге сатып алғаны «сыбайлас жемқорлық фактісі орын алды ма?» деген жаман ойға жетелейді.
Жаңа Қазақстанның бір мақсаты – жемқорлықсыз қоғам құру. Ал бүкіл мемлекеттік қызметтер жүзеге асырылатын порталда осындай бармақ басты, көз қысты әрекеттер ашық түрде орын алып жатса, басқасына тіпті өкпе жоқ. Міне сондықтан үкімет көп созбақтамай мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі «тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу» тәсіліне қойылатын талаптарды қайта қарауы тиіс. Мемлекет басшысының былтыр берген тапсырмасында да айтылды бұл.

Рамазан ӘНӘПИЯ

01 сәуір 2022 ж. 508 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930