Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘСКЕР ӘЛСІЗ БОЛМАСЫН...

ӘСКЕР ӘЛСІЗ БОЛМАСЫН...

Биыл елімізде бейбіт уақытта отан алдындағы борышын өтеуге 35 мыңнан астам жас шақыртылмақ. «Бейбіт» дейміз-ау, бұл сөзді тырнақша ішінде қолданғанымыз дұрыс шығар. Көршіміз Ресей мен ертеректегі одақтасымыз ­Украина­ қырқысып, өз ішімізде бүлікшілер ылаң салған уақытта әскери күштеріміздің әлеуетін арттыру – бүгінгі күннің бас­ты талабы.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде әскер қатарын толықтыруға жарамды 18-27 жас аралығындағы 35 мыңнан астам ер азамат бар. Оның 17 мыңға жуығын көктем айларында әскери комиссариаттарға шақырту жоспарланған. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылушылардың мамандықтары, моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене бітімі, арнайы даярлығы мен отбасы жағдайы жіті тексерілмек. Сонымен бірге әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тергеуде жүрген, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрған адамдарға ерекше назар аударылады. Әскерге жарамды азаматтардың 10 мыңнан астамы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Ұлттық ұланның қатарын толықтырса, қалған 6500-ден астамы Қарулы күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінің қатарын толықтырмақ.
Жақын күндері жарияланған мемлекет басшысының «Әскери қызметшілерді запасқа шығару және әскерге шақыру туралы» жарлығында айтарлықтай өзгерістер жоқ. Дегенмен оның жыл басында жүктеген тапсырмаларының ішінде жас­тарды әскери борышын өтеуге ынталандыру мәселесі бар екендігі белгілі. Сондықтан жауапты министрліктің биыл қарқынды жұмыстар атқаратыны айтпаса да түсінікіті.

Әскерге шақыртылған азамат нені білуі керек?
Жыл сайын Қазақстанда мыңдаған ер адам әскерге шақырылады. Дегенмен оның басым көпшілігі өз құқықтарынан немесе әскерден жалтарғаны үшін қарастырылған жауапкершіліктерді біле бермейді. Мәселен, әскери комиссариатқа шақырылғаны туралы хат тек өзіне берілуге тиіс екендігін көптеген азаматтар білмейді. Егер оны ата-анаңыз, достарыңыз, көршілеріңіз не пошта арқылы алсаңыз, оның заңды күші болмайды.
Ал әскери комиссариатқа шақырыту алып, бірақ сырқаттанып қалу, жақын туысыңыз қайтыс болуы, табиғи апатқа ұшырау секілді жағдайларға тап болсаңыз шақыртуға бармауға болады. Бірақ келе алмайтыныңызды құжатпен дәлелдеуіңіз керек. Дәлелдемеген жағдайда 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұл төлейсіз.
Егерде шақырту қағазын қолыңызға ұстатып, сол мезетте күштеп алып кеткен жағдайда Қылмыстық кодекстің 414-бабымен сотқа арыздануға құқылысыз. Себебі шақырту қағазы берілгеннен кейін 2 жұмыс күні ішінде комиссариатқа баруға құқыңыз бар.
Әскерге барудан жалтару жағдайына келер болсақ, мұның жазасы тіптен қатаң. Ол үшін сізге Қылмыстық кодекстің 387-бабына сай 1 мың АЕК (2 млн 917 мың теңге) айыппұл салынуы немесе 1 жылға дейін түрмеге жабылу жазасы қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге әскерге бармау үшін денсаулығыңызға қасақана зиян келтіріп немесе жалған құжат жасатқан жағдайда 3 мың АЕК-ке дейін (8 751 000 теңге) айыппұл төлейсіз, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істейсіз не үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуыңыз ғажап емес.

Әскери қызметтен босату мен кейінге қалдыру мәселесі
Бейбіт уақытта денсаулығыңыздың кесірінен әскерге жарамсыз болсаңыз, әскери институт бітірсеңіз, тіркелген діни бірлестіктің діни қызметкері болсаңыз, 27 жастан асқан немесе туыстарыңыздың бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған жағдайда, сонымен бірге ғылыми дәрежесi бар азамат болсаңыз әскери қызметтен босатыласыз.
Ал әскери қызметті кейінге қалдыру мәселесі Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңның 35-бабында қарастырылған. Мұндай кейінге қалдыру отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы және басқа да себептер бойынша беріледі делінген.

Әскери билет иелену – абыройлы міндет болуы тиіс
Еліміз тәуелсіздік алғалы бейбіт ұстанымда болғандықтан, еліміздің қорғанысын — қуатты әскерді дипломатиялық тәсілдермен бірге орайластыра отырып шешу жолын қолданды. Азаматтардың әскери дайындығы мәселесі кейінгі орынға жылжып, жас буын әскердің 1 жыл уақытын босқа өткізетін орын ретінде қабылдай бастады. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші Украин халқының басына түскен күн бізге түсіп жатса, әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жас буынның қару алып, жауға шабуға қауқары болады ма? Сондықтан осы бастан мектеп қабырғасынан жеткіншектердің бойына Отансүйгіштік, еліне-жеріне деген шынайы құрмет секілді қасиеттерді сіңіру маңызды. Бұл бір мәселе.

Шегіртке мен құмырсқа
Әлемде болып жатқан соңғы өзгерістер И.Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын тағы бір мәрте еске түсірді. «Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз», деп шегірткедей қамсыз қалудың қаншалықты қауіпті екендігін ұғындық. Міне сондықтан болар мемлекет басшысы да қарулы күштердің әлеуетін арттырып, санын көбейту мәселесіне айрықша мән беріп отыр. Осы тұста бейбіт өткен 30 жыл бойы қалыптасқан ҚР Қарулы Күштерінің әлеуетіне тоқталып, кемшін тұстарын саралауды жөн көрдік.
Бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштері стратегиялық міндеттерге қарай — «Батыс» (Атырау), «Шығыс» (Семей), «Оңтүстік» (Тараз) және «Астана» аймақтық штабтарға бөлінген. Әскер түрлеріне қарай – жаяу әскер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштер. Өз кезегінде олардың құрамына зымыран және артиллерия әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері мен, химиялық, биологиялық, радиациялық қауіпсіздік пен инженерлік қамтамасыз ету міндеттелген арнайы әскерлер кіреді. Әскер қатарына жоспар бойынша да, келісімшарт негізінде де алады. Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскер саны – Ұлттық Гвардия және басқа да әскери жасақтарды қоса алғанда 120 мың адамға жуық.
Ал танымал Америкалық агенттіктің рейтингінде еліміз әскери қуат деңгейі бойынша 62-орында тұр. Агенттіктің түсіндіруінше, мемлекеттің әлем бойынша әскери әлеуеті 50 көрсеткіш бойынша бағаланады. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қол жетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да факторлар бар.

Қарулы күштердің қауқары қандай?
Қарулы күштердің қару-жарақтары туралы ақпарат құпия болғандықтан ресми деректер жоқ. Алайда, Америкалық агенттік келтірген мәліметтерге жүгінсек, еліміздегі әскери ұшақтардың барлық түрінің саны – 237, ал танкілер – 310, қалқанды машиналар – 1215, жылжымалы артиллериялық қондырғылар – 246, тасымалданатын артиллерия – 450, Реактивті атыс қондырғылары – 407, теңіз жабдықтары – 17. Бұл көрсеткіштер бойынша да қарулы күштеріміз ақсап тұр. Көршілес Өзбекстен мен шағын Мьянма, Норвегия сынды мемелекеттердің өзі бізден әлде қайда жоғары орналасқан.
Қорыта келгенде айтпағымыз, бүгіндей алмағайып шақта бейқам отырғанымыз жарамас. Ең бастысы жеріміздің шетін жауға бас­тырмай, ҚР Қарулы күштерімізді күшейтуге атсалысайық!

Рамазан ӘНӘПИЯ

13 наурыз 2022 ж. 724 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930