Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – жақсылық пен құт-береке бастауы

Наурыз – жақсылық пен құт-береке бастауы

Көгілдір көктемнің жан жадыратар жұпар иісі мен шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз мерекесі төрімізге жақындап қалды. Тарих қойнауына тағы бір жылымызды артқа тастап, жаңа жылға енбекпіз.
Наурыз – қаңқылдап қаздар келетін, ағаштар бүршік атып, табиғат гүл көрпеге оранатын, төңірекке нұр шапағатын төгетін көктем айы. Ұлыстың ұлы күні – қазақ үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жақсылықтың жаршысы, құт-береке бас­тауы, молшылықтың арқауы деп бағалаған.
Наурыздағы негізгі салттың бірі – Көрісу. Бұл кеңес заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып келе жатқан дәстүр. Қазаққа қыс мезгілі қашан да ауыр болған. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы – жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып, бір-бірімен араздасып, елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста да жайылым керек. Ол уақытта қазақ шөп-азық дайындамайтыны тағы бар. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алсын? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуансын? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Бүгінде Көрісу күні деп 14 наурыз белгіленген. Бұл күні көпшілік көктемге аман есен жеттік деп, дастархан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады.
Иә, Наурыздың келуімен жер-дүние жаңарып, табиғат түлейді. Бұл күні барлығы Наурыздың салтына сай бірін-бірі ақ дастарханға шақырып, бойына қуат тілеп, ас тартып, жаңа жылда емен-жарқын араласады, өткен-кеткен өкпе-реніштің бәрін ұмытады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран болып жұмылып, төс қағысып, ақ дастарқаннан дәм татады. Мерекеде дастарханның басты тағамы Наурыз көже әзірленеді.
Қазақ ырымға аса мән беретін халық қой. Өмір-өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын деп, көжеге су қосады. Абайша айтқанда «Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай болайық» дегені. «Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер» деп, тұз қосады. Мұны «Бір-бірімізге дәмді сөздер айталық» деген мағынада ырымдаса керек. Одан кейін сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын, көңіліміз де ақ болсын деген ниетпен сүт немесе ақ құйған. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Ал, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздеп құрт қосады. «Қазан толсын, асар мол болсын» деген мақсатта «Ұзынсарыға» сақталған сүр етті тұтастай Наурыз көжеге салып қайнататын болған. Қазақ көжеге дәнді дақылдардың да түр-түрін қосады. Бұл «Бір тамырдан өсіп-өнген ұрпағымыз көп болсын!» деген ниеттен туса керек.
Халқымыз үшін бұл күн – қашанда ырыс пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің, жастықтың және жаңғырудың мерекесі. Елдің тілегі айтылып, жаңғыруға бастайтын ұлы мерекеде халқымыздың ынтымағы жарасып, еліміз молшылыққа, ал әр шаңырақ бақыт пен шаттыққа толсын! Жер бетінде жақсылық ұялататын күнді жақсы ниетпен қарсы алайық!

Гүлхан ЯХИЯ
12 наурыз 2022 ж. 465 0