Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенің досың кім?

Сенің досың кім?

Жастық шағымның көп уақыты Алматыда өткеннен ба, әлде достарымды сағынғаннан ба, әйтеуір Алматыға көп баратынмын. Барған сайын ауыл шаруашылығы институты, мехфакультетінің деканы Нәби досым жұмысының басынан асып жатқанына қарамастан, өзі күтіп алатын. Алматыға бір барғанымда әдеттегідей түске дейін демалып, түстен кейін Нәкеңнің жұмыс орнына бардым. Кабинетінде осы институттың мал дәрігерлік емдеу факультетінің деканы Сүлейменов екеуі отыр екен. Бұрыннан таныс болғаннан соң қонақжайлылық танытып ауылдың жағдайын сұрап, бәйек болып жатыр. Амандасып болған соң «ауылдан бір ініңіз келді, уақытыңыз болса келіңіз, біраз көңіл көтерейік» деп Нәкең бір кісіге телефон соқты.
Сәлден соң бөлмеге ұзын бойлы, аққұба өңді, келбетті кісі келіп кірді. Бәріміз жапа-тармағай орнымыздан тұрып, сәлем бердік. Майдан деген ағамыз, ғылым докторы, профессор, институтта кафедра меңгерушісі болып жұмыс істейді, өзін Олжастың досы деп таныстырды. Жымиып қана сәлемімізді алған ағаның өн бойынан інілерін жақсы көретін нышанның бар екені байқалып тұрды. Мені де таныстырды. Бес-алты сағаттай отырып әңгімелестік. Майдан ағаның өзін-өзі ұстауы, салиқалы ойлары, сөз сөйлеу мәнері әрине мені тәнті етпей қоймады. Ол кісімен одан кейін де екі-үш рет бірге болудың реті келді. Жұрт Майдан ағаны таныстырғанда, немесе әңгіменің реті келгенде сыртынан Олжастың досы дегенді талай естідім. Кейде бір өткен-кеткенді, Нәбимен бірге болған сәттерді еске алғанда, өзінің де атақ-абыройы бір басына жетерлік адамға Олжастың досы дегенді қосып айтатыны мені әрдайым ойландыратын. Халқымызда «Сен маған досыңды көрсетші, мен сенің кім екеніңді білейін» деген сөз бар. Сол сөздің мән-мағынасын жете түсінгеннен болу керек, Майдан ағаның Олжастың досы дегенді естігенде бойын мақтаныш билейтін сияқты көрінетін.
Қазақта дос, жолдас деген қасиетті сөздер бар. Бір қарағанда екеуі де бір сөз сияқты болып көрінгенімен, мағынасы екі бөлек. Әдетте сыныптастар, қызметтестер той-томалаққа бірге барып жүргендерді дос деп айтуға келмейді, оларды шамасы жолдас деуге келетін сияқты. Ал дос ше, достың орны бөлектеу. Алтын іздегендер қиыршық тастарды қайта-қайта шайып, алтынның қоспасы бар тастарды ғана алып қалатын сияқты, көп жолдастың ішінен еленіп-екшеліп, сын сағаттарда сенің қасыңнан табыла алатындары ғана дос бола алады.
Халқымыздың «Пайғамбар қосқан дос болады» деуі де бекер айтылмаса керек. Қазақта «Ұрымен дос болсаң, аузың таза болмайды. Имаммен дос болсаң, намазың қаза болмайды» деген сөз бар.
Бабаларымыз көшіп-қонып жүргеннің өзінде де сол сөздің байыбына барып, қосын текті әулеттің қасына тіккенді жөн көрген. Өйткені, «Жақсыда жаттық болмайды» деп есептеген. Оның бер жағында балалармен бірге ойнап өсіп, келе-келе жақсы адамның баласымен дос болсын деген ниет те болған. Осының барлығы шын достықтың тамырының тереңнен нәр алып, ұзаққа кететінін білдіреді.
Өткен ғасырдың екінші жартысында ауданымызда Сыр бойына, қала берді республикаға танымал болған бірқатар азаматтар басшылық жұмыста болды. Солардың бірі әрі бірегейі Ғафур Мұхамеджанов аға еді. Соғысқа Шиеліден аттанып, аман-есен елге оралғаннан кейін, аудандық партия комитетінің бірінші секретарын қабылдау бөлмесіне хатшы болып жұмысқа орналасып, абыройлы жұмыс атқарып, аудандық партия комитетінің бірінші секретары қызметіне дейін көтерілді. Одан кейін, Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін жолдасы Әйбибі апа екеуі дүниеден өткенше, кезінде Шиеліде бірге қызметтес болып сыйласып, сіз-біздесіп жүрген достары Әзімхан, Бәкір ағаларды, Перуза, Ұлман, Мәрия апаларды іздеп келіп, басын қосып, жас кезінде бірге мәнді, мағыналы өмір сүргендерін тамсана айтып отырғанының талай куәсі болдым. Өздері қартайып әрең жүргеніне қарамастан, достарымен бір кездескенді үлкен қуаныш санайтын. Бұл кісілердің достықтары ұлтқа үлгі, жастарға өнеге болатындай еді.
Халық даналығы адам екі нәрседен қателесуге болмайды біріншісі жар таңдағанда, екіншісі мамандық таңдағанда десе, мен үшінші дос таңдауда да жаңылысуға болмайды дер едім. Хакім Абайдың өзі «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаса керек-ті.

Сұлтанбек Оразымбетов,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»

25 ақпан 2022 ж. 615 0