Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЙЫ ОЗЫҚ ЕЛ ҰТАДЫ

ОЙЫ ОЗЫҚ ЕЛ ҰТАДЫ


Қазақта «Көк дөнен жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?» дейтұғын бір сөз бар. Дүниені ой қозғайды. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ойы озық елдердің сойы да озық. «Оқу-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған, айшылық алыс елдерден жылдам хабар алғызған» деп ұлағатты ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, оқу-білімнің бәрі ойдың озықтығынан пайда болады. Осы тұрғыдан алғанда, ХХІ ғасырдағы қазақ баласына ең алдымен әлемдік қалы-ой бәсекесіне түсуден басқа жол да жоқ.
Елбасы айтады: «Жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккен­нен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты».
Мемлекет басшысы ұлт дамуы үшін нартауекелге барды. Өз Жарлығымен жаңа әліпби нұсқасын бекітті. Бұл да – ойдың озықтығын көрсететін қарекет.
Қол босай қалған кезде сарғайған газет парақтарын қайта бір ақтаратын дағдымыз бар. «Өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» деген бағаның рас­тығына көзім жетті. Қазақтың үлкен ғалымы Рахман­құл Бердібай ағамыздың 2007 жылғы 5 маусымда «Айқын» газетіне берген сұхбатына назарымыз үйіріле қалған. «Жалпы, түркі халықтарының 70 пайызы латын әліпбиіне өткен. Негізінде, бұл мә­селені баяғыда-ақ қолға алу керек еді. Кирилл әліпбиі біз үшін түбінде жарамсыз болып қалады. Себебі, дүниежүзіндегі басқа елдерде 42 әріптен тұратын әліпби жоқ. Өзге елдерде 32, 34, 28 әріп бар. Кеңес өкіметі саясатының ықпалымен кезінде қазақтың біртұтас әліпбиіне қазақтың қанына сіңбейтін, керексіз 8 таңбаны ендіріп жіберген. Осы әліпби тілімізді бұзды. Кейбір сөздер әлі күнге дейін қате жазылады. Өйткені мына кириллица «сингармонизм заңы» дегенді білмейді. Соның салдарынан біз қаншама орыстың сөзін орысша қалпынан айнытпай жазып келдік. Енді неге дүниежүзінің жүздеген мемлекеттері жазып жатқан латынға көшпеске?
Бұл – дүниежүзіндегі ең озық елдердің қолданатын таңбасы. Дүниежүзілік техниканың, ғылымның қолданатын әліпбиі. Бұл әліпбимен бірыңғай тер­миндерді қолдану оңай болады. Сөйлесуге де ыңғайлы, өзге елмен хабар-ошар алмасуға да жеңіл болар еді» депті қайран, Рахаң.
Енді, сол Рахманқұл көкеміз айтқан ең озық елдердің, оның ішінде ежелгі көршіміз Қытайдың жаһандық жаңғыру ісіне қалай қарап отырғанын аңдап көрейік. Қытай иероглифін осы заманға икемдеу мәселесі 1949 жылы көтерілді. 1958 жылы қытай сөздерін латындырылған жазба жүйесіне лайықтау жүзеге асырылды. Ол «транскриптелген алфавит» деп аталды. Бұл жүйе шетелдіктердің қытай тілін үйренуін жеңілдетті. Жалпы атауы «Пиньинь цзыму» деп аталатын жүйе – қытай иероглифін латын әріптерімен жазудың халықаралық стандартын қалыптастырды. 2001 жылы Қытайдың «Тілдер туралы» заңы қабылданды. Латындырылған жүйе сауат ашуда ең оңтайлы тәсіл ретінде қарастырылды. Иероглифтерді компьютерлік бағдарламаларға енгізу ісінде де ұтымды әдіс саналып отыр. Қазір Қытай тілінде жер шарының әрбір бесінші тұрғыны немесе 1,2 миллиард адам сөйлейтінін ескерсек, сөйткен қытайлықтардың өзі латын графикасын қолдана бастауы кім-кімді де ойландырса керек.
Жапонияда шетелдіктерге жапон тілін үйрету дейтін мәселе ертерек қолға алынған. 1548 жылы португал тілі мен әліпбиі негізінде Ядзиро дейтін діндар «ромадзи» жүйесін енгізген. Жапон жазуын латын тілінің ыңғайына бейімдеу сол тұстан басталыпты. Мэйдзи реформасы тұсында 1867 жылы Иокогама қаласының католик священнигі Джеймс Хэпберн деген кісі жапон-ағылшын сөздігін жасайды. Одан кейін «кункрей сики» немесе «ромаджи» деп аталтын жүйе пайда болады. Жапон тілін латын­дандыру 1937 жылдан бастап ресми бекиді. Соның нәтижесінде әскери-топографиялық және геогра­фиялық карталардың бәрі «жапондық латын» үлгісіне көшірілген. Жапондардың шетелдік паспорттары мен теміржол маңдайшаларындағы жазулар осылайша транслитерацияланған екен. Бүгінгі таңда жапон­дықтар үшін латын әліпбиі шет тілдерді үйренуде, компьютермен жұмыс істеуде таптырмас құралға айналған.
Түйіндейтін болсақ, Рахманқұл Бердібайдың «Кириллица әліпбиі біз үшін түбінде жарамсыз болып қалады» деген сөзі де ойдың озықтығының дәлелі.
 
Нұртөре ЖҮСІП
06 сәуір 2018 ж. 1 250 0